Accessibility links

Аралдан көтерілген тұз аймақ елдеріне тарады


Суы тартылған Арал теңізінің табанынан көтерілген "тұзды дауыл".

Арал теңізі жақтан тосыннан соққан тұзды дауыл онсыз да табиғаты қиын өңірдің тұрғындары мен ауыл шаруашылығына қауіп төндіретін экологиялық апат туралы ескерту жасағандай.

Түркіменстанның солтүстігіндегі Дашогуз аймағының тұрғындары қазір егіс алқабында. Егін салынған, бірақ өнім жинауға әлі ерте. Диқандар егіс алқабын қуратпай аман алып қалудың қамымен әлек.

Мамырдың 26-ы мен 27-сі күндері соққан қатты жел суы тартылған Арал теңізінің орнынан шаң мен тұзды көтеріп, Түркіменстанның солтүстігі мен шығысын, Өзбекстанның Бұхара, Хорезм, Науаи аймақтарын және Қарақалпақстан автономиялық республикасын басып қалды.

Дауылдан кейін түсірілген суреттерге қарасаң, көліктерді, жолдар мен өсімдік атаулыны аппақ қар басқандай әсер қалдырады. Бірақ бұл – қар емес, тұз. Кей жерде "жауған" тұздың қалдыңдығы 1 сантиметрге жетеді.

ВИДЕО: Түркіменстандағы тұзды боран

Тұзды боран Түркіменстанға жетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

Қарақалпақстанда тұратын 80 жастағы зейнеткер Темірбек бобо Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында өмірінде мұндайды көрмегенін айтты.

Мұндай тұзды дауыл бұл өңірде шынымен бұрын-соңды болмаған. Бір өкініштісі – бұл құбылыс алда тағы да қайталануы ықтимал.

ТҰЗДЫ ШАҢНАН КӨКӨНІСТІ ҚОЛМЕН ТАЗАРТУ

Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісінің айтуынша, Дашогуз аймағының басшылығы мамырдың 29-ы түскі үзіліс кезінде "мұғалімдер мен [басқа да] бюджет қызметкерлерін" егіс даласына шығарып, жеміс-жидек, бидай мен мақтаны басып қалған тұздан тазартқызған. Олар жапырақты жапқан тұзды сумен шайып жатқан көрінеді, ал бұл өсімдікті құтқарғанымен, тұз жерге сіңіп кетіп жатыр. Лебап аймағында да дәл осындай көрініс қайталанып жатса керек.

2016 жылдың күзінен бері Түркіменстанда негізгі азық-түлік өнімдерінің, әсіресе ұнның тапшылығы байқалады. Қазір бұл ел тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Сондықтан, елде аз болса да өнім алу үшін егістікті зарарсыздандыруға қаражат болмауы мүмкін. Бес аймақтың екеуі өнім бермей қалса, Түркіменстан үшін ең қиыны сол болмақ.

Ауыл іргесіндегі жолдың бойында жайылып жүрген түйе. Түркіменстан, мамыр, 2018 жыл.
Ауыл іргесіндегі жолдың бойында жайылып жүрген түйе. Түркіменстан, мамыр, 2018 жыл.

Бұл оқиғадан бұрын-ақ Дашогуздың жағдайы нашар еді. "Түркіменстанның балама жаңалықтары" вебсайты сәуірде жер бетіне тұз жиналып жатқанын хабарлаған. Бұл дауыл жағдайды одан сайын күрделілендіре түсті.

Ал Түркіменстан үкіметі мұндай дағдарыс кезінде "үндемеу" тактикасын қолданады. Бұл туралы айтуға болмайды. Дауылдың болғаны, оның зиянды салдары туралы ешқандай ресми ақпарат болған жоқ, үкімет сырттан да еш көмек сұрамады. (Ел басшылығы қазіргі кезеңді "Бақыт дәуірі" деп атаған. Бұл дәуірде нашар жаңалықтар айтылмайды, ал мұндай жаңалық жоқ деген – сырттан көмек сұраудың еш қажеттігі де жоқ деген сөз).

Қарақалпақстандағы тұзды боран соғып өткен жердегі көкөніс.
Қарақалпақстандағы тұзды боран соғып өткен жердегі көкөніс.

Дауылдың болғаны, оның зиянды салдары туралы ешқандай ресми ақпарат болған жоқ, үкімет сырттан да еш көмек сұрамады. (Ел басшылығы қазіргі кезеңді "Бақыт дәуірі" деп атаған. Бұл дәуірде нашар жаңалықтар айтылмайды, ал мұндай жаңалық жоқ деген – сырттан көмек сұраудың еш қажеттігі де жоқ деген сөз).

Және Түркіменстан басшылығы шаң мен тұз араласқан бұл дауыл үшін жауапкершілікті өзіне алады деуге келмейді.

Бұл – Түркіменстаннан солтүстікке қарай бірнеше жүз шақырым жерде, Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында орналасқан Арал теңізіндегі экологиялық апаттың салдарына ұқсайды.

КӨЛЕМІ ОН ЕСЕ КІШІРЕЙГЕН ТЕҢІЗ

Бұдан 75 жыл бұрын Арал әлемдегі төртінші ірі тұзды көл болатын. Қазір Арал тартылып, судың 10 пайыздайы ғана қалған. Сарқылудың бір себебі – Арал теңізіне құятын өзен суының шектен тыс пайдаланылуы. Көлдің орнында сілтілі топырақ пен тұз аралас бетпақ дала қалды.

Қазақстан теңіздің өз жақ бөлігін сарқылудан құтқарып қалды, ал Өзбекстан жағы әлі құрғап барады.

АҚШ ғарыш агенттігі (NASA) аппараты түсірген Арал теңізінің суреті. Сол жақтағы сурет 2008 жылы, оң жақтағысы - 2013 жылы түсірілген.
АҚШ ғарыш агенттігі (NASA) аппараты түсірген Арал теңізінің суреті. Сол жақтағы сурет 2008 жылы, оң жақтағысы - 2013 жылы түсірілген.

Орталық Азия мемлекеттері Арал теңізін құтқаруда жұмыла әрекет етеміз деп уәде берумен келеді. Соңғы рет биыл наурыздың 15-інде Астанада өткен Орталық Азия елдері саммитінде басшылар тағы да уағдаласты. Ал Арал кішірейген үстіне кішірейіп барады. Және ол – барлық бес республиканың ортақ қасіреті. Осы дауыл кезінде теңіз табанынан көтерілген тұз шығысқа қарай мың километр жерде жатқан Бішкекке дейін жеткен.

Фотогалерея. Арал құрғап барады (2014 жылы түсірілген суреттер):

Арал теңізінің көп бөлігі Қарақалпақстанда жатыр. Бұл өңір халқының көбі тыныс және асқорыту жолдары ауруларына шалдыққан, жұрттың көбі бұған экологиялық ахуал кінәлі дейді. Мұнда ана мен бала өлімі нормадан анағұрлым жоғары. Адам тұрғысыз жерге айналып бара жатқан өңірде мүмкіндік те азайып, көп психологиялық проблема тудырып жатыр.


Орталық Азияның біраз бөлігі Қарақалпақстанның кебін киюі ықтимал. Арал теңізінің сарқылуына қатысты еш шара қолданбаса, жағдайдың қандай болатынын осы дауыл дәлелдеді. Бұл аймақта жел қатты соғады, бірақ тұзды дауыл жиі бола бермейді. Табиғаттың бұл дүлей күші Арал апатының қауіпті кезеңінің басталғанын, шаңды дауыл тұзды жүздеген километр жерге дейін шашып жіберіп, адамзат пен өсімдік атаулыға кесапат әкелетінін көрсетті.

Сондықтан Дашогуз ұзақ күрестегі бірінші майданның басталғанынан хабар береді. Ол Қарақұм шөлінің солтүстік жағында жатыр. Бұл өңір жақсы күндерде-ақ қиындықты көп көретін. Суы тапшы, ауа температурасы қазірдің өзінде 40 градустан асып кеткен аймаққа тұз жауып, ол топыраққа сіңді. Бұдан өнім азайып, Түркіменстан халқы жапа шегетіні анық.

Қазір бұл Түркіменстанның мәселесі болып тұр. Бірақ күндердің күнінде ол бүкіл Орталық Азияның проблемасына айналары анық.

Бұл материалды жазуға Азаттық радиосының Өзбек және Түркімен қызметтері қатысты.

Блог авторының пікірі Азат Еуропа/Азаттық радиосының көзқарасын білдірмейді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG