Accessibility links

Ашғабат пен Ташкенттің қарым-қатынасы қалай өрбиді?


Ашғабатта азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)
Ашғабатта азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Түркіменстан мен Өзбекстан ондаған жылдар бойы байланысы берік көршілер болып келген. Бірақ жақында өзбек телернасының Түркіменстандағы дағдарыс жайлы репортаждары мен сол елдегі өзбек диаспорасы өкілінің алаңдаушылығы екі елдің арасындағы қарым-қатынас өзгеруі мүмкін екенін аңғартқандай болды.

ӨЗБЕК ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТОСЫН ХАБАРЫ

Жақында Өзбекстан мемлекеттік телеарнасы Түркіменстандағы азық-түлік тапшылығы туралы хабарлады. Содан бір күн бұрын ғана Түркіменстандағы мемлекеттік БАҚ ұзақ уақытқа созылған тапшылық туралы тіс жармай, керісінше, базарлар мен дүкендердегі "көл-көсір тамақ" туралы хабарлар таратқан.

Маусымның 20-сында Түркіменстан мемлекеттік телеарнасынан берілген репортажда журналист "[Дүкендердегі] толып тұрған сөрелер елде азық-түліктің шамадан тыс көптігінен хабар береді" деп хабарлады.

Маусымның 21-інде Өзбекстанның үш бірдей мемлекеттік теларнасы, соның ішінде "Яшлар" арнасы Түркіменстанның Дашогуз және Мары уәлаяттарында нанға ұзақ-сонар кезекке тұрғандар туралы репортаж берді. "Түркімен халқы ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр", – деді журналист.

"Яшлар" телеарнасын Түркіменстанның солтүстігінде көруге болады.


Азат Еуропа - Азаттық радиосының Түркімен қызметі (Азатлык) Түркіменстанда ең негізгі тауарлардың қат екені жайлы екі жылдан бері айтып келеді. Азық-түлік бар болып көрінгенімен Түркіменстан тұрғындарының көпшілігіне оның бағасы тым қымбат.

Бұрын мемлекет ұн, қант, сұйық май тәрізді негізгі азық-түлік түрлеріне субсидия беріп келген. Бірақ бұл ел соңғы кезде 27 жылдық тәуелсіз ғұмырындағы ең ауыр экономикалық дағдарысты басынан өткеріп жатыр.

Азаттықтың Түркімен қызметі жақында Мары уәләятында 45 келі тартатын бір қап ұнның 200 манатқа сатылып жатқанын хабарлаған (ресми бағам бойынша 3,5 манат 1 АҚШ долларына тең). Бұл – жұмысы бар адамдардың орташа айлық жалақысының он пайызына тең ақша. Кей есептер бойынша, Түркіменстандағы жұмыссыздық деңгейі 50 пайыздан асады.

Фотогалерея. Ашғабаттағы азық-түлікке кезек

Өзбекстан телеарнасының Түркіменстандағы проблемаларды ашып айтуына не түрткі болғаны белгісіз. 2006 жылдың соңында Гурбангулы Бердімұхаммедов Түркіменстан президенті болып сайланғаннан бері екі ел үкіметтерінің арасы тәуір болатын. 2016 жылғы қыркүйекте Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келгенге дейін Түркіменстан – Ташкенттің Орталық Азиядағы жақсы қарым-қатынас жасасқан жалғыз көршісі болған еді.

ӨЗБЕК ДИАСПОРАСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Өзбекстан телеарнасының репортажы эфирден берілгенге дейін Түркіменстанның Чаржоу ауданынан (қазір ресми түрде Түркіменабад деп аталады) этникалық өзбек тұрғын Азат Еуропа - Азаттық радиосының Өзбек қызметіне (Озодлик) хат жолдаған. Хат авторы түркімен түрмесіне түсуі әбден мүмкін болғандықтан, оның аты-жөні аталмайды.

Хат авторы "Түркіменстандағы ауыр экономикалық дағдарыс тіршіліктің барлық саласына әсер еткені" туралы жазған. Ол Түркіменстандағы азшылық ұлт өкілдері, әсіресе өзбектер "шенеуніктер кландарының түркімен еместерге қатысты ұстанған әсіре ұлтшыл идеологиялық күресі кесірінен" зардап шегіп жатыр дейді.

Ары қарай хатында ол: "... Егер бұрын олар қай тілде білім алып, қандай киім киетінімізді, қыздарымыздың бұрымын қалай өруді, ерлеріміздің қандай тақия киетінін біз үшін өздері шешкен болса..., енді шетелде оқып жатқан балаларымызға қанша ақша жіберуді және... қандай телеарналар көретінімізді де солар шешетін болды" деп жазған.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов (сол жақта) Өзбекстанның Түркіменстанмен шектесетін Хорезм облысында. Оң жақта тұрған – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. 24 сәуір 2018 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов (сол жақта) Өзбекстанның Түркіменстанмен шектесетін Хорезм облысында. Оң жақта тұрған – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. 24 сәуір 2018 жыл.

Автордың сөзінше, Түркіменстандағы өзбектер Бердімұхаммедовтің сәуір айындағы Өзбекстанға және оның Түркіменстанмен шекаралас аудандарына жасаған сапары бұл мәселелердің біразын шешуге жәрдемдеседі деп үміттеніпті. "Ештеңе істелген жоқ. Біз Түркіменстандағы өзбек бауырларының жағдайына көз жеткізуі үшін ресми Ташкентке даусымызды қалай жеткізуді білмей отырмыз", – дейді хат иесі.

Орталық Азиядағы Өзбекстанмен көршілес елдердің құтын қашыруы ықтимал бір жайт бар. Бұған дейін Өзбекстан үкіметі Орталық Азия елдеріндегі өзбек диаспорасына көп көңіл бөлмей келген. Қазақстаннан басқа елдердің барлығында өзбектер – ең ірі диаспора саналады. Тек Қазақстанда ғана олар саны бойынша орыстардан кейінгі екінші орында тұр. Түркіменстандағы өзбектерге қатысты нақты сенімді мәлімет жоқ, дегенмен олардың саны жалпы халықтың он пайызына жуық деген болжам бар. (Қырғызстан мен Тәжікстанда өзбектердің үлесі 15 пайызға таяу).

1991 жылы Орталық Азияның бес республикасы тәуелсіздік алған соң халқы ең көп ел – Өзбекстан шашырап жатқан қандастарымен тығыз байланыс орнатып, оларды қорғау үшін көршілерге қатысты қатаң саясат ұстана бастай ма деген қауіп болған. Орталық Азия мемлекеттерінің шекаралары толық анықталып біткен жоқ және өзбек диаспорасы өкілдері Өзбекстанмен шекараға жақын аймақтарға қоныстанған.

Өзбекстан мемлекеттік телеарнасы Түркіменстандағы өзбектердің жағдайы туралы әлі хабар берген жоқ. Бірақ олардың көрші елдегі экономикалық дағдарыс туралы айта бастауы – ешкім күтпеген жайт болды.

Мирзияев өзіне дейінгі президенттің жартылай оқшаулану саясатын өзгертіп, соның арқасында ел ішінде де, шетелге де танымал болып тұр. Болашақта халықтың қолдауы азайып, қиын жағдай туындаса, халықтың назарын басқаға бұратын және Өзбекстандағы өзбектерді біріктіретін фактор ретінде көрші елдердегі өзбектердің мәселесі алдыңғы кезекке шығуы ықтимал.

(Мақаланы дайындауға Азаттықтың Түркімен қызметі қатысты. Автордың көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG