Accessibility links

Каспийдегі порттар бәсекесі


Каспий теңізі жағасында жаңадан ашылған порт. Түркіменбашы қаласы, 2 мамыр 2018 жыл.
Каспий теңізі жағасында жаңадан ашылған порт. Түркіменбашы қаласы, 2 мамыр 2018 жыл.

Түркіменстан Каспий теңізі жағалауынан жаңа портын ашты. Бұл порт қазақстандық Ақтау және Құрық порттарына бәсекелес бола ала ма?

КАСПИЙДЕГІ ЖАҢА ПОРТ

Түркіменстан мамырдың 2-інде Каспий теңізінің жағалауындағы Түркіменбашы қаласында бір жарым миллиард доллар жұмсап, бес жыл бойы салған жаңа портын ашты.

Ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жаңа порт Еуропа, Таяу Шығыс және Азиямен сауда қатынасындағы маңызды теңіз торабы болады деп мәлімдеді.

Бұған "иә" деп те, "жоқ" деп те жауап беруге болады.
Жаңа порттың Түркіменстан үшін маңызды болатыны рас, себебі, бұл ел қазір жаңа сауда жолдарына қатты мұқтаж болып отыр.
Бірақ, ол көбіне Түркіменстанның экспорты және импортымен ғана шектеліп қалатын тәрізді, өйткені Каспий теңізінің шығыс жағалауында бәсеке қызып келеді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Түркіменбашыдағы жаңа порттың ашылу шарасында. 2 мамыр 2018 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Түркіменбашыдағы жаңа порттың ашылу шарасында. 2 мамыр 2018 жыл.

Түркіменстан өзін Еуразиядағы сауда жолдарының түйіскен жері деп атайды. Географиялық тұрғыдан бұл дұрыс та шығар, бірақ Ашғабаттың оқшаулану саясатының кесірінен бұл ел құрлықаралық сауда жолдарының ортасындағы бос кеңістікке айналған.

Тәуелсіздік алған ширек ғасыр уақыт ішінде Түркіменстан совет кезіндегідей емес, айналасындағы жұртпен томаға-тұйық қарым-қатынас ұстанды.

Ұзақ жылдар бойы Ашғабат газ экспортынан түскен табысқа арқа сүйеп келді. Газ құбыр арқылы тасымалданатындықтан, түркімен үкіметіне шекараларды жауып, оқшау отыра берген ыңғайлы болды. Әлемдегі газ бен мұнай бағасы бес жыл бұрынғы рекордты көрсеткіштен төмен құлдилағалы Түркіменстан экономикасы сыр бере бастаған. Азия даму банкі 2016 жылғы қыркүйекте "Түркіменстан экономикасы толық дерлік мұнай мен газға тәуелді, бұл өнімдер ел экспортының 85 пайызын құрайды" деп хабарлаған.

Мұндағы мәселе – түркімен жерінің 88 пайызы шөл дала, сондықтан бұл елдің сыртқа шығарар басқа өнімі де көп емес. Бірақ Түркіменстан мұнайы мен газын сатудың басқа жолдарын қарастырып жатыр.
Овадан-Депеде (мұнда Түркіменстанның атышулы түрмесі де орналасқан) газды дизель мен бензинге айналдыратын жаңа газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Оның үстіне химия зауыттары мен елдің екі мұнай өңдеу зауыты полиэтилен, полипропилен, күкірт және азот қышқылдарын, аммиак және басқа да өнім түрлерін шығарып отыр. Бұларды контейнерге салып теміржолмен не танкермен жөнелтуге болады.

Түркіменбашыдағы жаңа порттың инфрақұрылымы. 2 мамыр 2018 жыл.
Түркіменбашыдағы жаңа порттың инфрақұрылымы. 2 мамыр 2018 жыл.

Жаңа портта кеме жасау және оны жөндеу зауыты бар. Түркіменстан Ресейдің "Красное Сормово" кеме зауытынан танкер сатып алған (әрқайсысы бір мезетте алты түрлі мұнай өнімін тасымалдай алатын кемінде тоғыз кеме алды). Түркіменстанның бірнеше танкері Ресейдің Каспийдегі Махачқала портына, тағы біршамасы Бакуге мұнай жөнелтіп келеді. Сол жерде ол мұнай Баку – Махачқала – Новороссийск, Баку – Тбилиси – Жейхан құбырларына құйылады.

"Красное Сормово" танкерлерінің сыйымдылығы – 7100 тонна, ал Түркіменстанның жаңа порты толық операциялық мүмкіндігін пайланғанда 25 миллион тоннаға дейін өнім тасымалдамақ.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПОРТТАР

Қазақстанның Ақтау және Құрық порттарының кесірінен Түркіменбашы порты ешқашан толық мүмкіндігімен жұмыс істей алмайтын шығар. Қазақстанның Ақтау портында жаңа үш терминалдың соңғысы 2014 жылы іске қосылған, сөйтіп, порттың жылдық өткізу мүмкіндігі 19 миллион тоннаға жеткен. (Жақында Қазақстан үкіметі АҚШ-қа Ауғанстанға жөнелтетін тауарларды Ақтау арқылы тасымалдау туралы ұсыныс жасаған, бұл әлемдік БАҚ-та көп талқыланды).

Сонымен бірге Қазақстан Ақтаудан оңтүстікке қарай 60 километр жердегі Құрық портына да қаржы салып жатыр. Көбіне Қазақстанның Қашаған кенішінің мұнайын тасымалдайды делінген Құрық порты 2020 жылға қарай жылына 7 миллион тонна тауар жөнелту мүмкіндігіне ие болады деген жоспар бар. Оның үстіне, Қазақстан жаңа теміржолдар салып жатыр, оның кейбірі Қытаймен жалғастырады.

Құрық ауылының кіре берісіндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген билборд. 16 қыркүйек 2016 жыл.
Құрық ауылының кіре берісіндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген билборд. 16 қыркүйек 2016 жыл.

Өз тауарларын экспорттап, ішкі нарыққа қажет жүкті импорттаған соң Қазақстан мен Түркіменстандағы порттар "Бір белдеу – бір жол" жаһандық сауда желісі жобаснының аясында Қытайдан және басқа да Шығыс Азия елдерінен келіп-кететін тауарды тасымалдау үшін бәсекеге түседі.

Бір ерекшелігі – Қазақстан Қытаймен шектеседі, сондықтан бұл ел Қытай мен Еуропа арасында тауар тасымалдауда өз порттары маңызды рөл атқарады деп сенеді. Маңғыстау облыстық Транспорт және коммуникация басқармасы басшысының орынбасары Тұрбек Спанов 2017 жылғы қазанда Құрық порты "Қытайдан басталып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін, одан әрі Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузияны басып, Еуропа елдеріне жететін Еуразиядағы ең ірі транспорт дәлізі – Транскаспий халықаралық транспорт бағытының маңызды торабы болады" деп айтқан.

2014 жылдың соңында ашылған Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолы 2022 жылға қарай жылына 15 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдай бастамақ.

Батысқа жөнелтілген Қытай тауарлары қазір Ресейдің не Қазақстанның теміржолдары арқылы тасымалданып жатыр (Батыс Қытайдан Қырғызстан мен Өзбекстанға жол салу жобасы да қарастырылып келеді).

Ақтау теңіз портындағы терминал. 15 наурыз 2012 жыл.
Ақтау теңіз портындағы терминал. 15 наурыз 2012 жыл.

Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолына жету үшін Қытайдан шыққан пойыз Қазақстанның теміржол торабы арқылы жүріп өтіп, оңтүстікке бұрылуы керек.

Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолының Қазақстандағы терминалы Құрықтан шығысқа қарай 90 километр жердегі Өзенде орналасқан. Яғни, Шығыс Азиядан теміржолмен жіберілген тауар Түркіменстан мен Иранға тартылған теміржолға жетпес бұрын Ақтау мен Құрық порттары арқылы өтеді деген сөз.

КАСПИЙДІҢ АРҒЫ ЖАҒАСЫНДА

Каспий транспорт дәлізінің тағы бір бөлігі – Әзербайжанның Баку маңынан салған жаңа портын да ұмытпауымыз керек.

Алаттағы "Баку Халықаралық теңіз сауда порты" Бакудегі ескі порттың орнын алмастырмақ. 2017 жылы оның тауар өткізу мүмкіндігі 31 пайызға артып, жылына 4,4 миллион тоннаға жеткен болатын.

Алат портының бірінші кезеңі биыл аяқталып, оның тауар жөнелту мүмкіндігі жылына 15 миллион тоннаға артпақ. Ал құрылыстың екінші кезеңі біткенде ол жылына 25 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады.
Бакуден шыққан жүк теміржолмен Кавказ арқылы Түркия және Қара теңізге жөнелтіледі. 2017 жылғы қарашада Баку – Тбилиси – Карс теміржолы ашылғанда бұл салтанатқа Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлерінің, Түркіменстан делегациясының қатысуы бекер емес.

Ең жоғары мүмкіндігіне жеткен кезде бұл теміржол жылына 17 миллион тонна жүк тасымалдайды. Батысқа апарар жолдың үлкен мүмкіндіктерін түсінген Әзербайжан өзінің, Қазақстанның, Түркіменстанның, бәлкім тіпті Иранның тауарларын тасымалдауға ашық ниет білдіріп отыр.

Баку – Тбилиси – Карс теміржолын ашу шарасы. Солдан оңға қарай: Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Түркия президенті Режеп Ердоған, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили. Баку, 30 қазан 2017 жыл.
Баку – Тбилиси – Карс теміржолын ашу шарасы. Солдан оңға қарай: Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Түркия президенті Режеп Ердоған, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили. Баку, 30 қазан 2017 жыл.

Грузияның Қара теңіз жағалауына жеткізетін басқа теміржолдар да бар. Қара теңіз жағалауында Грузияның төрт порты бар, олардың екеуі сұйық жүк тасымалдауға лайықталған. Солардың бірі – Батумиде, оны Қазақстанның "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясы басқарады. Кулевидегі және бір портты Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы – SOCAR басқарады. Мұнда да Түркіменстан Каспийдегі басқа көршілерінен артта қалып қойған.

Теміржол желілері мен Түркіменстанның жаңа портына қатысты тағы бір мәселе бар. Президент Бердімұхамедов Өзбекстанға өзінің портын пайдалану жөнінде ұсыныс жасады. Бірақ, өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстанның ресми өкілдері, соның ішінде мемлекеттік теміржол компанияларының басшылары бірнеше мәрте кездесіп, өзбек тауарларын Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалдау жайын талқылаған болатын.

Түркіменстанның жаңа теңіз порты ел үшін өте пайдалы, бірақ ол өзіне жұмсалған 1,5 миллиард доллар шығынды қайтарғанша біраз уақыт өтетін тәрізді. Алайда, ол бір кездері "ғаламшардың күретамыры" деп әспеттелген Теджен – Серахс – Мешхед теміржолы және 2,5 миллиард доллар жұмсалған Ашғабат әуежайы тәрізді өзін-өзі ақтамаған қымбат жобалардың қатарына қосыла ма деген қауіп бар.

Блогты жазу барысында Азаттықтың Әзербайжан, Қазақ, Өзбек және Түркімен қызметтерінің материалдары пайдаланылды.

(Блог авторының пікірі Азат Еуропа/Азаттық радиосының көзқарасын білдірмейді.)

XS
SM
MD
LG