Accessibility links

TAPI газ құбыры желісі Ауғанстанға жетті


Түркіменстан мен Ауғанстан президенттері Гурбангулы Бердімұхамедов пен Ашраф Ғанидың суреттері бар биллборд ілінген бақылау-өткізу бекетінде адамдарды тексеріп тұрған ауған қауіпсіздік күштері қызметкерлері. Герат, Ауғанстан, 22 ақпан 2018 жыл

Түркімен газын Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістанға жеткізеді деп межеленген TAPI жобасының Ауғанстан бөлігіндегі құрылысының басталуына Талибан қозғалысы да оң қабақ танытты. Алайда құбыр жолының негізгі бөлігі мазасыз аймақтан өтпек.

Ақпанның 23-інде TAPI атымен белгілі болған Түркіменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан газ құбырының ауған жеріндегі құрылысы басталды. Түркіменстанның ең ірі Галкыныш газ кенішінен жеткізілетін құбырдың түрікмен-ауған шекарасына дейінгі 244 километрлік бөлігі тартылып болып, құрылыс алаңы Ауғанстанға көшті.

Жалпы ұзындығы 1814 километр деп есептелген жобаның ең ауқымды бөлігі де осы ауған жерімен өткізілмек. Ауғанстан бөлігіндегі құрылыстың ұзындығы 735 километрді құрайды. Одан кейін құбыр Пәкістан мен Үндістанды жалғастыруы тиіс.

ТҮРКІМЕНСТАННЫҢ ҰПАЙЫ

Құрылысы 2015 жылы басталған TAPI газ құбыры желісі жобасының Ауғанстан жеріне өтуіне байланысты ақпанның 23-і күні Ауғанстанның Герат уәлаятында өткен арнайы шараға Ауғанстан президенті Мұхаммад Ашраф Ғани, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Пәкістан премьер-министрі Шахид Хақан Аббаси және Үндістан сыртқы істер министрі Мошар Жавад Акбар қатысты.

TAPI құбыр желісі ашылу рәсіміне қатысушылар (солдан оңға қарай): Үндістан сыртқы істер министрі Мошар Жавад Акбар, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани және Пәкістан премьер-министрі Шахид Хақан Аббаси. Герат, Ауғанстан, 23 ақпан 2018 жыл
TAPI құбыр желісі ашылу рәсіміне қатысушылар (солдан оңға қарай): Үндістан сыртқы істер министрі Мошар Жавад Акбар, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани және Пәкістан премьер-министрі Шахид Хақан Аббаси. Герат, Ауғанстан, 23 ақпан 2018 жыл

Болашақта транспорттық-логистикалық тұрғыдан тоғыз жолдың торабына айналады деп межеленген Герат уәлаятындағы рәсімде Ауғанстан басшысы осы жоба арқылы Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасы жалғасқанына мән беріп, жобаның алдағы уақытта ауғандықтар "дастарханын да өзгерте алатынын" айтты. Түркіменстан президенті түркімен-ауған ынтымақтастығына мән берсе, Пәкістан премьері өз елінің де жобаға барынша мүдделі екенін жеткізді. Тек Үндістан сыртқы істер министрі құрылыстың кейбір кезеңде "томпақ тұстары" да болуы мүмкін екенін, сондайда террористермен күрестің маңызды болып қалатынын еске салды.

Түркіменстанда 2013 жылдан бастап игеріле бастаған Галкыныш ірі газ кенішін сарапшылар Қазақстанның Қашаған кенішімен салыстырып жатады. 14 триллион текше метрге дейін газ қорына ие деп болжанған бұл алып кеніштен табиғи газ тасымалдайтын Өзбекстан, Қазақстан арқылы өтетін Түркіменстан-Қытай құбыр желісі жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары Түркіменстанның Ресей және Иранмен газ саудасында қиындықтар туындаған. Осы жағдайда Қытай ең ірі базар ретінде қарастырылады. Ендігіде Ауғанстан, Пәкістан және халқының саны жағынан Қытайдан кейін екінші орын алатын Үндістанға газ жеткізе алатын болса, Түркіменстанның ұпайы түгенделе түскен болар еді.

НЕ КЕДЕРГІ?

Жобаның екі миллиард доллардай шығынын құбыр желісі бойындағы елдерден басқа Азия даму банкі бөлісіп көтеріп отыр. TAPI газ құбырының жылдық өткізу қуаты 33 миллиард текше метрге жетеді деп жоспарланған. Құны 10 миллиард АҚШ доллары болатын құбыр желісі аймақтағы энергия шикізаты тапшылығын азайтып, Оңтүстік Азиядағы шиеленісті бәсеңсітеді деп айтылғанымен, оған әзір ешкім де кепілдік берген жоқ. Жеткілікті қаржыландырылмаған жобаның Ауғанстаннан әрі ұзап шығуына күмән ұялататын мынаай да жағдай байқалып отыр.

TAPI газ құбыры желісі жобасының Ауғанстанға жетуіне арналған шараға дайындық. Герат, 20 ақпан 2018 жыл
TAPI газ құбыры желісі жобасының Ауғанстанға жетуіне арналған шараға дайындық. Герат, 20 ақпан 2018 жыл

Соңғы жылдары қайтадан бас көтерген Талибан қозғалысы бұған дейін Ауғанстанға жеткен транспорттық жобалардың шекаралық аймақтармен шектелуіне себепші болған. Мәселен, Өзбекстан, Түркіменстан және Ираннан Ауғанстанға қарай төселген темір жол желісінің құрылысы Ауғанстанның шеткі уәлаяттарында ғана жалғасып, одан әрі ұзамай жатыр.

Оның үстіне, TAPI жобасы Иран – Пәкістан – Үндістан газ құбырына бәсекелес құрылыс. Иран санкцияға ұшыраған жылдары бұдан бас тартуға мәжбүр болғанымен, соңғы күндері оны қолға алу жайы қайтадан айтыла бастаған. Ираннан Үндістанға тартылатын газ құбырының ұзындығы 2775 километр болғанымен оның бастапқы құны жеті миллиард доллар деп шамаланған.

БОЛЫМДЫ БОЛҒАНЫМЕН, ТОЛЫМСЫЗ ЖОБА

Түркіменстан өз газын экспорттауда екі жобаны көздеп келеді. Оның бірі осы ТАРІ жобасы болса, екіншісі – Каспий теңізінің түбінен тартылуы мүмкін ТрансКаспий құбыр жобасы. Оған теңіздің құқықтық мәртебесінің айқындалмауы және Иран мен Ресейдің су түбінен тартылатын жобаға қарсылығы кедергі жасап келеді. Сондықтан оны таяу арада өміршең болатын жоба деп айту қиын.

Түркімен газын Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үндістанға жеткізуге арналған TAPI құбыр желісінің картасы
Түркімен газын Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үндістанға жеткізуге арналған TAPI құбыр желісінің картасы

Осыны ескергенде Түркіменстан ТАРІ жобасының тоқтап қалмай жалғасарына сенгісі келеді. Оған тек Түркіменстан ғана емес, Орталық Азиядағы тағы бір ел – Өзбекстан да мүдделі.

Былтыр Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Түркіменстанға сапары барысында Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ құбыры жобасына да Ташкент те қосылатын болып келісілген. Сол жолы Түркіменстанның Каспий теңізіндегі мұнай және газ кеніштерін игеруге "Узбекнефтегаз" компаниясының да қатысатыны туралы келісімге қол қойылған.

ТАРІ ЖӘНЕ ТАЛИБАН

ТАРІ жобасын Талибан қозғалысы да қолдап отыр. 2015 жылы жоба басталғанда да оны қолдайтындығын білдірген талибандықтар 23 ақпанда арнайы мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемеде Талибан жобаның өндірістік, экономикалық қырына мән беріп, оның жүзеге асуына өздерін де жауапты сезінетіндігін білдірген. Талибан әрі-беріден соң, 1990-жылдардағы Ауғанстандағы жағдайға меңзеп, жобаны кезіндегі өздерінің "бастамасы" ретінде көрсетуге тырысқан.

"Талибан билігі құлаған соң кейінге ысырылған" бұл жобаны жүзеге асырушыларды қазіргі Талибан ынтымақтастыққа шақырып отыр. Олар бұл жобаның жүзеге асуына АҚШ кедергі жасауы мүмкін деп күдіктенеді. ТАРІ құбыр желісі Ауғанстанның Герат, Фарах, Нимруз, Гильменд, Кандагар уәлаяттары аумағынан өтеді. Ондағы кей аудандар Талибан бақылауында қалып отыр. Құбыр желісі өтетін аудандарда Ауғанстан күштері мен Талибан арасында қақтығыстар жиі болып тұрады.

"Талибан" қозғалысының бұрынғы мүшелері бітімге келу рәсімінде қаруларын тапсырып тұр. Герат, Ауғанстан, 21 ақпан 2018 жыл
"Талибан" қозғалысының бұрынғы мүшелері бітімге келу рәсімінде қаруларын тапсырып тұр. Герат, Ауғанстан, 21 ақпан 2018 жыл

Ал жобаның Ауғанстан жеріне өткені хабарланып жатқанда, Талибан жасағы басшыларының бірі Мұхаммад Аюп Әлизаи мүлде басқаша мәлімет таратты. Ол осы құбыр желісін құрту үшін өздеріне Иран қолдау білдіріп отырғанын айтқан. Сол сәт Иранның Гераттағы бас консулы Махмуд Афхами бұл мәліметті дереу жоққа шығарып, өз елінің ТАРІ жобасын қолдайтындығын жариялаған. Алайда ресми Тегеран әзірше жобаға қатысты позициясын білдірген жоқ.

ТАРІ жобасын салу мәселесі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері айтылып жүргенімен, құрылыс жүргізу туралы келісімдерге 2010 жылдан бастап қол қойылды. Осы жобаның аясында тек газ құбыры ғана емес, коммуникация үшін оптикалық талшықты кабель желісі және жоғары кернеулі электр желісі қоса жүргізілмек. 2020 жылы құрылысын аяқтау көзделген жобадан Ауғанстанға 400-500 миллион доллар жылдық кіріс түседі деп есептеледі.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG