Accessibility links

Иран Түркіменстанға газ алмасу келісімін ұсынды


Ауғанстан, Пәкістан мен Түркіменстан жетекшілері TAPI газ құбырының жобасын бекіту салтанатына қатысып тұр. Мари, 15 желтоқсан 2015 жыл. Көрнекі сурет

Иранның мұнай вице-министрі Ашғабаттың Түркіменстан–Ауғанстан–Пәкістан–Үндістан газ құбырын салуға қаржы таба алатынына күмән келтірді. Есесіне ол Түркіменстан мен Пәкістанға газ алмасу келісімін ұсынды.

Иран Түркіменстанға тосын ұсыныс жасады, Ашғабаттың ресми өкілдеріне бұл ұсыныстан бас тарту қиын болмақ.

Иранның ұлттық мұнай компаниясының басшысы Хамид Реза Араги сәуірдің 29-ында түркімен газын Пәкістанға жөнелтуге жол ашатын газ алмасу шартын әзірлегенін айтты.

Түркіменстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі ең ауыр экономикалық дағдарыстан зиян шегіп отыр, сондықтан Ашғабад басты шикізат экспорты – газды сыртқа шығарудың жаңа жолдарын жанталаса іздеп жатыр.

Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов газ экспортын ұлғайтып, табыс көзін молайтудың бірден-бір мүмкіндігі ретінде биыл ауған шекарасынан асқан Түркіменстан–Ауғанстан–Пәкістан–Үндістан (TAPI) газ құбырына зор үміт артады.

Бірақ 33 миллиард кубометр газ тасымалдауы тиіс TAPI жобасын жүзеге асыру әлі де күмәнді болып тұр, себебі оның 744 километрі ауған жері арқылы өтеді, соңғы жылдары бұл аймақта үкімет күштері мен қарулы жасақ арасында атыс көбейген.

TAPI-дың ауған бөлігіне қатысты күдік-күмәннің кесірінен 10 миллиард долларлық жобаға инвестор табу қиындап тұр.

- TAPI ең жақсы дегенде он жылда салынуы мүмкін, бірақ жобаның қауіпсіздігіне және қаржыландырылуына кім жауап беретіні әлі белгісіз... Біз аз уақытта, анағұрлым аз шығынмен [газ] алмасу жобасын ұсына аламыз, – деді Араги.

Араги түркімен газын қанша мөлшерде қабылдайтынын айтқан жоқ, сонда да Иран бағыты – ең жылдам жүзеге асатын жоба болуы әбден мүмкін.

"БЕЙБІТШІЛІК ҚҰБЫРЫ"

Иран 1900 шақырымдық "Бейбітшілік құбыры" жобасының өз бөлігін салып бітіріп қойған. Бұл құбыр Иранның жағалаудағы Оңтүстік Парс кенішінен алынған газды Пәкістанға, одан әрі Үндістанға жеткізеді.

"Бейбітшілік құбыры" – TAPI-мен бәсекелес жоба. Екі жоба да 1990 жылдардың ортасында пісіп-жетіліп, әртүрлі себептермен кейінге қалдырылып келген.

"Бейбітшілік құбыры" бойынша, АҚШ Пәкістанды Ираннан газ сатып алмауға көндірген.

Бірақ, Иран бәрібір райынан қайтпай, құбырдың өз аумағындағы бөлігін салып тастады. Демек Арагидің "Иранмен газ алмасу жөнінде шарт жасасу – Пәкістанға газ сатқысы келетін Түркіменстан үшін ең жылдам жол" дегені шындыққа жанасады.

"Бейбітшілік құбыры" іске қосылған тұста Пәкістанға жылына 22 миллиард текшеметр газ жөнелте алады, кейіннен оның сыйымдылығын 55 миллиард текшеметрге жеткізуге болады.

Араги түркіменнің қанша газын қабылдай алатынын айтқан жоқ, бірақ Түркіменстандағы экономикалық ахуалдың қиын екенін ескерсек, Ашғабат не болса да, көнуге әзір сияқты.

Қазір Түркіменстан тек Қытайға газ экспорттайды. Жылына 30 миллиард текшеметр болатын бұл газдың ақысы көбіне газ кеніштерін игеруге және Түркіменстан–Қытай құбырын салуға Пекиннен алған миллиардтаған доллар несиені жабуға жұмсалып жатыр.

TAPI газ құбырының картасы
TAPI газ құбырының картасы

Түркіменстан 2016 жылдың басында ірі тұтынушысы – Ресейден, бір жыл өткен соң 2007-08 жылғы қыста берген газдың ақшасын талап етем деп тағы бір тұтынушысы – Ираннан айырылып қалған. Иран "Ашғабат аязды қыста газ бағасын мың текшеметрге 40 доллардан 360 долларға дейін қымбаттатып жіберді" деп, ақысын төлеуден бас тартқандықтан, түркімен жағы солүстік Иранға баратын газ құбырын жауып тастаған.

Дегенмен, Тегеран Түркіменстан мен Әзербайжан арасындағы газ алмасуда делдал қызметін атқаруға келіскен. Түркіменстан газдың белгілі бір мөлшерін солтүстік Иранға жеткізсе, Иран сол көлемдегі газды Әзербайжанға берген. Армения да осындай келісімнен үміт етіп отыр.

Бұл газ алмасу келісімдері бір кездері 40 миллиард текшеметрге дейін газ алып отырған Ресейдің және 6-8 миллиард текшеметр отын тұтынып келген Иранның орнын баса алмайды. Тегеран да, Ашғабат та қарыз дауын шешуге дайын емес. Түркіменстанның солтүстік Иранға тартылған жалпы сыйымдылығы 20 миллиард текшеметрлік екі бірдей газ құбыры көбіне бос жатыр.

Сондықтан Иранның жаңа ұсынысы түркімен үкіметін қызықтыратыны анық, бірақ Ашғабат Пәкістанға газ жеткізуге қолайлы бұл газ алмасу шартымен келіссе, онда TAPI жобасының болашағы тіпті бұлыңғыр болып кететінін түсінуі керек.

НЕГІЗГІ СЕБЕП

Иранның бұл ұсынысы жай ғана жомарттық емес сияқты. Былтыр түркімендер Түркияны қатыстырып газ алмасу жобасын ұсынғанда, Араги: "Біз бақталас елдің газын Түркияға алмасу операциялары бойынша сатуға қарсымыз" деген еді.

АҚШ Иранмен арадағы Тегеран бюджетіне табыс түсіретін жобаларға қарсы, бірақ Вашингтон Қазақстанның және Түркіменстанның Иранмен жасасқан газ алмасу келісіміне наразылық білдірген жоқ, себебі мұнда негізгі табыс Иранның қазынасына түспейді.

Пәкістанға газды "біздікі емес, түркімендікі" деп сату арқылы Иран Исламабадты "Бейбітшілік құбырының" пәкістандық бөлігін салып бітіруге көндіргісі келетін сыңайлы.

Көре отырыңыз: Ауғанстан TAPI жобасының бөлігін салып бітіре ала ма? (6-минуттан бастап)
Жаһан жаңалықтары. Апта 23.02.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:21 0:00

Алдағы он жылда құбырмен қай елдің газы келетіні – басқа мәселе, әйтеуір Пәкістан таза Иранның отыны келіп жатса, өзі қыжалат болып отырған газ құбырын жауып тастай қоймас.

Арагидің сәуірдің 29-ындағы мәлімдемесі – Түркіменстанға алғаш рет ресми түрде жасалған ұсыныс. Бірақ ол сөз арасында мұндай ұсыныстың бұрын да болғанын айтып қалды.

- Біз Түркіменстан газын Пәкістанға экспорттауға дайын екенімізді Ашғабатқа бұрын да айтқанбыз, бірақ олардан әлі жауап болған жоқ, – деді Арақи.

Демек Иран президенті наурыздың соңында Ашғабатқа барғанда бұл ұсыныстың жай-жапсары талқыланған болуы мүмкін. Ендігі сұрақ: Түркіменстан TAPI жобасының болашағына қаншалықты сенеді?

Бердімұхаммедов TAPI жобасы 2019 жылдың соңына дейін бітуі керек деген, бірақ бұған сенетіндер некен-саяқ. Түркіменстанға қазір ақша керек сияқты, ал Иранмен арадағы бұл келісім арқылы Ашғабат таяу арада табыс табудан дәмелі. Дегенмен бұл TAPI жобасының болашағына күмән келтіретін әрекет болмақ, себебі Иран құбыры Пәкістанға, одан әрі Үндістанға өтсе, онда бұл екі ел TAPI-ге онша қызықпай қалуы ықтимал.

Бұл блогта айтылған пікірлер Азат Еуропа/ Азаттық Радиосының пікірін білдірмеуі мүмкін. Ағылшын тілінен тәржімәлаған – Мұхтар Екей.

AzattyqTV

Жаңаөзеннің жазылмаған жарасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00
Қайрат Досмағамбетов

Жаңаөзеннің жазылмаған жарасы

XS
SM
MD
LG