Accessibility links

Мирзияев, Ақ үй және адам құқығы


Трамп пен Мирзияевтің кездесуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

Видео: Трамп пен Мирзияевтің кездесуі.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АҚШ-қа сапарын "тарихи оқиға" деп атап, екі ел арасында бес миллиард доллардың келісімі жасалғанын айтты.

Мамырдың 16-сы күні Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев кездесті. Ақ үйдің хабарлауынша, Мирзияев сапары кезінде "Өзбекстанда адам құқығы бойынша осы уақытқа дейін жасалған істерінде шегіну болмайды" деп мәлімдеді.

"БЕС ЖЫЛДЫҚ СТРАТЕГИЯ"

Ақ үй бұл кездесуді "екі ел арасындағы байланыстың жаңа кезеңі" деп атады. Трамп кездесу кезінде "Өзбекстан билігіне Мирзияев келгелі жасалып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы үлкен қадамдарды атап өткен".

"Президент Трамп Өзбекстан президенті Мирзияевке Өзбекстандағы адам құқықтарын жақсарту үшін, оның ішінде саяси тұтқындарды босату, балалар еңбегін қанауды және міндетінен тыс жұмысқа жегуді тоқтату үшін жасап жатқан жұмыстарына алғыс айтты. Өзбекстандағы реформалар екі ел арасындағы экономикалық, саяси және қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасты жаңғыртуға септігін тигізді. Кездесу кезінде Мирзияев елдегі дін бостандығын қалыптастыру үшін жол картасын енгізуге ниетті екенін айтты" деп жазылған Ақ үй мәлімдемесінде.

Дональд Трамп пен Шавкат Мирзияев. Вашингтон, 17 мамыр 2018 жыл.
Дональд Трамп пен Шавкат Мирзияев. Вашингтон, 17 мамыр 2018 жыл.

Ақ үйдің хабарлауынша, Мирзияев АҚШ-қа сапары кезінде "билік әрқашан халықтың мүддесін бірінші орынға қою керектігін" айтқан. Өзбекстан президенті Ақ үйде сот реформасын реттейтін, заң үстемділігін арттыратын, ел экономикасын дамытатын, биліктің ашықтығын қамтамасыз ететін "бес жылдық стратегия" жасау жоспарын айтқан.

Мирзияев Ақ үйге сапары кезінде Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруге тырысатынын жеткізген. Ал Трамп АҚШ Өзбекстанның сауда ұйымына кіруі үшін ДСҰ-ның стандарттары жағынан техникалық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.

ҚОЛДАУ

Кездесу алдында Ақ үйдің ресми өкілдерінің бірі Азаттыққа "Мирзияевтің АҚШ-қа сапары - жаңа мүмкіндіктерге ашылған терезе" деп атаған.

Ашықтықты және өзгерісті қолдауға дайынбыз. Алдағы уақытта Өзбекстан Орталық Азияның басқа елдеріне үлгі болады деп үміттенеміз

"Әлемнің бұл бөлігіне көп назар ауа бермейді. Сондықтан билікпен жұмыс істеп, жасалып жатқан оң қадамдарға қолдау көрсету маңызды. АҚШ бұл реформаларды қолдап, оның тез жүзеге асуына көмектессе, оң нәтижелер де жылдам болады. Егер АҚШ қолдау көрсетпесе, бұл жаңа мүмкіндіктер терезесі жабылып, Өзбекстан Каримов кезеңіне қайта оралуы мүмкін. Ашықтықты және өзгерісті қолдауға дайынбыз. Алдағы уақытта Өзбекстан Орталық Азияның басқа елдеріне үлгі болады деп үміттенеміз" деді Ақ үй өкілі.

Оқи отырыңыз: Өзбекстандағы өзгерістер "жылымықты" білдіре ме?

Мирзияевтің АҚШ-қа сапары алдында Ташкент Өзбекстанда және елден тысқары жерлерде еңбек мигранттарының құқығын қорғаумен айналысқан белсенді Фахриддин Тилляевті түрмеден босатты. Тилляев 2014 жылы "адам саудалады" деген айыппен 11 жылға сотталған еді. Белсенді бұл істе "саяси астар бар" деген.

Өзбекстанда 2016 жылы президент Ислам Каримов қайтыс болып, орнына Шавкат Мирзияев келгелі бірнеше саяси тұтқын бостандыққа шығып, шетте кеткендер елге орала бастады. Өзбекстан президенті елге шетелдік инвесторларды тартып, "тұралап қалған ел экономикасын дамыту үшін" бірнеше реформа қабылдады.

Адам құқығы жөніндегі халықаралық Human Rights Watch ұйымы наурыздың 24-і күні жариялаған есебінде Өзбекстанда елдегі жағдайды сынағандар, саяси тұтқындар мен журналистердің біразы әлі қамауда отырғанын жазған.

Халықаралық Amnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымы АҚШ президенті Дональд Трампты Өзбекстан басшысымен болатын кездесуде адам құқығына қатысты реформаларды жалғастырып, тереңдету туралы үгіттеуге шақырған.

Трамп пен Мирзяев ең алғаш рет 2017 жылы мамыр айында Эр-Риядта өткен араб-мұсылман елдері және АҚШ арасындағы саммит барысында кездескен.

Оқи отырыңыз: Назарбаев пен Трамп қауіпсіздікті көп айтты

Мирзяев өткен жылы күзде Нью-Йоркке сапарында бірқатар американдық компаниялармен кездесіп, екіжақты бизнес-форумға қатысқан. Форумның нәтижесінде АҚШ компанияларымен жалпы құны 2,6 миллиард доллар болатын мұнай-газ, мұнай-химия, машина құрылыс, электротехника өнеркәсібі және азаматтық авиация саласына қатысты құжаттарға қол қойылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG