Accessibility links

Түркіменстанда "артық" ұнды тәркілеу жайлы сөз тарады


Супермаркеттегі нан өнімдері. Ашғабат, 21 қараша 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Түркіменстанның солтүстігіндегі ауыл халқы жергілікті билік "азық-түлік тапшылығына байланысты тұрғындардағы артық ұнды тәркілеуді жоспарлап жатыр" дейді.

Түркіменстанда азық-түліктің жағдайы қиындағанда билік те шектен тыс әрекеттерге барудан басқа амал таппай отырған тәрізді. Елдің солтүстігіндегі ауыл тұрғындары жергілікті билік "азық-түлік тапшылығына байланысты халықтың қолындағы артық ұнды тәркілеуді жоспарлап жатыр" дейді.

Дашогуз аймағы тұрғындарының Азаттыққа айтуына қарағанда, жергілікті билік өкілдері үйлерге рейд жүргізіп, "қажетті мөлшерден артық" жиналған ұнды тәркілеуі мүмкін екендерін ескерткен.

"Олар жағдайы жақсы деген үйлерді тексеріп, басшылықтың есептеуінше белгілі бір кезеңге отбасы мүшелерінің қажеттілігінен артық деп санайтын ұнды тәркілеуді ойластырып жатқан сияқты", - деді Дашогуз аймағы Рухибелент ауданының тұрғыны ақпанның 12-сіндегі сұхбатында.

Репрессиялық мемлекетте үкіметке қарсы пікір айтқандары үшін жазаланудан қорыққан тұрғындар аты-жөндерін жарияламауды сұрайды. Ауыл тұрғынының айтуынша, үйлерді тексеретін арнайы комиссия құрылған және халыққа "ұндарыңыз тәркіленуі мүмкін" деп ескерту жасалған.

ҰН САТАТЫН ҮЙЛЕРДІ ТЕКСЕРУ

Рухибеленттің тағы бір тұрғыны тексерістің болатыны туралы хабардың берілгенін растады. Бірақ бұл рейдтің қашан ұйымдастырылатыны анық емес. Тіпті оның болатын-болмайтыны да белгісіз.

Дашогуз облысында нан алу үшін кезекте тұрған адамдар. Түркіменстан, ақпан, 2018 жыл.
Дашогуз облысында нан алу үшін кезекте тұрған адамдар. Түркіменстан, ақпан, 2018 жыл.

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің ресми орындарға жіберген сауалдарына әлі жауап келген жоқ. Әдетте Түркіменстанның ресми басшылығы тәуелсіз және шетелдік ақпарат құралдарына сұхбат беруден тартынады, ал жергілікті ақпарат құралдарының барлығы мемлекет бақылауында.

Дашогуздың Болдумсаз және Кенеургенч аймақтарында билік өкілдері ұн сатумен айналысады деп күдіктенген бірнеше үйге кіріп, тексеру жүргізген. Мұны Азаттыққа жергілікті тұрғындар айтты.

- Өткен аптада билік өкілдері үйлерінде ұн сатқандардың үстінен қылмыстық іс қозғалатынын ескерткен, - деді ауыл тұрғыны.

Оқи отырыңыз: Түркіменстанда тағы қайталанған тапшылық​

НАН БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАДЫ

"Түркіменстанда ұн тапшылығы басталды" деген ақпар былтыр желтоқсанда шыққан. Соның кесірінен нан мен басқа да азық-түлік өнімдерінің бағасы аспандап кетті.

Чурек нанының бағасы қыстың басында 1 манаттан ($0,29) 1,40 манатқа дейін қымбаттады.

Батыстағы Балқан және оңтүстік-орталықтағы Мары аймақтарында салмағы 500 грамм тартатын басқа да нан өнімдерінің бағасы 1 манаттан 1,50 манатқа дейін өскен.

Аты-жөндерін атамауды өтінген бірнеше тұрғын бүкіл ел аумағындағы мемлекеттік дүкендерден ұнның мүлде жоғалып кеткенін айтты.

Ашғабаттағы супермаркетте ұн өлшеп тұрған әйел.
Ашғабаттағы супермаркетте ұн өлшеп тұрған әйел.

Оның үстіне Дашогуз полициясы адамдардың азық-түлік дүкендерінде нан мен ұн алуға кезекке тұруына да шек қойып жатқаны туралы Азаттыққа ауыл тұрғындары айтып берді. Полиция қызметкерлері "телефон нөмірлеріңді қалдырып кете беріңдер, ұн келгенде дүкендегілер өздері қоңырау шалады" деген уәжбен тұрғындарды үйлеріне қайтарған.

Авторитарлық елде үкіметке наразылық білдіру әрекеттері мүлде жоқ деуге болады. Соған қарамастан, халық жергілікті үкімет мекемелеріне жиналып, ұн тапшылығына шағымданып жатыр. Мұны Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөзі айтты.

Халықтың наразылығын басу үшін билік өкілдері, имамдар және ақсақалдар жұртпен тілдесіп жатқан көрінеді.

ҰН ТАПШЫЛЫҒЫ

Дашогуз жұрты өздерінде тапшы ұнды көрші Өзбекстаннан сатып ала бастаған.

- Олар ұнды шекараның ар жағынан әкеле бастады, себебі көп адамның үйінде жейтін тамақ жоқ, нан жоқ, - дейді жергілікті тұрғын.

Көршілес Лебап облысында ұн бағасы Түркіменабаттағыдан екі есе қымбаттаған дейді жергілікті тұрғындар.

Түркіменабатта 50 келілік бір қап ұнның бағасы 23-29 АҚШ доллары аралығында болса, Лебап аймағының Керкичи және Магданлы қалаларында дәл осындай ұнның бағасы 57 долларға дейін жетеді дейді тұрғындар. Керки қаласында бір қап ұн 34 доллар тұрады.

Полиция Түркіменабат пен Керкиден шығатын жолдарда арзан ұнды Лебап аймағындағы өз ауылдарына әкетіп бара жатқан тұрғындардың көліктерін тоқтатып жатыр.

Полиция қызметкерлері ұн табылған көлік иелерінен 7 долларға дейін пара талап ететіні туралы Азаттыққа Лебап аймағының бір тұрғыны айтты.

- Полицейлер ақша бергісі келмегендерді "ұныңды тәркілеймін" деп қорқытады, - деді ол.

Пара бермегендерді полиция бөлімшесіне апарып, "қоғамдық тәртіпті бұзғаны" және "полиция қызметкеріне бағынбағаны" үшін айыппұл салады екен. Мары және оңтүстіктегі Ахал аймақтарында да өткен жылдың соңынан бері ұн тапшы деген ақпарат бар.

Соңғы екі жылда Түркіменстанда азық-түлік бағасы қымбаттап, негізгі азық-түлік түрлері қат болып тұр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG