Accessibility links

"Нан-пұлын табуға келген" өзбекстандық терімшілер


Жинаған мақтасын көтеріп келе жатқан өзбек әйелі. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

Түркістан облысында мақта теру науқаны басталғанда шаруалар Өзбекстаннан терімшілерді шақырады. Азаттық тілшісі алқапта жүрген терімшілердің бір күндік жұмысын көріп, тілдесіп қайтты.

"БІР АДАМ 130 КЕЛІ ТЕРЕДІ"

Жаңадан құрылған Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласы Шымкенттен үш сағаттық жерде орналасқан. Қалаға жеткен соң такси жүргізушілерінен "қай ауылдың шаруалары Өзбекстаннан терімшілер шақырғанын" сұрадық. Үш-төрт жүргізуші бірнеше шаруаның атын атап, Қарақай ауылына жол сілтеді.

Қарақайға жақындай бере тоқтаған такси жүргізушісі "мына жерде өзбектер мақта теріп жатыр" деп, жол сілтеді.

Мақта алқабында шамамен жиырма шақты терімші жүр. Мақта сирек, алқаптың біраз бөлігіне мақта шықпай қалған.

Мақта теріп жүрген өзбек әйелі. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2 қазан 2018 жыл
Мақта теріп жүрген өзбек әйелі. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2 қазан 2018 жыл

Жердің иесі Тұрсынбай Тағаевтың айтуынша, 9 гектар жерден ары кетсе 7 тонна мақта жиналады. Жер сор, түп мақта аз. Бойы төмен болғандықтан мақта алқабы комбайн салуға жарамайды. Өзбекстаннан келген 17 терімші күніне 2 тоннадан аса мақта жинайды.

- Ауылда терімші аз. Бар адамның өзі мақтаның келісін 35-40 теңгеден теріп жатыр. Өзбекстаннан келген терімшілерге алдын-ала кезекке тұрдық. Бір адам күніне орташа есеппен 130 келі мақта тереді. Келісіне 25 теңгеден төлейміз. Жататын орны, күндігіне үш мезгіл тамағы біздің есебімізден, - дейді шаруа.

Мақта теріп жүрген өзбекстандықтар. Түркістан облысы, 2 қазан 2018 жыл
Мақта теріп жүрген өзбекстандықтар. Түркістан облысы, 2 қазан 2018 жыл

Өзбекстаннан келген терімшілер мақта алқабына таңғы сағат алтыдан келіп, кешкі сағат жетіде кетеді. Шаруалар терімшілерді арнайы шағын автобуспен тасиды. Олардың әрбірі төрт жүйектен алып, мақта жинап жүр. Басына шыт орамал байлап, бетін де шүберекпен тұмшалап алған. Алқапта жүргендердің екі көзі ғана көрінеді. Жұмысшылар жеңі ұзын көйлек, аяғында қонышы қысқа резеңке етік, қолдарына жұқа қолғап киген. Бұл киім мақтаның шаңымен бірге қоза, қауашағынан қорғайды.

Видеосын көріңіз: Түркістан облысындағы өзбек терімшілер

Түркістан облысындағы өзбек терімшілері
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:46 0:00

Бірі жүйектің ортасына түсіп еңкейіп, бірі жартылай мақтаға толған қабының үстіне отырып мақта теріп жатыр. Кейбірі екі жүйектің ортасына мақтаны үйіп-үйіп жинап жүр.

Терімшілердің терген мақтасы
Терімшілердің терген мақтасы

"КЕЙБІРІ БАҒАҒА КЕЛІСПЕЙ КЕРІ ҚАЙТЫП КЕТТІ"

Шамамен елу жастағы әйел бізбен әңгімелеспестен бұрын аты-жөнін айта алмайтынын, өзін және өзімен бірге ере келген тоғыз адамды фото-видеоға түсірмеуді сұрады. Оның сөзінше, Қазақстанға мақта теруге келе жатқанын махалла комитетіне (жергілікті ауыл әкімдігінен - ред.) еркертпеген. Шекарадан заңды өтіп, көші-қон полициясына тіркелген.

- Мұнда жүргенімізді махалла комитеті білсе барған соң шақырып сұрақтың астына алады. Отбасылы адамбыз, ұят болады. Бізде қыркүйектің 15-і күні мақта терімі басталған. "Өзімізде тер" деп айтуы мүмкін деп екі күн бұрын Қазақстанға өтіп кеттік. Бұл жерде жиналған бір келі мақтаға біздің ақшамызбен 650 сом берсе (шамамен 30 теңге), Өзбекстанда халық сыртқа шықпасын деп екінші, үшінші терім кезінде терімшілер бағаны мың сомға (шамамен 45 теңге) дейін көтеріп жатыр, - дейді ол.

Терімшілердің көбі үнсіз, сөйлеуге құлықсыз. Әңгімелесуге келіскендердің өзі аты-жөнін айтпайды. Терімшілердің ішінде әйелдер көп, ер адамдар аз.

Терімшілердің бірі түскі ас алдында қолын жуып отыр
Терімшілердің бірі түскі ас алдында қолын жуып отыр

Өзбекстанның Әндіжан облысы Алтынкөпір ауданынан келген 27 жастағы келіншектің Азаттыққа айтуынша, қазақ-өзбек шекарасы ашық. Өткен жылы шекарадан өту үшін 3-4 сағат күткен болса, биыл жарты сағатта қиналмай өткен. Бір айға мақта теруге көші-қон полициясынан рұқсат алған. Жол шығынын, көші-қон тіркеуіне кеткен шығынды мақта теруге шақырған мақташылар өтеген.

- Бір келі мақтаға 25 теңгеден беріп жатыр. Мақта жақсы емес. Күніне 120-130 келіден теремін. Өзбекстанда бір келі мақтаға, сіздердің ақшаларыңызбен 30 теңге беріп жатыр. Бізде теретін адам көп болған соң бірінші, екінші терім тез бітеді. Бітіп қалған соң осында келдік. Әркім де өз тіршілігі үшін келеді ғой. Өзбекстаннан мақта теруге өткен терімшілердің көбі бағаға келіспей кері қайтып кетті. Келгенімізге өкінсек те бір ай толық теріп, бұйыртқанын алып кетейік деп шештік, - дейді ол.

Жинаған мақтасын таразыға өлшеп тұрған өзбек әйелдері. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл
Жинаған мақтасын таразыға өлшеп тұрған өзбек әйелдері. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

"ҰРЛЫҚ ЖАСАП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫЗ, ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРМІЗ"

Онымен көрші жүйекте мақта теріп жүрген 48 жастағы Назираның сөзінше, Әндіжаннан Жетісайға дейін 12 сағаттық жол. Қазақ-өзбек шекарасына дейін өздері жеткен. Шекарадан өткеннен кейін мақташылар күтіп алып, үйіне алып келген. Күнделікті ас-суы, жатын орны тегін.

- Өзбекстанда халық саны көп. Мақта терімі қыркүйектің басында басталып, шамамен 10-15 күнде бітті. Ұрлық жасап жүрген жоқпыз, еңбек етіп жүрміз. Күнкөру үшін келеміз ғой мұнда. Ұлым биыл институтты бітіріп, қызым түсті. Кенже ұлым мектеп оқушысы. Құр босқа ауылда жүргеннен балаларымның керек-жарағын алып берсем деп тиын-тебен табуға келдім. Бізде ер адамдар мақта теруге келе бермейді. Еккен егінімізді жинап болған соң әпкем және сіңілімді ерте келдім, - дейді ол.

Түске дейін терімшілер жинаған мақтасын екі рет өткізді. Таразы басында тұрған шаруалар түскі асқа шақырғанда бірі мақта толы қабын арқалап, екіншісі басына салып екі-үш рет жүйектер шығарды. 4-5 қап мақтаның әрбірі 15-21 келіден шықты.

Терімшілер жинаған мақтасын өлшеп, көлікке артуда. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл
Терімшілер жинаған мақтасын өлшеп, көлікке артуда. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

​Оған дейін шаруалар үйден пісіріп келген ыстық тамаған дайындап, шәйді алқаптың басында қайнатты.

Терімшілерге шәй қайнатып отырған мақташы. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл
Терімшілерге шәй қайнатып отырған мақташы. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

Бет орамалдарын шешіп, қолдарын жуған терімшілер мақта жинайтын қаптарының бірін дастархан ретінде жайып, екіншісін төсеніш етіп отырды.

Мақта алқабында түскі астарын ішіп отырған өзбек терімшілері. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл
Мақта алқабында түскі астарын ішіп отырған өзбек терімшілері. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

Түскі асқа алты адамға үш тандыр нан, бір қазан тауық еті қосылған палау, екі тәрелке салат, жиырма шақты кәмпит, жарты келідей шұжық, қара шәй мен сусын берілді. Ер адамдар бөлек, әйелдер бөлек ас ішті.

Терімшілер үшін жасалған түскі ас. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл
Терімшілер үшін жасалған түскі ас. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

Терімшілер бір сағаттан кейін қайта қаптарын арқалап, жүйекке түсіп күн қарайғанша мақта терді.

Жинаған мақтасын таразыға тартып тұрған өзбек жігіті. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл
Жинаған мақтасын таразыға тартып тұрған өзбек жігіті. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

Түркістан облыстық ішкі істер департаменті Азаттықтың Өзбекстаннан келетін терімшілер туралы арнайы ресми хатына жауап берді. Департаменттің мәліметінше, 2018 жылдың тоғыз айында Түркістан облысындағы мақта көп егілетін Мақтарал және Жетісай аудандарына 30 мыңға жуық шетелдік уақытша тіркеуге тұрған.

Өзбекстаннан келген терімші жігіт. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл
Өзбекстаннан келген терімші жігіт. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2-қазан 2018 жыл

Олардың 29 мыңға жуығы Өзбекстаннан келген. 4700-ге жуық адамға жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат берілген. Олардың басым бөлігі құрылыс жұмыстарына тартылған. Мақта теруге келген азаматтар анықталмаған.

​"Биыл Мақтарал және Жетісай ауданында көші-қон заңдылығын бұзған 1122 шетелдік және азаматтығы жоқ тұлға анықталып, әкімшілік жазаға тартылды. Олардың 400-і әкімшілік қамауға алынса, 106 азамат ел аумағынан шығарылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған немесе оларды заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен Қазақстанның 130 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды" делінген жауап хатта.

Өзбекстанның Әндіжан облысынан Қазақстанға өтіп мақта теріп жүрген терімшілер. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2- қазан 2018 жыл
Өзбекстанның Әндіжан облысынан Қазақстанға өтіп мақта теріп жүрген терімшілер. Түркістан облысы, Жетісай ауданы. 2- қазан 2018 жыл

Департаменттің дерегінше, 2017 жылы Мақтарал ауданына (Мақтарал ауданы Жетісай және Мақтарал ауданы ретінде бөлінбей тұрған кезде – ред.) 72 мыңнан астам шетелдік келіп, уақытша тіркеуге тұрған. Олардың 71 мыңнан астамы – Өзбекстан азаматы.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG