Accessibility links

Апелляция соты соғысқа қарсы ресейлік жасөспірімді депортациялау шешімінің күшін жойды

Ресейлік Тимур Турков. Орал қаласы, 1 желтоқсан, 2026 жыл.
Ресейлік Тимур Турков. Орал қаласы, 1 желтоқсан, 2026 жыл.

Батыс Қазақстан облыстық соты 16 жастағы Тимур Турковты Ресейге депортациялау туралы бірінші инстанцияда шыққан шешімнің күшін жойды.

"Жаза бөлігі бойынша прокурор наразылығы толық қанағаттандырылды. Кәмелетке толмағандарға қатысты Қылмыстық-процестік кодекстің 81-бабы тек шектеулі жаза түрін қарастыратындықтан, елден шығару жазасы алынып тасталды, әрі ол кәмелетке толмағандарға қолданылмайды", — деді шешім жарияланғаннан кейін Азаттыққа жасөспірімнің адвокаты Айгүл Орынбекова.

Шешім онлайн форматтағы сот отырысында жарияланды. Оған Турковтың өзі емес, адвокаты қатысты.

10 наурызда 17 жасқа толған Тимур Турков — Ресей құрамындағы Коми Республикасының тумасы. 2025 жылғы 12 қыркүйекте ол Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданы маңында Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өткен. Жасөспірімнің айтуынша, шекарадан өткеннен кейін ол жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, шекара қызметін шақыруды сұраған.

Шекара қызметкерлері оны алдымен шекара бекетіне, кейін Орал қаласына жеткізген.

Ол Ресей мектептерінде милитаризация өршіп, жұртты соғысқа баруға үндеп жатқан елде тұрғысы келмегендіктен, шекараны заңсыз кесіп өттім деген. Сондай-ақ кәмелет жасына толған соң мобилизацияға ұшырап, Украинадағы соғысқа жібере ме деп қауіптенетінін де жасырмаған.

Турковтың айтуынша, анасы коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болғаннан кейін оның ресми қамқоршылары болған ата-әжесі Украинадағы соғысты айыптамайды және оның басқа елге кетуіне рұқсат бермес еді.

Желтоқсан айында бірінші инстанциядағы сот оны мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деп, Қазақстаннан шығарып жіберу және елге бес жылға кіруге тыйым салу туралы шешім шығарған. Жасөспірім құқық қорғаушылар мен адвокаты Айгүл Орынбекованың қолдауымен шешімге апелляциялық шағым түсірді.

3 наурыздағы сот отырысында Орал қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған адамды елден шығару заңнамаға қайшы болуы мүмкін екенін айтып, соттан жасөспірімді Ресейге депортацияламауды сұраған.

Ақпаратқа қарағанда, Ресейдің Оралдағы консулдығы Тимур Турковты Ресейге қайтару үшін “барын салған”. Бірақ сот жасөспірімді елде қалдыруды жөн көрген.

XS
SM
MD
LG