Accessibility links

Соғыстан қашып, Қазақстанға келген жасөспірімді Ресейге депортацияламақ па?


Қазақстаннан пана іздеген 16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков. Орал, 11 желтоқсан, 2025 жыл.
Қазақстаннан пана іздеген 16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков. Орал, 11 желтоқсан, 2025 жыл.

16 жасар ресейлік Тимур Турков былтыр күзде Қазақстанға заңсыз өткен. Өзі бұған Ресейдің Украинаға қарсы соғысы себеп болды деп түсіндірген. Қазақстан оған шекараны заңсыз кесіп өткені үшін айыппұл салып, елден шығарып жіберуді ұйғарған.

Қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығы. Тимур Турков үш айдан бері тұрып жатқан Орал қаласындағы мемлекеттік мекеме осылай аталады. Жүзі жабырқау жас жігіт шекараны заңсыз кесіп өткен соң осы жерге түскен.

"Просто журналистика" жобасына сұхбатында елінен қашып кету туралы ой аяқ астынан келмегенін айтты.

Сөзіне қарағанда, көршісімен соғысып жатқан елде қалғысы келмепті. Кәмелет жасына толған ол әскерге барып, кейін майданға аттану қаупі туатын болған соң басқа елге кетіп қалуды ұйғарған. Мың шақырымнан астам жер жүріп, Қазақстанға келген.

ЖҮК КӨЛІГІ, АВТОБУС ЖӘНЕ ТАКСИ. ТУРКОВ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

Тимур Турков Ресейдің Солтүстік-Батыс федералдық округіне кіретін Коми Республикасының тумасы. Летка деген шағын ауылда өскен. Бала кезінде отбасынан кетіп қалған әкесінің тегі бойынша ол украин, ал үш жыл бұрын коронавирустан көз жұмған анасы коми ұлтының өкілі болған. Анасы қайтыс болған соң баланы ата-әжесі асырап алған.

2025 жылы жазда Тимур 9-сыныпты бітіріп, Ресейден кетуге бел буған.

– Ресейдің мемлекеттік саясаты үнемі шектеу қоюға бағытталған, барған сайын түрлі тыйым енгізіліп жатыр, мектеп оқушыларын соғысты қолдауға тарта бастады. Басқа барлық мектептердегідей біздің мектепте де "Маңызды жайттар туралы әңгіме" деген тақырыппен сабақтар үнемі өткізіліп тұрды, 9-сыныптан кейін оқуын жалғастырған жоғары сынып оқушылары үшін әскери жиындар өтеді, оған "арнайы әскери операция" (Кремль Украинаға басып кірген соғысты осылай атайды – ред.) ардагерлері келеді, – деді Тимур Турков "Просто журналистика" жобасына. Оның айтып отырғаны – Ресей мектептерінде сабақтан тыс өткізілетін патриоттық дәрістер, онда соғыс туралы балаларға жиі айтады.

16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков
16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков

Соғыс 2,5 мыңдай адам тұратын, шалғайдағы Летка ауылына да келді. Жергілікті жастар ауылдан еш қызық таппай үлкен қалаларға кетеді. Бірі ағаш кесуші болып жұмысқа тұрса, енді бірі көрші жатқан Мураши қаласындағы тақтай зауытына кіреді. Кейбіреуі Ресейдің қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, майданға барады дейді Тимур "Просто журналистика" жобасына.

– Өз басым қаза болған 12 адамды білемін, тағы бесеуі із-түзсіз жоғалды. Соғысқа көбіне ақша үшін кетеді, солардың бірі – атамның бауыры. Қазір ол 55 жаста, ол да келісімшартқа қол қойып, соғысуға аттанды. Жазда демалысқа келіп, қайтадан жылдам кетіп қалды. Сосын бір көршім болды, бала күнінен ұрлық жасап, колонияларда көп отырған. Түрмеден шыға сала тағы бірдеңе ұрлап, қайта қамауға кететін. Былтыр жазда бостандықта жүрген кезінде оған полиция қызметкерлері келіп, қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға үгіттеген. Ол қол қойып, соғысқа кетті, қазір қайда екенін ешкім білмейді. Ол жоғалғандар санатында, – дейді ол.

Тимур Ресейде ауыл мектебінде әскери-патриоттық тәрбиеге өте көп көңіл бөлетінін айтып берді.

– "Маңызды жайттар туралы әңгіме" сабағында бізге үнемі соғыстан тірі қалғандардың "мемлекеттің, Отанның мүддесін қорғау" туралы видеоларын қоятын. Ауылда бір адам соғыста қаза болса, жоғары сынып оқушыларын құрметті қарауылға тартады, олар табыттың қасында автоматтың макетін ұстап тұрады.

Желідегі суреттер оның сөзін қуаттайды. "ВКонтакте"-дегі және жергілікті БАҚ-тардың материалдарында осындай сурет көп.

Қазақстаннан пана сұраған 16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков. Орал. 11 желтоқсан, 2025 жыл.
Қазақстаннан пана сұраған 16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков. Орал. 11 желтоқсан, 2025 жыл.

Тимур 9-сыныпты бітірген соң Ресейден кету жайлы ойлана бастапты. Басында ол заңды жолмен кеткісі келген. Бірақ ол үшін қамқоршыларының бірі қасында болуы шарт немесе нотариус куәландырған келісімі қажет.

– Атам мен әжем мұндай келісімді бермес еді, – дейді Тимур. – Олар теледидар көреді, соғысты қолдайды және Ресей – гүлденіп келе жатқан ұлы держава деп санайды.

Тимур сапарға жақсылап дайындалды, жүретін жолын нақтылады, шекараны қай жерден кесіп өту қауіпсіздеу деп ойланды.

– Ата-әжеме Киров қаласына барып жүкші болып жұмыс істеймін дедім. Ал өзім жолай жүретін жүк көліктеріне мініп, бірнеше күн дегенде Самараға жеттім. Самарадан Бузулукқа (Орынбор облысындағы қала, Қазақстан шекарасына жақын орналасқан) автобуспен жеттім, ал Бузулуктан шекарадағы Красное ауылына таксимен келдім.

Ресей-Қазақстан шекарасы Красное ауылынан шамамен 6 шақырым жерде орналасқан. Ауылдың шетінде орман бар. Тимур қас қарайғанша сол орманда жасырынған.

– Алты километр болатын қысқа маршрутты таңдадым, – деп түсіндірді Тимур Турков. – Бірақ жол егіс даласын кесіп өтеді, онда комбайн жұмыс істеп жүрді. Сондықтан егісті айналып өту үшін ұзақ жүруге тура келді. Жалпы 12 шақырым жүріппін. Істік темірден өткен соң тағы бес шақырым жүрдім, сөйтіп таңғы 7-лерде шекарадағы Астафьево ауылына келдім. Су ішпегеннен әлсіреп қалыппын, жол өте ауыр болды.

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарайтын Астафьево ауылына келген соң Тимур екі жігітті кездестіріп, шекарашыларды шақыруды сұрайды. Олар мұны үйіне алып келіп, су беріп, шекара заставасына хабарласа бастайды.

– Шекарашыларды күтіп отырғанымызда әлгі ер адамдар "мүмкін сені украиндықтар тыңшы етіп жіберген болар, сол себепті кетіп қалған жоқсың ба?" деп сұрады. Бұған қоса олар Қазақстанда, одан соң Ресейде түрмеде отырасың деп қорқытты. Қатты шөлдегеннен тоқтамай су іше беріппін. Аналардың бірі екіншісіне қарап: "Қарашы, суды қалай тез сіміреді, наркоман болар?" деді.

ТЕРГЕУ ЖӘНЕ СОТ

Тимурдың айтуынша, шекарашылар екі сағаттан соң келген. Олар оны шекара заставасына алып барып, заттарын тексеріп, тамақтандырған, сосын сұрақ-жауап алған.

– Сұрақ-жауап біткен соң жай әңгімелестік, оларға менің оқиғам өте қызық болып көрінді, – дейді Тимур.

Одан соң мемлекеттік адвокат, шекара қызметінің тергеушісі және Оралдағы Ресей бас консулдығының өкілі келді.

– Ресей консулдығының қызметкері мен адвокат мені былай қарай алып кетті. Адвокат маған "адасып жүріп байқамай шекарадан өтіп кетіппін деп айт" деді. Мен барлығын қаз-қалпында баяндаймын дедім, – деп еске алады Тимур.

Кейін ол жерге Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің полковник шеніндегі адамы келген.

– Ол шекараға қалай жеткенімді, қай қалалардан өткенімді сұрады. Одан соң "құлпынай қосқан вареники ұнай ма?" деген сияқты ақылға сыймайтын сұрақтар қойды.

16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков. Орал, 11 желтоқсан, 2025 жыл.
16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турков. Орал, 11 желтоқсан, 2025 жыл.

Сұрақ-жауаптан соң Тимурды Оралдың орталығына алып кетеді, жас жігіт қазір де сол жерде. Одан соң шекарада тергеу болды, оны тағы да сұрақ-жауапқа шақырды, психологиялық-психиатриялық сараптама жасалды. "Оның қорытындысына менің даму деңгейім мен білімім өз жасыма сәйкес келеді деп жазылған", – дейді Тимур.

– 5 желтоқсанда қалалық №2 сотта отырыс болды, ол жерде Ресей Федерациясына неге қайтқым келмейтінін және босқын мәртебесін алғым келетінін ашық айтып бердім, – дейді ол. – Маған елден шығарып жіберу және қайта кіруге бес жылға тыйым салу жазасын кесті. Бұған қоса жапа шеккен тарапқа өтемақы ретінде 275 теңге және 10 айлық есептік көрсеткіш (75 доллардай) айыппұл салды. "Жапа шеккен тарап кім?" деп сұрағанымда, "Жапа шеккен тарап – Қазақстан Республикасы" деп жауап берді. Мен "Қазақстан қалай жапа шекті?" деп сұрадым. Судья мен шекарадан өткендіктен жапа шекті деді.

Тимур елден шығару туралы шешімге наразылық білдіріп, депортация туралы қаулыға апелляция беруге хақылы. Соттың бірінші инстанциясында оның мүддесін қорғаған адвокат Азаттық Азияға пікір білдіруден бас тартты.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН ҚАЗАҚСТАНДА ӘЗІРГЕ БІРДЕ-БІР РЕСЕЙЛІК АЛҒАН ЖОҚ

Тимур Турков босқын мәртебесін алудан үмітті.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Павел Кочетков Турковпен кездесіп, әңгімелескен. Ол Қазақстан заңнамасындағы қайшылыққа назар аударады: бассауға сұраған адам қорғалуға тиіс, бірақ оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін соттай алады.

– Мәселе мынада: "Босқындар туралы" заңға сәйкес, шекараны заңсыз кесіп өтіп, бірден билік органдарына жүгінген босқындар жазаланбауы керек, – дейді құқық қорғаушы. – Ал Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы заңда шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза қарастырылған. Көбіне шартты жаза кесіледі, бірақ Қазақстан Республикасынан шығарып жіберумен аяқталады. Кейінгі бір жылда менде мұндай екі жағдай болды: біреуі – ересек адам, екіншісі – Тимур. Екеуінің де үстінен шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл – нонсенс.

Кочетковтың түсіндіруінше, шетелдік азамат босқын мәртебесін алу туралы өтініш берген кезде оған 90 күнге пана сұраушы тұлға куәлігі беріледі. Осы уақыт ішінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, арнайы қызметтер мен ішкі істер органдары тексеру жүргізіп, сұрау салады, яғни Қазақстанда пана алғысы келетін адамның берген ақпаратының растығын анықтайды. 90 күн ішінде қажетті мәліметтер жиналмаса, бұл мерзім тағы 90 күнге ұзартылуы мүмкін. Ең ұзақ мерзімі – бір жылға дейін.

– Бізде бір адам (Ресей азаматы емес) 12 ай бойы пана сұраушы тұлға статусымен өмір сүрді. Таңқаларлық жағдай – ол пана алды. Қазақстан үшін бұл – өте сирек кездесетін жағдай, – деді Кочетков.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ресей азаматы Қазақстанда босқын мәртебесін алған жағдай ешқашан болған емес.

Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Денис Дживага
Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Денис Дживага

– Бұған ұқсас жағдайлар да болды. Мәселен Игорь Санджиев те Ресей-Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, босқын мәртебесін алғысы келді. Бірақ әзірге бірде-бір ресейлік босқын атанған емес, – деді Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро жетекшісі Денис Дживага. – Ресейліктер Қазақстанға келіп босқын мәртебесін сұрайтын кез сирек. Олар, негізінен, саяси белсенділер я болмаса соғысқысы келмейтін дезертирлер не әскери адамдар. Біздің бюро арқылы 45-тей адам өтті. Олар босқын мәртебесін ала алмай, кейін басқа елге кетіп қалады.

Былтыр Ресейдегі мобилизациядан қашып, Қазақстанда бас сауғалаған ресейлік алты әскери қызметкер құқық қорғаушылар Еуропа визасын алып Францияға кетті, ол жақта саяси пана сұрады.

Украинаға қарсы соғыс басталған соң Қазақстанға келген бурятиялық журналист Евгения Балтатарова да Астанада босқын мәртебесін алуға тырысқан. Қазақстан билігі ондай мәртебе беруден бас тартты. Мәскеу армия туралы "жалған ақпарат таратты" деген іс бойынша оған іздеу салды. 2024 жылғы желтоқсанда Франция Балтатароваға саяси пана берді.

Тимур Турковтың үшінші елге кетіп қалу мүмкіндігі де аз, себебі ол әлі бала саналады. Ойы анық, ұстанымы нақты болғанына қарамастан, құжат бойынша ол әлі "кәмелет жасына толмаған". Ал қамқоршылары Ресейде.

– Кәмелетке толмағандықтан Тимурды Ресейге қайтарып жіберуі де мүмкін, – дейді Дживага.

Бұған дейін Қазақстанға қашып келген кемінде екі ресейлік отанына қайтарылған. Олар – Михаил Жилин мен Камил Касимов.

Қазақстан соты әскерден қашты деп айыпталған ресейлік Камил Касимовты депортациялау туралы шешім шығармаған. Ресейлік әскери қызметкер Украинамен майданға барудан бас тартып, Қазақстанға қашып келгенін айтқан. Касимов 2024 жылғы сәуір айында Астанада ұсталды, ол ағасына ресейлік әскери қызметкерлер өзін Мәскеу Қазақстаннан сынақ полигоны мен әуе айлағын жалға алып отырған Приозёрскідегі жабық әскери бөлім аумағына алып бара жатқанын хабарлап үлгерген. Осыдан кейін Касимовпен байланыс үзілді. Кейінірек оның Приозёрскіден Омбыға жеткізілгені белгілі болды. Ресей соты оған әскерден қашқаны үшін алты жылға қатаң режимдегі колонияда қамау жазасын кесті.

Федералдық күзет қызметінің офицері Михаил Жилин Донбассқа "іссапарға" барудан бас тартып, отбасымен бірге Қазақстанға қашып келіп, 2023 жылғы қыркүйекте саяси пана сұрады. Сол жылы желтоқсанда Ресейдің Федералдық күзет қызметінің өкілдері оны Ресейге депортациялады. Барнаулда оны 6,5 жылға соттады. Ал отбасы Еуропаға қоныс аударды.

Құқық қорғаушы Дживага кейінгі кездері бүкіл әлемде босқын мәртебесін алу қиындап бара жатқанын айтады. Еуропа елдерінде оны ала алмағандар көп. АҚШ босқын мәртебесін беру тәртібін түгел қайта қарап жатыр.

– Ал Қазақстанды алып қарасақ, біздің билік босқын мәртебесін беруді гуманитарлық емес, саяси әрекет деп қабылдайды. Сондықтан мұнда көршілермен ренжісіп қалмау мәселесі алда тұрады. Ресейліктерге босқын мәртебесін бермеудің ықтимал себебі – Ресейді ашуландырып алмау, – дейді құқық қорғаушы.

XS
SM
MD
LG