Accessibility links

Украинадағы соғысқа бармау үшін Қазақстанға қашқан Ресей азаматына депортация қаупі төніп тұр


Ресейден Қазақстанға қашып келген Игорь Санджиев. Орал, 4 мамыр, 2023 жыл
Ресейден Қазақстанға қашып келген Игорь Санджиев. Орал, 4 мамыр, 2023 жыл

Батыс Қазақстан облыстық соты Ресей азаматы Игорь Санджиевті отанына депортациялау туралы шешім шығарды. Ол Украинадағы соғысқа бармау үшін наурыздың аяғында Қазақстанға шекарадан заңсыз өтіп келген. Ресей азаматы туған жерінде әскери қызметтен қашып, арулы күштер беделіне нұқсан келтіргені" үшін түрмеге жабылуы мүмкін. Астана Санджиевке босқын мәртебесін бермей, оны Ресейге қайтаратын болды. Қазақстанда мұндай оқиғалар жиі тіркеледі.

"Соғыс пацифистік көзқарасыма қайшы келеді" дейді 46 жастағы Игорь Санджиев. Ол қазір Украинадағы майдан шебі мен туған жері – Қалмақ Республикасының астанасы Элиста қаласынан мыңдаған шақырым жерде отыр. Санджиев наурыздың аяғында Қазақстанға заңсыз келген.

РЕСЕЙДЕН ҚАШУ

Игорь Санджиев қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланған бойда әскерге шақырту алған. Кремль мобилизация арқылы Украинада қатары сиреген әскеріне жаңа күш жинады. Құрылыста істеп жүрген Санджиевті әскери есепте тұрғаны жөніндегі деректерді тексеруге шақырған. Әскери комиссариатқа барғанында, автобусқа отырғызып, мобилизацияға іліккен басқа азаматтармен бірге Волгоградтағы әскери бөлімге жіберген.

Игорь әскери бөлімдегі жағдайды "берекетсіздік" деп сипаттайды. Барак бөлмелерде мүлде жағдай жасалмаған. Әскерге алынған азаматтар ішіп, бір-бірімен төбелесіп, берекесі қашқан. Қарашада Санджиев әскери бөлімнен рұқсатсыз кетіп қалған. Мәскеуде, кейін Петербургте тұрған. Өзінің айтуынша, оны ешкім іздемеген. Қаңтарда Беларуське барып, Еуропаға өтпек болған. Бірақ мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстап, Ресейге депортациялаған. Ұшақтан түсе салысымен, полиция көлікке отырғызып, Элистаға, кейін Волгоградтағы әскери комендатураға апарған. Осылай Санджиев өзі қашқан әскери бөлімге оралған.

25 наурызда екінші рет қашуға бел буған. Ресейде қалса, көп ұзамай соғысқа кететінін білген. Ол майданға барып, жат жерде өлгісі келмегенін айтады.

– Волгоградтан таксиге отырып, Эльтон ауылына жетіп алдым. Таңға дейін ауылда иесіз қалған үйде отырдым. Ертеңіне Қазақстан шекарасына бет алдым. 20 шақырымнан соң, жүргізушінің кеңесімен тағы 10 шақырым жаяу жүріп, қос мемлекеттің арасын бөліп тұрған тікенек сымға жеттім. Арғы бетте Батыс Қазақстан облысындағы Сайхин ауылына тап болдым, – дейді Игорь Санджиев.

Игорь көлік жалдап, 26 наурызда Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Орал қаласына жеткен. Қонақүйге орналасып, Қазақстан заңдарымен танысқан.

– Босқын мәртебесін алуға болатынын білдім. Соған ұмтылдым, – дейді Санджиев.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН АЛУҒА ТАЛПЫНЫС

Ресей азаматы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барған. Сегіз беттен тұратын сауалнама толтырып, босқын мәртебесін алуға өтініш берген. Әдетте арнайы комиссия өтінішті 90 күн ішінде қарайды. Бірақ Санджиевтің жауабы тезірек шықты.

– Санджиевтің өтінішін қарауға бір апта да кеткен жоқ. Оған босқын мәртебесін бермеді, – дейді Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, құқық қорғаушы Павел Кочетков (Санджиев жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтініш бергеннен кейін құқық қорғаушылар көмегіне жүгінген).

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, құқық қорғаушы Павел Кочетков
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, құқық қорғаушы Павел Кочетков

Шешімде "Комиссияның 28 сәуірдегі № 2 кеңесін ескеріп, Ресей Федерациясының азаматы Санджиевке Қазақстанда босқын мәртебесін бермеу туралы шешім қабылданды. Себебі: оның жағдайы босқын мәртебесін беру критерийлеріне сай келмейді" делінген.

Қазақстан заңына сәйкес, ұлты, діні, нәсілі, азаматтығы, әлеуметтік жағдайы мен саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшырауы мүмкін, өз елінен тыс жерде жүрген, оның қорғауына кірмейтін немесе қауіпке байланысты мемлекет қорғауын пайдалана алмайтын шетел азаматы босқын деп есептеледі. Комиссия шешімінде Санджиев Ресей билігінің саясатына қарсы болғаны үшін қудалауға ұшыраудан қорқатыны жазылған. Онда неге Ресей азаматы босқын мәртебесін алу талабына сай болмай шықты?

ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ

Санджиев босқын мәртебесін сұрағаннан кейін оны полицияға шақырған. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Игорь Санджиевке қарсы "мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғаған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Санджиев Қазақстан шекарасын кесіп өтерде өз әрекетінің қоғамдық қаупі мен салдарын біле тұра, қылмыстық пиғылынан бас тартпаған.

3 мамырда Бөкей ордасы аудандық соты Санджиевті "шекараны заңсыз кесіп өткені үшін" айыпты деп тауып, оған алты ай шартты жаза кескен. Сот оның Қазақстанда тұрақты мекенжайы, жұмысы мен туысы жоғын алға тартып, депортация туралы шешім шығарған. Санджиевке босқын мәртебесі берілмеді деген шешім де бар.

– Үкімде қазіргі саяси жағдайды ескеріп, шетелдіктерге, әсіресе Ресей азаматтарына қолданылатын стандартты сөздер жазылған, – дейді ол.

Ресеймен шекарадағы өткізу бекеті. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл
Ресеймен шекарадағы өткізу бекеті. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл

Құқық қорғаушы Кочетков Санджиевті қылмыстық қудалау заңсыз деп есептейді.

– Бұл жағдайда "шекараны заңсыз кесіп өту" бабы дұрыс қолданылмаған. Қылмыстық іс мүлде қозғалмауы керек еді. Қозғалған күннің өзінде Санджиев басқа елден босқын мәртебесін сұрауға мәжбүр болғанын ескеріп, мемлекет қудалауды тоқтатуға тиіс. Ол елінен жайдан-жай қашып отырған жоқ. Өмірі мен денсаулығына қауіп төнгендіктен қашып отыр, – дейді құқық қорғаушы.

Санджиев тергеу кезінде-ақ полиция "Қазақстанда қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайсыз" деп ескерткенін айтады.

– Шекара қызметінің тергеушілері Қылмыстық кодекс бойынша, шекараны заңсыз кесіп өтудің өзі қылмыс екенін деп түсіндірді, – дейді Ресей азаматы.

Игорь Санджиев жақында құқық қорғаушылармен бірге апелляциялық шағым беріп, өзін депортациялау туралы сот үкімінің күшін жоюды сұрайды. Ол босқын мәртебесін алу үшін екінші рет өтініш беруге де дайындалып жатыр.

КҮНІБҰРЫН БЕЛГІЛІ БОЛҒАН ШЕШІМДЕР

Санджиев босқын мәртебесі берілмейтінін, өзін Ресейге депортациялайтынын әуелден білген. Ол Қазақстан ең ұзын құрлық шекарасы бар көршісімен қатынасын бұзғысы келмейтінін түсінеді. Астана Мәскеумен интеграциялық одақтарға мүше және экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді.

– Қазақстан бейтарап саясат жүргізіп отыр. Бұл саясат барлық мемлекетпен достық қарым-қатынаста болуды көздейді. Қазақстан – Ресеймен шекаралас ел, Мәскеумен тұтқын алмасу туралы келісімге отырған, сондықтан өз міндеттемесін орындауы керек, – дейді Санджиев.

Оның пікірінше, Қазақстан Украинадағы соғысқа барғысы келмей, босқын мәртебесін сұрайтын ресейліктер өзіне ағылғанын қаламайды. Өйткені Мәскеумен арасы бұзылуы мүмкін.

Әзірге Игорь Санджиев Оралда уақытша пәтерге тұрақтаған. Оған жанашыр адамдар барынша көмектесіп жатыр.

Құқық қорғаушы Кочетковтың пікірінше, Санджиевтің оқиғасы босқын мәртебесін сұрап жүрген адамдардың қиын жағдайы мен заңдағы кемшіліктерді көрсетеді. "Босқындар туралы" заң қолданылады, бірақ өтініш берушілерге уақытша баспана мен тамақ берілмейді. Медкомиссиядан өту процедурасы міндетті, оған ақша төлеу керек. Медициналық қорытынды болмаса, комиссия өтінішті қарамайды.

– Өтініш беруші медициналық комиссиядан қалай өтеді, қалай тіркеледі, қайда тұрады, қандай ақшаға тамақтанады? Ешкімді алаңдатпайды. Одан бөлек, процедуралық сұрақ көп. Мемлекетіміз азаптауға қарсы конвенцияны ратификациялаған. Сонда да әлі шешілмеген мәселе жетерлік, – дейді Кочетков.

Игорь Санджиев босқын мәртебесін алмаса, сот үкімі күшіне енгеннен кейін депортациялануы мүмкін. Ресей заңдары бойынша, оны әскерден қашқаны және Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратқаны үшін түрмеге қамайды. Ішінара мобилизациядан кейін Ресей президенті Владимир Путин Қылмыстық кодекске түзетулер енгізіп, әскери қызметін тастап қашқан адамдарға жазаны қатаңдатты. Енді мұндай айып тағылған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Наурызда Ресейде жаңа заң қабылданды. Оған сәйкес, "қарулы күштер туралы жалған ақпарат таратқандар" (биліктің ресми позициясына қайшы келетін кез келген ақпарат жалған деп есептеледі) 3 жылдан 15 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Былтыр жылдың аяғында Қазақстан мобилизациядан қашқан Федерациялық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді Ресейге қайтарды. Ол да қыркүйекте шекараны заңсыз кесіп өтіп, қазақстандық шекарашылардың қолына түскен. Кейін босатылып, қаладан кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Жилин саяси босқын мәртебесін сұрады, бірақ қарашаның аяғында ол өтініші орындалмайтыны туралы жауап алды. Ресей билігі оған халықаралық іздеу жариялады. 2 желтоқсанда сот Жилинді Ресейге депортациялау туралы шешім шығарды. Астана оған босқын мәртебесін беруден бас тартты. Биыл Ресей соты Жилинді мобилизация кезінде әскери қызметтен қашу, шекараны заңсыз кесіп өту баптары бойынша 6,5 жылға соттап, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге жіберді. Жилиннің туыстары Ресейде ол азаптауға тап болатынын айтқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG