Accessibility links

Мобилизация ма, басқа ма? Ресейде әскерге жарамды азаматтардың жеке деректері нақтыланып жатыр


Ресей билігі әскер санын арттыруды көздейтін тағы бір науқан бастағанға ұқсайды.
Ресей билігі әскер санын арттыруды көздейтін тағы бір науқан бастағанға ұқсайды.

Ресей соғыста сиреп қалған қатарын толықтыру үшін жауынгер жинаудың жаңа науқанына дайындалып жатыр. Бірақ алда былтыр күздегідей кең көлемді мобилизация болары белгісіз.

Мәскеудің оңтүстігіндегі Воронеж қаласында әскери комиссариаттар әскер жасындағы азаматтарға байланыс деректерін жаңартуды сұрап, хат жолдап жатыр.

Шығыстағы Пенза облысында да жеке деректерді нақтылау жұмыстары басталып кеткен. Бұл туралы "РИА Новости" сайтына аты-жөні аталмаған әскери шенеунік хабарлаған.

Поволжьедегі Удмуртияда да дәл осы жағдай қайталанған. Онда тіпті облыс губернаторының өзі мемлекеттік арнаға шығып, міндетті мобилизация жүріп жатпағанын, әскерге өз Отаны мен мүддесін қорғағысы келетін еріктілер ғана алынатынын түсіндірген.

Ресей президенті Владимир Путин Еуропада Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі құрлық үстіндегі соғыс бастағалы 13 ай өтті. Осы уақыт ішінде Ресей әскері біраз шығынға ұшырады. Батыстың өкілетті тұлғалары Ресей үшін соғыс салдары тым ауыр болғанын жазып жатыр. Жақында АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған деректерге сәйкес, Ресей тарапынан соғыста қаза тапқан және жараланған жауынгерлер саны 200 мыңнан асып-жығылады.

Washington Post есебінше, Украина 120 мың жауынгерінен айырылған. Соғыста біраз сәтсіздікке ұшыраған Ресей екі рет әскер қатарын толықтыруға тырысты.

Қыркүйекте Путин майданға 300 мың жауынгер тарту үшін ішінара мобилизация жариялады.

Қыста Донбасста басталған шабуыл екі айдан бері жалғасып жатыр. Көктемде Украина қарсы шабуыл бастағанын мәлімдеген соң, Ресей тағы да әскер санымен басым түсуге тырысып, жауынгер жинау шарасына көшкен сияқты.

Құқық қорғаушы адвокат Павел Чиковтің айтуынша, кемі 42 өңірде әскерге жарамды азаматтарға шақыру қағазы келіп жатыр. Кремль саясатын қолдайтын сайттардың бірі билік майданға 400 мыңға жуық жауынгер тартуды көздеп отырғанын хабарлады.

Бірақ Кремль мобилизация жүріп жатқанын жоққа шығарады.

15 наурызда президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің "Кремльде мобилизацияның екінші толқыны талқыланып жатыр ма?" деген сұрағына "Бұл мәселе талқыланып жатқан жоқ" деп жауап берді.

Бірақ әзірге міндетті шақыру болмаса да, көп ұзамай бұл шара нағыз мобилизацияға айналуы мүмкін.

"Ерте ме, кеш пе, билікке тағы бір мобилизация жүргізуге тура келеді. Мәселе бұл қалай жүзеге асатынында болып отыр. A нұсқасы - бірнеше рет аз-аздан жауынгер жинау шарасын өткізеді, B нұсқасы - жаппай мобилизация жариялайды", – дейді америкалық RAND Corporation талдау орталығының қорғаныс саласындағы сарапшысы Дара Массикот.

– Әскер қатарын аз-аздан үнемі толықтырып отыру: жүйенің шамасы осыған жетеді. Ішкі тұрақтылықты сақтау үшін Кремльге осы тиімді. Бұл – майданға қажет адам санын жинау үшін қолданылып отырған арнайы әдіс. Қажет әскер жинай алмаса, басқа қатаң әдіске көшеді, – дейді сарапшы.

"ЕКІНШІ МОБИЛИЗАЦИЯ БАСТАЛДЫ"

Ресей жылдар бойы Совет Одағынан қалған ескі әдістерді жаңартып, қарулы күштерінің кәсіби деңгейін көтеруге тырысып келді. Бірақ әскери командирлер әлі де міндетті әскери борышты алып тастауға қарсы. Елде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды азаматтар бір жыл әскери борышын өтеуі керек.

Заң бойынша, әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлерді Ресей шекарасынан тыс жерлерге немесе соғысқа жіберуге болмайды. Бірақ соғыс басталғанда жас сарбаздарды Украинадағы майданға салып жатқаны туралы ақпарат тарады.

Украинаға басып кірудің соңы тұралататын соғысқа айналып, ресейлік әскери шенеуніктер бірнеше ай бойы майданға жаңа жауынгерлер керегін айтумен болды.

Өткен жазда қорғаныс министрлігі келісімшартпен соғысқа баратын еріктілерді жинады.

Ресей жағында соғысып жатқан "Вагнер" жалдамалы әскер тобы өз қатарына түрмеде отырған тұтқындарды тарта бастады. Соғысқа баруға келіскендерге жалақы мен жазасын кешіру сияқты жеңілдіктер ұсынылды.

Кремль соғысқа баруға дайын еріктілердің жас мөлшеріне өзгеріс енгізді.

Желтоқсанда қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей қарулы күштер санын 1,5 миллион адамға дейін арттыратынын мәлімдеді. Ол мұны НАТО-ның кеңейіп, одаққа Финляндия мүше болып жатқанына қатысты айтты.

Путиннің қыркүйектегі ішінара мобилизация жариялау туралы жарлығы ел ішінде дүрбелең туғызды.

Мобилизацияға ілінген жауынгерлер мен олардың туыстары Ресейдің өз әскеріне лайықты киім мен қару-жарақ бермегенін, кей азаматтар соғысудан бас тартып жатқанын айтып шағынды.

Ura.ru сайтының дерегінше, әскер жинауға арналған жаңа науқанды бұрынғы президент, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев басқарып отыр. Оның мақсаты - Ресей аумағынан 400 мың жауынгер жинау.

Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев.
Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев.

10 наурызда сайт шенеуніктер өңірлік әскери комиссариаттарға квота бөлгенін жазды. Мысалы, Свердловск және Челябинск облыстарына 10 мыңнан, Пермь өңіріне 9 мың квота берілген.

14 наурызда Воронеж билігі азаматтарға бұйрық жіберілгенін хабарлады, бірақ нақты қанша адам осындай хабарлама алғанын айтпады.

Жергілікті биліктің телеграм-арнасына жариялаған хабарламасында "Бұл шараның басты мақсаты – Воронеж әскери комиссариатында әскери есепте тұрған адамдардың деректерін жаңарту. Комиссариатта үнемі жүретін әдеттегі жұмыс" делінген.

Массикот "Ресейде шынымен азаматтарды әскерге тартудың жаңа толқыны басталды ма, әлде бұл әскери комиссариаттардың ықтимал мобилизацияға дайындығы ма?" деген сұрақтың нақты жауабын білмейді.

Сарапшы шенеуніктер әскерге қажет адамдарды ерікті түрде жинай алады дегенге сенбейді.

– Мұның көбі ақылға сыймайды: мәжбүрлемесе, кім әскерге өз еркімен барады? Біреулерді ақшасы қызықтыратын шығар. Бірақ сонда да…, – дейді Массикот.

Әскерге кетіп бара жатқан жігіт жақынымен қоштасып жатыр. Чита теміржол станциясы. Қараша 2022 жыл.
Әскерге кетіп бара жатқан жігіт жақынымен қоштасып жатыр. Чита теміржол станциясы. Қараша 2022 жыл.

Германияның Бремен университетінде жұмыс істейтін әлеуметтанушы Николай Митрохин 31 өңірде азаматтарға әскери комиссариаттан құжаттар жіберілгенін анықтаған.

"Ресейде мобилизацияның екінші толқыны басталды. Әзірге электрон есеп жүйесін тексеріп жатыр. Майданға кімді алып кететіні белгісіз. Әскерге жарамды адамның бәрін шақыра ма, әлде келісімшартқа отырғандарды ғана ма, білмейміз", – деп жазды әлеуметтанушы телеграм-арнасында.

Ол кей өңірдегі шенеуніктер квотаны толтыра алмай, күштеу шараларына көшуі мүмкін деп болжайды.

Сібірдің оңтүстігіндегі Читада жаңалықтар сайты әскерге адам жинаумен айналысатын Юрий Шуваловтың сөзін келтіріп, азаматтарға шақыру жіберумен қатар, резервтегі әскерилерге оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылып жатқанын хабарлады.

Соғыстан бөлек, Ресейде жылына екі рет азаматтар міндетті әскери борышын өтеуге шақырылады. Биылғы науқан 1 сәуірде басталады. Ресейдің өкілетті тұлғалары көктемгі шақыру кезінде 170-200 мың аралығында адам жиналады деп күтіп отыр.

"Верстка" тәуелсіз ақпарат құралы Воронеждегі аты-жөні аталмаған шенеуніктерге сілтеп, қазір мобилизациялық науқан еріктілерді жинауға негізделетінін, ешкімді Украинаға күштеп жібермейтінін жазды.

– Майданға барудан бас тартуға болады, –дейді сайтқа аноним сұхбат берген шенеунік.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG