АҚШ Орталық әскери қолбасшылығы елдің қарулы күштері 14 шілденің кешінде Иранның оңтүстігіндегі ондаған әскери нысанаға жеті сағат бойы соққы жасағанын мәлімдеді. Нысаналар арасында зымыран және дрон базалары, әскери-теңіз күштері мен жағалау қорғаныс жүйелері болған.
Ал Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Иорданияның Әл-Азрак базасындағы F-15, F-16, F-35 ұшақтары мен MQ-9 дрондарына, сондай-ақ Кувейттегі спутник байланысы орталығына, радиолокация станциясына, Patriot әуе қорғаныс кешені мен HIMARS қондырғыларына соққы жасағанын мәлімдеді.
Тараптардың мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы растау әзірге мүмкін болмай отыр.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әлемдік мұнай саудасының негізгі бағыты болып қала беретін Ормуз бұғазында АҚШ Иранды қайтадан құрсайтынын мәлімдеген. Ол бұл шара Иран кемелері мен Тегеранның тұтынушыларына ғана қолданылатынын, ал "өзге елдер бұғазды еркін пайдалана алатынын" айтқан.
Оның бұл сөзіне қарымта ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы "АҚШ пен оның одақтастарының мүдделеріне сай келетін басқа мұнай мен газ экспорттау жолдарының жабылатынын" айтып сес көрсеткен.
Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп егер Иран билігі келіссөз жүргізбесе, АҚШ әскери күштері келесі аптада Иранның электр станциялары мен көпірлеріне шабуыл жасайтын болады деп мәлімдеді. Ол Иранға қарсы соққылар алдағы күндері күшейетінін айтқан. АҚШ президенті Тегеранның Вашингтонмен келісім жасаудан "басқа амалы жоқ" деп мәлімдеді.
Өткен аптада Иран Ормуз бұғазы арқылы өзімен келіспей өткен бірнеше кемеге оқ атқаннан кейін АҚШ пен Иран өзара шабуылдарды қайта бастаған. АҚШ және өзге елдер Ормуз арқылы кемелер еркін өтуі керек деген талап қойып отыр.