АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және АҚШ-пен келіссөздер бойынша арнайы өкіл Ержан Қазыханмен Вашингтонда кездесті. Бұл жөнінде Рубио Х әлеуметтік желідегі аккаунтында жазды.
Мемлекеттік департаменті ресми өкілінің орынбасары Томми Пиготтың Азаттыққа айтуынша, кездесуде екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселесі талқыланған.
Тараптар «Қазақстанның бейбітшілік орнату және аймақтық бастамалардағы рөлін және АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесін» сөз еткен.
«Мемлекеттік хатшы Қазақстанның С5+1 дипломатиялық платформасына белсенді қатысып отырғанын және аймақтық ынтымақтастықты дамытудағы жетекші рөлін құптайды. АҚШ Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдауды жалғастыра береді және АҚШ-Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті бұдан да әрі дамытуға ниетті» деді мемлекеттік департамент өкілі.
Соңғы кездері Астана мен Вашингтон арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас қарқын ала түскен.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ басшысы Дональд Трамптың саясатына қолдау білдіріп отырады.
Дональд Трамп та Тоқаевты өзі құрған "Бейбітшілік кеңесіне" және биыл Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырған.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт биыл ақпанда Америка Қазақстанмен ынтымақтастықты бұрынғыдан да арттыра түсуге мүдделі екенін айтқан.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ елшісін бір айда екі рет қабылдаған.
Азаттық сөйлескен кей сарапшылар екі арасында ынтымақтастықтың артуына Қазақстанның сирек минералдарына деген АҚШ-тың қызығушылығы себеп болды деп санайды.