Accessibility links

АҚШ Өзбекстанның 44 азаматын депортациялады


Ташкент әуежайы
Ташкент әуежайы

21 қаңтарда кешке Ташкентке АҚШ-тан депортацияланған өзбек азаматтары мінген чартерлік рейс қонды. Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, АҚШ-та заңсыз жүрген 44 адам отанына қайтарылған.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысының айтуынша, рейс "азаматтарды өз отанына қауіпсіз әрі уақытында жеткізу" мақсатында АҚШ билігімен бірігіп ұйымдастырылған. Оның сөзінше, екі ел арасында шетте жүрген Өзбекстан азаматтарының құқықтарын қорғау және оларды отанына қайтару мәселелері бойынша әріптестік жалғасып жатыр.

АҚШ-тың Ташкенттегі елшілігі таратқан хабарламада Вашингтон депортацияны заңсыз көші-қонмен күрес саясатының бір бөлігі ретінде қарастыратыны жазылған. Мәлімдемеде АҚШ-тың "заңсыз көші-қонды тоқтату және шекара қауіпсіздігін нығайту жөніндегі міндеттемесін берік ұстанатыны" жазылған және осы мәселеде әріптестік танытқаны үшін Өзбекстанға алғыс білдірген.

Авиациялық рейс сервисінің мәліметінше, рейсті Omni Air International әуе компаниясының Boeing 767-300 ұшағы атқарған. Дәл осы компания 10 қазанда да депортациялық рейсті жүзеге асырған.

Ұшақ 20 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 6:50-де Техас штатының Мексикамен шекарадағы Эль-Пасо қаласынан ұшып шыққан. Жолшыбай Портсмут (штат Нью-Гэмпшир), Бухарест (Румыния) және Ереван маңындағы Звартноц әуежайына қонған. Ташкентке ұшақ 21 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша 19:21-де қонған.

XS
SM
MD
LG