Самарқанда өтіп жатқан АҚШ және Орталық Азия сыртқы істер мекемелері басшыларының келіссөз қорытындысы бойынша тараптар сауда мен инвестицияны кеңейтуге, энергетикадағы ынтымақтастықты дамытуға және қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екенін қуаттап, бірлескен мәлімдеме жасады.
Бірлескен мәлімдемеге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы саяси мекемелерінің басшылары қол қойды.
Құжатта мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеудің маңызы баса айтылады. Сондай-ақ, тараптар ұзақ мерзімді серіктестікті жалғастырып, мүдделес бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді.
Тараптар Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда мен инвестицияны ұлғайту және жаңа нарықтарға жол ашуға ықпал етуі тиіс Транскаспий сауда бағдарын дамыту мәселелерін де негізгі басымдықтар қатарында атады.
Кездесуге қатысушылар аймақтың өз ішінде сауданы арттыру, көлік қатынасын жақсарту, кедендік рәсімдерді келісу және өнеркәсіптегі ынтымақтастықты дамыту есебінен аймақтағы экономикалық интеграцияны тереңдетуге ниетті екенін де мәлімдеді.
Мәлімдемеде бизнестің өзара араластығын құптайтын "B5+1" платформасы АҚШ компаниялары үшін Орталық Азияда коммерциялық мүмкіндіктер жасауды жалғастыратыны айтылады. Сонымен бірге, тараптар өңір елдерінің кәсіпорындары үшін АҚШ-қа инвестиция салуға және Америка нарығында жұмыс істеуге мүмкіндіктерді арттыруға ниетті.
Мәлімдемеде энергетика мен пайдалы қазбаларға ерекше назар аударылған. Қатысушы мемлекеттер өзара жеткізу тізбектерін дамытуға, геологиялық деректерді басқару тәжірибесін бөлісуге, пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуді арттыруға құлықты. Құжатта аймақта өндірілетін қосылған құны жоғары өнімнің үлесін арттыру және оның халықаралық нарықтарға шығуын кеңейту жоспарлары туралы айтылған.
Қауіпсіздік саласында тараптар терроризммен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күреске, сондай-ақ шекараны қорғауды нығайтуға ерекше көңіл бөлуге ынталы. Бұған қоса заңсыз миграцияға, адам саудасына, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл да ынтымақтастықтың басты бағыттары болмақ.
Кездесуге қатысушылар киберқауіпсіздік және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін ерекше атап өтті.
АҚШ пен Орталық Азия елдері ядролық қауіпсіздік, қаруды таратпау, ядролық материалдарды физикалық қорғау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін де мәлімдеді.
Тағы бір бағыт ретінде мәдени мұраны қорғау жайы да аталды. Тараптар кәсіби, мәдени және білім беру салаларды өзара маман алмасуды арттыруға, тарихи ескерткіштерді сақтау үшін жаңа технологияларды пайдалануға және құқық қорғау органдарының мәдениет мекемелерімен өзара іс-қимылын нығайтуға келісті.