Қазақстанның төтенше жағдай министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша, Ақтау маңына құлаған әзербайжандық жолаушы ұшақта болған 28 адам аман қалған, екеуі – бала. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетуге Ақтауға Астанадан дәрігерлер жіберуді тапсырды.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ақтаудағы облыстық көпбейінді ауруханаға ұшақ апатынан зардап шеккен 26 адам түсті деп хабарлады. 7 адамның жағдайы ауыр, олар жансақтау бөліміне жатқызылған. Облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы 2 бала түскен. Ұшақ құлаған жерден қаза болған 4 адам табылған.
Ақтаудағы жергілікті пабликтерде жұртты ұшақ апатынан зардап шеккендерге қажет қан тапсыруға үндеген жазбалар тарап жатыр. Желіде тараған бірқатар фотоларда Ақтаудағы қан тапсыратын орындарда кезекте тұрған адамдар байқалады.
Қазақстан көлік министрлігінің алдын ала ақпаратына сәйкес, Ақтау маңына құлаған Embraer E-190 жолаушы ұшағында Әзербайжанның – 37, Қазақстанның – 6, Қырғызстанның – 3, Ресейдің 16 азаматы болған.
Әлеуметтік желіде Ақтау маңына құлаған ұшақта болған, апаттан аман қалған адамдардың видеосы тарады.