Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі шұғыл байланыс телефон нөмірлерін жариялады:
– басқару орталығы: +7 (7172) 55-96-21;
– Ақтаудағы телефон: +7 (7292) 31-90-91.
Қазақстан көлік министрлігі Ақтау қаласындағы әуежай әдеттегідей жұмыс істеп жатыр деп хабарлады.
Ресей құрамындағы Шешенстан астанасының әужейындағы кестеге сәйкес, J2 8243 жолаушы рейсімен Әзербайжан астанасы Бакуден ұшып шыққан Embraer E-190 ұшағы Мәскеу уақытымен таңертеңгі 8:20-да Грозныйға жетуге тиіс болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, Грозныйды қалың тұман басып, ұшақты әуелі Дағыстан астанасы Махачқалаға, кейін Қазақстанның Ақтау қаласына қонуға жіберген.
ТЖМ: Маңғыстауда құлаған жолаушы ұшағында 69 адам болған
Azerbaijan Airlines әуе компаниясы Қазақстанның Маңғыстау облысында құлаған ұшағында болған жолаушылар тізімін жариялады, онда 62 адамның аты-жөні жазылған.
Қазақстанның төтенше жағдай министрлігі кейінгі жариялаған мәліметінде апатқа ұшыраған Embraer Е-190 ұшағында барлығы 69 адам болған деп хабарлады. Мұндай деректі ТЖМ Қайрат Жанаспаев айтты.
Бұған дейін Azerbaijan Airlines компаниясы ұшақта 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған деген ақпарат таратқан еді.
Қазақстан үкіметі Ақтау маңында құлаған ұшақ апатының себебін зерттейтін комиссия құрды. Оның құрамында премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, бас көлік прокуроры бар.