Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйдің ауласында пышаққа түсіп ауыр жараланған әйел оқиға орнында көз жұмған. Қылмысқа күдікті ретінде Атырау қаласының тұрғыны, 28 жастағы ер адам ұсталған. Жергілікті полицияның алдын ала мәліметінше, күдікті марқұммен бұрыннан таныс болған.
10 қазан сағат 22:30 шамасында Сәтбаев көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйдің ауласында болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Қазақстандық кейбір басылымдар әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбада қас қарайған шақта подъездің алдындағы орындықта отырған әйелдің жанына ер адам келіп, екеуі біраз уақыт сөйлескеннен кейін әйел орнынан тұрып, өзін бөгеуге тырысқан ер адамның қолын қағып тастап, кетпек болғаны көрінеді.
Сол кезде ер адам ту сыртынан әлдебір затты шығарып, онымен әйелдің белінен ұрған сәтте ол бір жағына қарай қисая береді. Әлгі адам оны қапсыра құшақтап, сүйреп алып кеткен.
Полиция дерегінше, ауыр жарақат алған әйел жедел жәрдем жеткенше қайтыс болған. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.