Шымкент қаласында 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істің үкімі шығып, айыпталушы 28 жастағы Шерхан Аймахан өмір бойына түрме жазасына кесілді.
Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің "Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру"; "Сталкинг" және "Некеге тұруға мәжбүрлеу" баптары бойынша айып тағылған. Айыптау актісіне сай, Шерхан Аймахана Нұрай Серікбайдың денесіне 35 рет пышақ жұмсаған. Студент қыз сол жерде жан тапсырған.
Сотта айыпталушы тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген. Бұған қоса, сотта қорғаушылар Аймаханның ақыл-есінің дұрыстығын қайта саралауды сұрағанымен, судья бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
1 сәуірде Аймахан мәжбүрлеп емдеуге жіберілгені белгілі болған. 30 сәуір күні ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов дәрігерлер күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп қорытынды жасағанын айтқан.
Сот отырысында прокурор Мадияр Әбілқасымов айыпталушыға өмір бойынша түрме жазасын сұраған еді.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН?
Алматыдағы оқуынан қысқы демалысқа Шымкенттегі үйіне келген Нұрай Серікбай биыл 11 қаңтарда кешке үйінен дүкенге шыққан кезде бір жігіт пышақтап, қашып кеткені түсіп қалған видео тараған еді. Ауыр жараланған студент қыз сол жерде көз жұмған. 13 қаңтарда полиция күдікті Шерхан Аймаханды Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстаған. Кейін оның үстінен «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалған.
Марқұмның жақындары Нұрай былтыр жазда тойда танысқан жігіт көп өтпей қызға сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқанын айтқан еді. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Туыстары Нұрайды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша құқық қорғау органдарына арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген.
Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамағанын айтқан қыздың ата-анасы прокуратура мен полицияға арызданған. Нұрайдың туысы "прокуратура мен полиция бұл арыз бойынша жұмыс жүргізбеген" деп мәлімдеген еді.
Жас қыздың кісі қолынан қаза табуы Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырып, бұл оқиға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарына іліккен.
22 қаңтарда Қазақстан ішкі істер министрлігі Нұрай Серікбайдың ісінде "салғырттық" танытқан полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Кейін Шымкент қаласының полиция бастығы, оның орынбасары, полиция департаментінің бастығы қызметтен шеттетілген.
Биыл Қылмыстық кодекске енгізілген өзгеріс бойынша "қыз алып қашу" ("Некеге мәжбүрлеу") “Адам ұрлау” бабына енгізіліп, ол бойынша жаза қатаңдатылған еді.