Accessibility links

"Құрылтай" атты парламент және вице-президент. Тоқаев Қазақстан Конституциясын қалай өзгертпек?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші жиынында сөз сөйлеп отыр. 26 қаңтар 2026 жыл, Қызылорда.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші жиынында сөз сөйлеп отыр. 26 қаңтар 2026 жыл, Қызылорда.

Қазақстан парламенті "Құрылтай" деп аталып, қазіргі ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарайды, орнына осы екі құрылымнан "Халық кеңесі" дейтін орган құрылады. Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші қызметі жойылып, мемлекет басшысы тағайындайтын вице-президент қызметі пайда болады. Бұл туралы 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел парламентін "Құрылтай" деп атауды ұсынды. Заң шығарушы органда 145 мандат болып, депутаттар бес жылға сайланбақ. Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болады, комитеттің саны сегізден аспайды. Депутаттар түгелдей пропорциялық жүйемен сайланады, ал жергілікті мәслихаттар мажоритарлық жүйемен сайланады. Бұл Тоқаевтың конституциялық реформа жөніндегі пайымдары. Оның бәрі референдум кезінде дауысқа салынбақ.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы мен ұлттық құрылтай тарап, осы екі құрылымның функцияларын атқаратын "Халық кеңесі" дейтін жаңа орган құрылады. Оған елдегі барлық ұлт, аймақ және топ атынан өкілдік ететін 126 адам мүше болмақ. Жоғары консультациялық органға этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және жергілікті қоғамдық кеңестерден 42 адамнан тағайындалады. Кеңесті толықтай президент жасақтайды, ал төрағаны мүшелері сайлайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік кеңесші қызметі жойылып, вице-президент лауазымы пайда болады. Оны парламенттің келісімімен президент тағайындайды. Жаңа лауазымның құзыреті мен міндеттерін де мемлекет басшысы айқындайды. Ұсынылып отырған жоба бойынша, вице-президент халықаралық форумдарда Қазақстан атынан өкілдік етеді; халықаралық делегациялармен келіссөз жүргізеді; парламентте президент атынан өкіл болады; отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен жұмыс істейді; президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды.

Президенттің айтуынша, конституцияға енгізілетін түзетулер саны бұрын көзделген көрсеткіштен асатынын, сол себепті бұл жаңа конституция қабылдауға пара-пар екенін айтты.

"Жалпы, бастапқыда парламентті реформалау аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз" деді ол.

Осыны айтқан Тоқаев елде конституциялық комиссия құрылатынын, ол туралы жарлыққа ертең қол қоятынын мәлімдеді.

"Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Оның ішінде ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз" деді президент.

Былтыр күздегі жолдауында Тоқаев Қазақстанның заң шығарушы органына реформа қажетін айтып, бірпалаталы парламент құруды ұсынды. Ол бұл реформаны референдум арқылы іске асыруға құлықты екенін жеткізді. Көп ұзамай Конституцияға енгізілетін түзетулер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған. 6 және 12 қаңтарда Тоқаев мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен өз көмекшісі Ержан Жиенбаевты екі рет қабылдап, парламенттік реформа жөнінде кеңес өткізді. Қарин e-Otinish мемлекеттік платформасында парламенттік реформа бойынша 500-ге жуық ұсыныс түскенін айтқан.

Ұлттық құрылтайдың бесінші жиынында президент Тоқаев сондай-ақ Арал теңізі мәселесін қозғап, көл суын қалпына келтіру үшін қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатқанын мәлімдеді. Президент биыл сәуірде Астанада халықаралық экологиялық саммит өтетінін, оған Аралды құтқару қорына мүше елдер қатысатынын хабарлады. Бұдан бөлек, ол көрші елдермен Каспий теңізі, Балқаш көлі және Ертіс өзенінің тағдыры жайлы келісу қажетін айтты.

Жиында айтылған жаңалықтарға келсек, жыл соңына дейін Қазақстан тарихы жөнінен жеті томдық кітап шығатыны, сондай-ақ алда "Жошы хан" фильмі жарық көретіні хабарланды.

"ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ" ЖӘНЕ "ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР"

Жиында Тоқаев санаулы күн бұрын кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайды мысал етіп, "қыз алып қашуға" қарсы екенін, осы оқиғадан соң ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырғанын мәлімдеді.

11 қаңтарда Шымкентте студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза болды. Желіде тараған видеода жас жігіттің, қызды пышақтап, қашып кеткені байқалған. 13 қаңтарда полиция 28 жастағы күдіктіні ұстап, үстінен адам өлтіру бабымен іс қозғаған.

"Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды" деді Тоқаев. "Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды".

Жиында Қазақстан басшысы дәстүрлі құндылықтар мен отбасы туралы ой бөлісті.

"Түрлі саяси авантюристерге ұлтымыздың құндылық ядросын бұзуға, жастарды жаңа сәндегі "балама" моральдық құндылықтардың жалған жолына бағыттауға жол беруге болмайды. Менің не туралы айтып тұрғанымды бәрі түсінгеніне сенімдімін" деді Тоқаев. "Біздің қоғамда неке институтын ер мен әйелдің мемлекеттік мекемеде куәландырылған ерікті одағы деп заңды түрде бекіту қажет".

Президенттің сөзінше, бұл саясатты "әрбір азаматта таңдау құқығы бар, бірақ оны біреуге таңуға ешкім құқылы емес" деген формуламен сипаттауға болады.

Тоқаевтың бұл сөзі "ЛГБТ пропагандасы" туралы заң жайлы пікір білдірген депутаттар мен билік өкілдерінің сөздеріне үндес шықты. Былтыр Қазақстанда "Кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" дейтін заң қабылданып, оның аясында "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салынған. Алайда құқық қорғаушылар "ЛГБТ пропагандасы" деген тіркестің өзі қисынсыз екенін, адамның жыныстық бағыты насихатпен өзгермейтінін, мұның туабітті қасиет екенін айтып келеді. Сондай-ақ олар бұл заң сөз еркіндігін шектеуде құрал болуы мүмкін екенін ескертеді. Ал қаңтардың басында Еуроодақ елдерінің Қазақстандағы елшіліктері бұл заңның қабылданғанына алаң білдіріп, мұның адам құқығын шектейтін норма екенін мәлімдеді.

МЕДИАСАУАТ ЖӘНЕ БАСҚА МӘСЕЛЕЛЕР

Жиында президентке дейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен құрылтайдың өзге мүшелері сөз сөйлейді. Ұлттық құрылтай жүйесін үйлестіретін Ерлан Қарин осы органның жұмысы жөнінде есеп берсе, мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесін қозғады; ал саясаттанушы Марат Шибұтов құрылыс компанияларына қойылатын талапты күшейтуді ұсынып, мәжіліс депутаты Сергей Пономарев балалардың әлеуметтік желіні қолдануын шектеу қажетін айтты.

Отырыста сөз сөйлегендердің бірі – "Әділ сөз" ұйымының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова. Ол Қылмыстық кодекстегі 158-бап, яғни журналистік кәсіби қызметіне кедергі келтіру туралы норма тиімді жұмыс істемей отырғанын айтып, оны әкімшілік құқық бұзушылық саласына ауыстыруды ұсынды. Жаманқұлова сондай-ақ қоғамда медиасауатты арттыру қажет екенін сөз қылып, баспасөз құралдарына қаржылай қолдау көрсету мәселесін қозғады. Оның сөзінше, қазір жарнама нарығының 65 пайызы YouTube пен Tiktok секілді ғаламдық платформаларға кетіп жатқандықтан, отандық медиа қолдауға мұқтаж. Жаманқұлова президенттің бірпалаталы парламент туралы ұсынысын қолдайтынын, бірақ онда әйелдерге арналған 30 пайыздық квотаны сақтауды өтінді.

Ұлттық құрылтай – президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Құрамына қоғамның түрлі өңірінен және саласынан 117 адам кіреді. Оған президенттің өзі жетекшілік етеді. Бұл бастаманы Тоқаев 2022 жылғы наурыздағы жолдауында көтеріп, сол жылы 15 маусымда Қазақстан басшысы осы органды құру туралы жарлыққа қол қойды да, көп ұзамай Ұлытауда алғашқы жиын өткізді. 2023 жылы құрылтай Түркістанда, 2024 жылы Атырауда, ал былтыр 2025 жылы Бурабайда өткен еді. Ұлттық құрылтай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жалғасы болды. Бұл форматты Тоқаев 2019 жылы билік басына келген кезде бастаған. Оған да биліктен және қоғамнан ондаған адам қатысқан.

XS
SM
MD
LG