Accessibility links

"Диалог алаңына айналмаған құрылым". Қоғамдық сенім кеңесінен Ұлттық құрылтайға дейін


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай жиынында отыр. 14 наурыз, 2025 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай жиынында отыр. 14 наурыз, 2025 жыл

Қызылордада Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтпекші. Билік қоғаммен арадағы диалог алаңы ретінде құрған кеңесші орган алқалы жиында талқылайтын тақырыптар арасында ел парламенті құрылымын өзгерту мәселесі де бар.

19 қаңтар күні Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың азаматтық қоғам, экономикалық даму, әлеуметтік-мәдени даму, білім және ғылым жөніндегі 4 жұмыс секциясының отырысы өтеді.

Ал сейсенбі күні басталатын Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысына оның төрағасы – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп жоспарланған. Тоқаев құрылтай қай күні өтетінін осыдан бір апта бұрын белгілеген. Сарапшылар бұл жиында Конституцияға кезекті мәрте енгізілетін өзгертулердің мазмұны мен жалпыұлттық референдум қай күні өтетіні айқындалуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Тоқаев бұған дейін елдің қос палаталы парламентін бір палаталы етіп өзгерту мәселесі алдағы құрылтайда талқыланатынын, ал түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданатынын мәлімдеген.

"Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын", – деген еді Тоқаев былтыр күзде парламент мінберінен жариялаған халыққа жыл сайынғы жолдауында.

Сарапшылардың кейбірі референдум өткізу мәселесі ұзаққа созылмас, тіпті биыл көктемге белгіленуі әбден мүмкін, ар жағында кезектен тыс парламент сайлауының ауылы да алыс болмас деп топшылайды.

Қызылордадағы алқалы жиынның күн тәртібі әзірге жарияланған жоқ. Ақпарат құралдары құрылтайда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім мен ғылым, сонымен бірге мәдениет, өнер және руханиат мәселелері де қаралатынын жазып жатыр.

Қазақстан президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналатын Ұлттық құрылтайдың құрамында кейбір депутаттар, жоғары лауазымды шенеуніктер, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың, бизнес қауымдастығының, әдебиет, мәдениет, БАҚ, спорт, білім, медицина саласы өкілдері, заңгерлер және басқалар – барлығы 117 адам бар.

Ұлттық құрылтай 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы – Түркістанда, 2024 жылы – Атырауда, ал былтыр Бурабайда өткен.

БИЛІК ТРАНЗИТІ КЕЗІНДЕГІ УӘДЕ МЕН ІСТІҢ АЛШАҚТЫҒЫ

Ұлттық құрылтай тарихы Қазақстанда 2019 жылы жазда пайда болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен бастау алады. Бұл кеңесті сол кезде халық арасында үкіметке наразылық жиілеген тұста жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "билік пен қоғам арасындағы диалогты жолға қою" мақсатында құрған. Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев билік тізгінін көп жылғы сенімді серігі болған Тоқаевқа тапсырған соң, елде саяси транзит жүріп жатқан шақта қоғамда ашықтық, әділеттілік және реформаларға деген сұраныс күшейген болатын.

2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс сайлаудың ресми мәліметі бойынша, сайлаушылардың 71 пайызының қолдауына ие болып, Қазақстан тарихындағы екінші президент болып сайланғаннан кейін Тоқаев "саяси өзгерістер жасамай, Қазақстан өзгерістер мысалына айнала алмайды, саяси реформа болмайынша, экономикалық реформаны да ілгерілету мүмкін емес" деп мәлімдеген. Тоқаев қоғаммен диалог орнату керегін елде жаппай наразылыққа шыққан азаматтардың кемінде 4 мыңы ұсталған кезектен тыс сайлаудан кейін айтты. Жаппай наразылық акциясына шыққандар арасында сайлауға бойкот жариялаушылар да, "саяси жүйені түбегейлі өзгертуге" үндегендер де болды. Олар биліктен сайлау, бейбіт митингілер және саяси партиялар туралы заңдарды өзгертуді талап еткен. Сайлаудан кейінгі сөздерінде президент "тиімді мемлекеттік басқару", "еститін үкімет" сияқты риториканы жиі қайталап, саяси реформа жасауға уәде берген еді.

Құрамына саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері енген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі елге көптен бері қажет заң жобаларын дайындап, саяси реформалар жүргізуге атсалысады делінген. Кеңес отырыстарының бірінде елдегі сайлау, саяси партиялар, бейбіт митингілер туралы заңдарды қайта қарау қажеттігі жайлы бастама көтерілген.

Арада шамалы уақыт өткенде кеңеске мүше кейбір адамдар оның жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Бақытжан Бұқарбай, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев сынды жекелеген азаматтар кеңестің тиімсіздігін, елдің дамуы үшін маңызды саяси шешімдер қабылдауға ықпал ете алмайтынын айтып, оның құрамынан шығып кетті.

Бақытжан Бұқарбай "халық отыз жыл күткен саяси реформалар жүзеге асып қалады-ау деген үмітпен Ұлттық кеңеске мүше болуға келіскенін, бірақ Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына ақыры көзі жеткенін" айтты.

Экономист Мұхтар Тайжан елде азаматтық белсенділердің жаппай ұсталуын "естімейтін, бірақ істейтін мемлекет" деген сын айтып, билік уәде еткен демократиялық реформалар басталмай жатып тоқтай бастағанына көзі жеткенін әлеуметтік желіде жазды. Ол елде оппозициялық партия құрғысы келетін белсенді азаматтарды қудалау бұрынғысынша жалғасып келе жатқанын сынға алды. Қоғамда Ұлттық кеңесті қоғамдық диалог имитациясын жасайтын алаң деп сынағандар да болды.

Сол тұста президенттің көмекшісі әрі Ұлттық кеңесті ұйымдастырушылардың бірі болған Ерлан Қарин де әлеуметтік желіде пікірін жариялап, "хайп орнына реформаны жылжыту үшін жұмыс істеу керегін" жазды.

"Ұлттық кеңес – саяси ұйым емес, кеңес беретін орган. Оның мүшесіне қатаң талап қойылмайды. Сондықтан кеңестен біреудің шыққанынан немесе оған кіргенінен сенсация жасаудың қажеті жоқ" деді Қарин. Шенеунік оппозициялық партия құрғысы келетіндерді қудалау жайында ештеңе демеді.

2020 жылғы 25 мамырда жаңадан қабылданған бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңда конституциялық құқығын пайдаланып, көпшілік жиын өткізгісі келген азаматтар жергілікті әкімдіктен рұқсат алуға міндетті емес, тек ескертсе жеткілікті деп жазылған. Билік мұны саяси реформаның бір нышаны деп атап, оны жетістік деп көрсетті.

Бірақ іс жүзінде азаматтар митингіге шығатыны жайлы ескерту жасағанымен, әкімдік келісім бермесе, ол жиын заңсыз деп танылып, билік оған қатысушыларды әкімшілік жауапқа тартады дейді құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер. Олар елдегі жиын-митингілер тек әкімдік рұқсатымен өтетін баяғы тәртіп еш өзгермегенін айтып, билік шынайы реформаға бармай отыр деп сынға алған. Алайда үкімет елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық сақталады" дейді.

Кей сарапшылар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін елді авторитарлық билік жүйесінен шынайы демократиялық жолға түсіруді мақсат ететін шынайы саяси реформалардан гөрі белгілі бір кезеңдегі саяси-әлеуметтік наразылықты тарқатуды көздейтін құрылым деп атаған.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар, белсенді азаматтар қоғамдық-саяси өмірдегі түрлі мәселелерді көтеріп, олардың кейбірі шешімін тауып жатты. Соның ішінде "жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастау, биліктегі гендерлік теңдік сиқты мәселелер бар.

ҚАНДЫ ҚАҢТАРДАН СОҢ

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін билік қоғамдық-саяси жүйені "жаңғырту" қажеттігін жариялап, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құру бастамасын көтерді. Президент риторикасында құрылтай қазақ тарихындағы дәстүрлі кеңесші институттың қазіргі заманғы нұсқасы ретінде ұсынылды. Осылайша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына ауқымы кеңірек, символикалық атауға ие жаңа кеңесші орган – Ұлттық құрылтай туралы жарлық шықты.

117 адамнан тұратын Құрылтайды президент өзі басқарып, орынбасарлары етіп Қаңтар кезінде мемлекеттік хатшы деген жаңа лауазымға ие болған Ерлан Қарин мен "Бас редакторлар клубы" республикалық қоғамдық бірлестігі президенті Бибігүл Жексенбайды тағайындады.

Қарин Ұлттық құрылтайды "жалпыұлттық құндылықтарға негізделген қоғамның бірігуін одан ары дамытуға бағытталған ұзақмерзімді сипаты бар мәселелерді талқылайтын" алаң болады деп сипаттаған. Құрылтай отырыстарына тек оның мүшелері қатысады деп айтылды.

Құрылтай құрамын қалыптастыру тетігінің жабықтығы қоғамда сынға ұшырады. Ресми түрде құрылтайға қоғамның түрлі саласының өкілдері: депутаттар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өңірлік белсенділер, этномәдени бірлестіктер мүшелері кіретіні айтылды. Алайда нақты іріктеу талаптары, ұсыныс беру немесе балама кандидатуралар механизмі ашық жарияланған жоқ. Сол себепті қоғамда құрылтай құрамына билікке жағатын, бұрыннан мемлекеттік немесе квазимемлекеттік құрылымдармен байланысы бар, өкіметті жүйелі түрдеу сынаудан аулақ адамдар енген деген пікір айтылды. Ал билікке сыни көзқарастағы, қоғамды демократиялық жолмен дамытудың балама бағдарламасын ұсынатын күштер Ұлттық құрылтайға енбей қалғаны да сынға ілінді.

Кей сарапшылар Тоқаевқа ұлттық құрылтай "режимнің мүддесін білдіретін және президенттің кейбір бастамаларын қоғам атынан өткізетін орган" ретінде қажет болды деген пікір айтқан.

2022 жылғы жазда Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Тоқаевқа мақтау-мадақ жиі айтылып, президент айтса "отқа да, суға да түсуге дайын" екендерін мәлімдегендер де болды.

 "Отқа да, суға да түсеміз!" Құрылтайда Тоқаевты қалай мақтады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:52 0:00

Алғашқы құрылтайдан-ақ БАҚ өкілдеріне жиын өтіп жатқан залға кіруге шектеу қойылды. Көбіне журналистері жиынды құрылтай өтіп жатқан залдан басқа жерде орнатылған телеэкраннан көріп, тыңдады.

Қазіргі кезде қоғамда Ұлттық құрылтайға деген көзқарас біркелкі емес, жалпы алғанда скептицизм басым деуге болады дейді сарапшылар. Қоғамның бір бөлігі оны билік пен қоғам арасындағы диалог сақталған жалғыз алаң ретінде қабылдаса, екінші, әлдеқайда кең тараған пікір бойынша, құрылтай нақты билік тетіктері жоқ, шешім қабылдауға ықпалы шектеулі, символикалық және декларативті сипаттағы орган саналады.

Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина Ұлттық құрылтай да, оның алдындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де билік пен қоғам арасындағы толыққанды пікір алмасу алаңына айнала алмады деп есептейді.

Бақытжан Төреғожина: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылы кезектен тыс президент сайлауынан кейін, қоғамда сенім дағдарысы мен наразы көңіл-күй күшейген тұста, билік пен қоғам арасындағы диалог алаңы ретінде ұсынылып, "билік халықты естуге тиіс" деген ұранмен реформаларды талқылауға арналған еді. Оның құрамына азаматтық қоғамның билікке жағатын өкілдері мен сарапшылар кірді. Бірақ, шынайы диалог болған жоқ: күн тәртібі жоғарыдан белгіленді, ал қабылданатын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі тым шектеулі болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл орган өз жұмысына ешқандай жария баға берілместен таратылды.

Азаттық: Ал оның орнына келген Ұлттық құрылтайды билік, тарихи атауы айтып тұрғандай, елді толғандырған көкейкесті мәселелерді қоғам болып талқылайтын алаң болады деп айтқан еді. Содан бергі кезеңде не байқалды?

Бақытжан Төреғожина: Ұлттық құрылтайда пікірталастан гөрі жасанды бірлік пен көзбояушылық басым. Құрылтайдың тарихи бейнесі символ ретінде пайдаланылды. Оның құрамына да сол бұрынғыдай билікке жақын, жүйеге бейім адамдар енді.

Сондықтан атауы дардай болғанымен, ҰҚСК да, Ұлттық құрылтай да қоғамның барлық әлеуметтік топтарының мүддесін шынайы түрде білдіре алмады. Бұлар – нағыз қоғамдық диалог алаңы емес, Ақорданың алдын ала қабылданған шешімдерін заңдастыруға арналған құралы ғана.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), Ерлан Қарин (сол жақта) мен Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтай жиынында. Атырау, 15 наурыз, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), Ерлан Қарин (сол жақта) мен Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтай жиынында. Атырау, 15 наурыз, 2024 жыл.

Ашығын айтқанда, Ұлттық құрылтай билік пен қоғам арасындағы толыққанды пікір алмасу алаңына айнала алған жоқ. Себебі онда билік өздері алдын ала бекіткен идеяларды ғана жариялап, толық қолдауға ие болды. Ал нақты талқылау мен пікірталас жоқтың қасы.

Жалпы алғанда, Құрылтай 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттің "халықты естіп отырғанын", қоғамның жаңарып, бірігіп жатқанын көрсету үшін қажет болды.

Азаттық: Құрылтайдың құрамы жайлы не айтар едіңіз? Үкіметке балама ой-пікір, тың ұсыныстар айтатын тұлғалардың үні естіле ме?

Бақытжан Төреғожина: Ұлттық құрылтай құрамына билікке ыңғайлы қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлер мен мәдениет өкілдері – яғни жүйелі сын айтпайтын адамдар енгізілді. Сол себепті онда сындарлы көзқарастағы, өткір әрі қолайсыз сұрақ көтеретін тұлға жоқ.

Мұның себебі қарапайым: бұл құрылтай ой жарыстырып, пікірталас нәтижесінде ортақ мәмілеге сүйеніп шешім қабылдайтын алаң ретінде ойластырылмаған. Ол билік үшін қауіпсіз, сырт көзге бірлік пен ынтымақты көрсетуді маңызды көретін, ал шынайы пікір алуандығы елеусіз қалған құрылымға айналған.

Ұлттық құрылтай отырыстарында әлеуметтік әділетсіздік, тіл мен мәдениет мәселелері қозғалғандай болды. Алайда олардың басым бөлігі жалпылама әңгіме деңгейінен аспады. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты ең ауыр сұрақтар – не жағдай болды, бұған кім жауапты, неге әлі күнге дейін саяси баға берілмеген деген мәселелер мүлде көтерілген жоқ.

Сол себепті Қаңтардан кейін өзгерістер болады деген халықтың үміті ақталмады. Уәде көп айтылды, алайда іс жүзінде нақты нәтиже көрінбеді.

Құрылтайдың нақты өкілеттігі жоқ. Оның шешімдері тек ұсыныс сипатында, ал билік оларды орындауға міндетті емес. Мұндай жағдайда тіпті маңызды бастамалардың өзі сөз жүзінде қалады. Ұлттық құрылтай формалды алаң күйінде қалып, уақыт өте келе өз маңызын жоғалтады деген ойдамын.



XS
SM
MD
LG