Былтыр 8 қыркүйекте парламент мінберінен халыққа жыл сайынғы жолдауын жариялаған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы парламентке көшу идеясын ұсынған.
Қазір Қазақстанда екі палаталы парламент жұмыс істейді. Төменгі палата (мәжіліс) 2022 жылы өзгертілген Конституцияға сәйкес аралас пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Ал жоғарғы палата (сенат) анағұрлым күрделі тәртіппен жасақталады. Сенатқа әр өңірден, астана және республикалық маңызы бар қалалардан екі депутаттан сайланады, алайда оларды халық емес, жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттар) мүшелері таңдайды. Бұдан бөлек, сенаттың тағы 10 депутатын президент тағайындайды, олардың бесеуі ұлттық мәдени орталықтарды біріктіретін әрі президент басқаратын Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындалады.
Тоқаевтың былтыр күздегі сөзінен кейін Конституцияға енгізілетін түзетулер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған. 12 қаңтарда президент мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және өз көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Ақорданың хабарлауынша, олар парламенттік реформа даярлаудың барысы жайлы баяндаған.
"Ержан Жиенбаев мемлекет басшысын конституциялық реформаға қатысты Жұмыс тобы мүшелері мен жұртшылықтан келіп түскен жаңа ұсыныстармен таныстырды. Президент барлық пікір мен бастаманы ескеру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынын мәлімдеді", – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Конституциялық реформа бойынша жұмыс жайлы жаңалықтың Ұлттық құрылтай жиыны өтетіні жайлы құлақтандырумен қосарласа жариялануын ескерсек, дауыс беретін күн де дәл сол шара барысында айтылып қалар деп топшылайды саясаттанушы Ғазиз Әбішев. Оның болжамы бойынша, егер референдумде бір палаталы парламентке көшу мақұлданса, онда кезектен тыс парламент сайлауын өткізу қажет болады. Және де ол саяси емес, негізінен экономикалық себептерге байланысты болмақ: әлемдік нарықта ұсыныс артуына байланысты мұнай бағасы төмендеуі әбден мүмкін.
"Бюджет тапшылығы ешқайда кетпегенін, ал макроэкономикалық жағдай нашарлауы мүмкін екенін түсінген жөн. Өйткені бүкіл экономика мұнай саудасы әлі де қатты тәуелді, ал оның бағасы тұрақсыз – құлдырап кетуі мүмкін. Егер сайлау, мысалы, 2028 жылғы қаңтарда өтетін болып, ал 2027 жылы экономикалық жағымсыз сценарийлер өрбісе, бұл елдегі тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазір жаңа архитектураға бейімделіп "қайта жаңару" қисынды көрінеді", – дейді астаналық саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Экономикалық жағдай нашарлауы мүмкін деген қауіп барын экономист Айдар Әлібаев та растайды. Ол геосаяси үдерістер Қазақстанға пайда әкелмейтіндігіне сенімді. Егер нарыққа венесуэлалық, ол түгілі тіпті Иран мұнайы ағылатын болса, баға құлдырауы мүмкін. Әлібаевтың пікірінше, қазіргі шақырылымдағы депутаттардың өкілеттігі аяқталатын енді екі жылдан соң кедейленген халықтың саясаткерлерге деген сенім-көзқарасы күрт өзгермесіне ешкім кепіл бола алмайды.
"Жағдайдың нашарлауымен қоса биліктің беделі де, оған деген сенім де төмендейді. Өйткені олар жұрттың өмірін жақсарту үшін дым істемей отыр. Ал саяси реформалар, соның ішінде парламенттік реформа, экономикалық жағдай неғұрлым ауыр болған кезде жүргізілсе, билік тіпті сайлауда жеңілмесе де, оның қолдап дауыс бергендер өте аз болады", – деп түсіндіреді Айдар Әлібаев.
Қазақстанда қазір жұмыс істеп жатқан парламент 2023 жылғы 19 наурызда сайланған. Ол да кезектен тыс сайлау болатын. Бұл сайлаудың ерекшелігі сол, дауыс беру көптен бері алғаш рет аралас сайлау жүйесі бойынша өткен еді: депутаттар партиялық тізіммен және бірмандатты округтерден сайланды. Кейін бірмандатты округтер бойынша парламентке кімдер өткені жарияланған соң көптеген кандидаттар оған келіспей, сайлауда бұрмалаушылықтар болғанын мәлімдеп, дауласқан. Алайда Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлау барысында "елеулі заң бұзу оқиғалары болмағанын" мәлімдеп, мәжілістің жаңа құрамы жұмысын бастаған.
2025 жылғы халыққа жолдауында президент Тоқаев тек партиялық тізімдер бойынша дауыс беру жүйесіне қайта оралу туралы ұсыныс айтты. Ал 2022 жылы Қанды Қаңтар көтерілісінен кейін Конституцияны өзгерту жөніндегі референдум алдында ол аралас сайлау жүйесі "сайлаушылар мүддесін толық қорғауға мүмкіндік береді", "көзқарастардың кең ауқымын қамтамасыз етеді" және "азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды" деп мәлімдеген еді. Араға үш жыл салып, билікті өз қолында шоғырландырғаннан кейін, Тоқаев "бір орында тұрып қалуға болмайды" деп мәлімдеді.
Саяси шолушылар Конституцияны кезекті рет түзеп-күзеу президент лауазымындағы өкілетті мерзімі 2029 жылы аяқталатын Тоқаевтың билікте қалу мерзімін ұзартуды көздеген шара болуы мүмкін деп топшылаған. Немесе қазіргі президентке парламент спикері ретінде шешуші рөл берілетін жаңа саяси конфигурация жасалуы мүмкін деген болжамдар да айтылды.
Жақында президент Тоқаев қазақ тілінде шығатын Turkistan газетіне берген сұхбатында әлгіндей болжам-долбарларды "бос сөз" деп жоққа шығарған. Оның өз сөзімен айтқанда, "жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті, адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді".
Қазақстанның Негізгі заңына енгізілетін болашақ өзгерістердің нақты сұлбасы әзірге белгісіз. Қандай баптар және қалай өзгертілетіні де әзірге анық емес. Turkistan газетіне берген сол сұхбатында Тоқаев "жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады" деп мәлімдеген.