Accessibility links

Ұлттық кеңес жиыны. Бай-кедей деп жіктеу һәм түпкі мақсаттан ауытқу


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің онлайн отырысында. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2020
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің онлайн отырысында. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2020

Мамырдың 27-сі күні Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Коронавирус пандемиясына байланысты онлайн өткен жиынның алдын ала жарияланған тақырыбы медицина мен білімге арналғанымен, баяндаманы басым бөлігі оқу-ағарту жайында болды. Кеңес мүшесі Асылбек Қожахметовтың "ауқатты отбасынан шыққан балаларға мемлекеттік білім грантын бермеу керек" дейтін ұсынысы және кеңес отырысының саяси реформаға тікелей қатысы жоқ тақырыпқа арналуы мамандар арасында түрлі пікір тудырды.

Мұғалімдер мәселесін көтеріп жүрген Аятжан Ахметжан Асылбек Қожахметовтың бай баласын мемлекеттік гранттан қағу туралы пікірінен таптық бөліністі көретінін айтады.

- Жалпы, бай немесе кедей деп жіктеу дұрыс емес. Таптық жіктеу дамыған қоғамның белгісі болып саналмайды. Бұл кезіндегі кедей мен байдың күресі дегендей күлкілі нәрсе. Ол байдың баласы ма, кедейдің баласы ма, ол жетім бе, басқа ма бәрібір. Мемлекеттік білім гранты тек білімге ғана берілуі керек, - дейді, Аятжан.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн отырысы. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2020
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн отырысы. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2020

Нұр-Сұлтандағы жоғары оқу орындарының бірінде сабақ беретін Қуандық Шамахай әріптесінің сөзін қуаттайды. Ол адамның қарым-қабілетіне, дарынына берілетін білім гранты әлеуметтік статусқа қарай бөлінетін жәрдемақы емес деген ойда.

- Әке-шешесі ауқатты, баласы білімді болса, ол неге білім грантынан қағылуы керек? Екіншіден, байдың балалары біздің отандық университеттерді таңдамайды. Ақшасы көп байлар балаларын ақылы орта мектептерде оқытады. Оларға білім грантының көк тиынға қажеті жоқ. Баласы Қазақстанда оқымаса, оны қайтеді? Сондықтан, бұл ұлттық сенім кеңесінде халыққа ұнайтын сөз ретінде айтылған әңгіме. Өз басым мұны елге жасалып жатқан жақсылық, керемет жаңалық деп ойламаймын, - дейді ол.

Кеңес әу баста қоғам мен билік арасында диалог орнататын құрылым болады деп жоспарланған. Бірақ, қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар бұл ұйымның алғашқы ұстанымынан айнығанын айтады. Олар бұған мысал ретінде биліктің медицина мен білімді басқа алаңда емес, ұлттық кеңесте талқылауын айтады.

- Меніңше, ұлттық қоғамдық сенім кеңесі саяси реформа мен белгілі бір деңгейде билік транзитімен айналысатын орган деп әуелде жоспарланған бағытынан өзгеріп кеткен сияқты. Яғни, бұл танымал азаматтар мен қоғам қайраткерлерінен құрылған, солардың ұсынысымен президент қандай да бір реформалар жасап, шешімдер қабылдайтын, қоғам мүддесіне қызмет ететін құрылым болуы керек еді. Кеңес белгілі бір деңгейде қоғамдағы түрлі көзқарастың көрінісін айқындап, кері байланыс орнатып, түрлі идея мен ұсыныстарды жариялауы тиіс-тін. Қазір де ұлттық қоғамдық сенім кеңесі президент қайсыбір мәселені талқылап, әлдебір пікірді тыңдайтын жай ғана ақылдасатын органға айналып бара жатыр, - дейді Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Азаттыққа пікір берген саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт те кеңестің алғаш қалай құрылғанын еске түсірді.

- Ұлттық кеңес саяси реформа жасаймыз деген уәдемен құрылды. Меніңше, парламенттегі сияқты комитеттерге бөлу ұлттық кеңесті құрған адамдардың түпкі мақсаты болған. Яғни, олар саяси реформаларды түбегейлі жасай алмайтынын әу бастан білген. Олар мұны бұрыннан көтеріліп жүрген білім саласының мәселесі арқылы "ұлттық кеңес қоғамға пайда әкелетін дүниемен айналысып жатыр" деген көзқарасты қалыптастыру үшін жасады деп ойлаймын. Өйткені, білім бағытындағы жұмыс тобындағы танымал азаматтардың әлі де қоғамға сөздері өтеді. Ұлттық кеңес осы тұлғалардың қоғамдағы репутациялық салмағын өз мақсаттарында пайдаланып жүр, - дейді Шалқар Нұрсейтов.

Ал Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде медицина мен білім саласының сөз болуы бекер емес дейді.

- Қазір әлеуметтік теңсіздік басты мәселе болып тұр. Тек ауқатты адамдар ғана сапалы медициналық көмек пен сапалы білім ала алады. Ал кедейлердің ондай қызметтерге қолы жетпейді. Осындай әлеуметтік теңсіздік әсіресе коронавирус кезінде анық байқалды. Сол себепті бүгінде билік пен қоғам үшін аталған екі тақырып өзекті. Әлбетте әу баста бұл мәселелер ұлттық сенім кеңесінің талқысына енбеген. Бірақ, коронавирус бұлардың тез арада шешімін табуы тиіс мәселе екенін көрсетті. Қоғам қашықтан оқуға дайын болмады. Сақтық шараларын да жасауға асықпады. Медициналық маска тақпады. Жалпы өз қамдарын дұрыс ойламады. Мемлекет те, мәселені демократиялық жолмен реттей алмады деп айтуға болады. Қоғам да, билік те, бұл тұрғыда әлсіздігін көрсетті. Сол үшін мәселені талықылауға шығарып отыр, - дейді ол.

Ұлттық кеңес 2019 жылы қоғамда билікке деген наразылық өршіп тұрған кезде сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған. Құрамына 44 адам кірді. Бұған дейін кеңес өкілдері толық құрамда екі рет бас қосты. Ол отырыстарда "Саяси партиялар", "Сайлау туралы" және "Бейбіт жиындар туралы" заңды өзгерту мәселесі қозғалды. Одан кейін бұл заңдар парламентте талқыланып, қос палата мақұлдаған соң оған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қол қойды. Карантин кезінде қабылданған заңдарға қатысты құқық қорғаушылар мен белсенділер көңілдері толмайтынын айтты. Ал халықаралық ұйымдар заңды қабылдауға қоғамның араласпағанын алға тартып, сын айтты.

Қазбек Бейсебаев: Ұлттық кеңес – керек кезде билікті қолдайтын органға айналды

"Ұлттық кеңес – керек кезде билікті қолдайтын органға айналды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:39 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG