Accessibility links

Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасы бойынша сот басталды

Нұрай Серікбай
Нұрай Серікбай

Шымкентте 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың кісі қолынан қаза табуына байланысты қозғалған іс бойынша сот өтіп жатыр. Қылмыстық іс бойынша күдікті 28 жастағы жігіт тағылған айыптарға келіспейтінін мәлімдеді. Жәбірленуші тарап сот отырысынан тікелей трансляция жүргізілуін талап еткенімен, айыпталушының қарсылығын ескерген судья сот тыңдауын онлайн көрсетуге рұқсат етпеді. Сот отырысы ашық режимде өтіп жатыр.

21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты қозғалған іс бойынша алдын ала сот отырысы 2026 жылғы 21 шілдеде басталған, бірақ сол күні айыпталушының денсаулығы нашарлап (қызуы көтеріліп) кетуіне байланысты сот отырысы уақытша кейінге қалған еді.

23 шілде күні Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында алдын ала сот отырысы жалғасты.

Бұл іс бойынша 28 жастағы Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің "Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру"; "Сталкинг" және "Некеге тұруға мәжбүрлеу" баптары бойынша айып тағылған. Сот залында өзін фото мен видеоға түсіруге қарсы болған Аймахан тағылған айыптарға келіспейтінін мәлімдеді. Жәбірленуші тарап сот отырысы тікелей эфирде көрсетілуін талап еткенімен, айыпталушының қарсылығын ескерген судья сот отырысынан онлайн трансляция болмайтынын хабарлады. Сот ашық өтіп жатыр, оған БАҚ өкілдері қатысып отыр.

Сотта айыптау актісін оқыған прокурор Мадияр Әбілқасымов жәбірленуші Нұрай Серікбайдың денесіне 35 рет пышақ жұмсалғаны анықталғанын айтты.

Алматыдағы оқуынан қысқы демалысқа Шымкенттегі үйіне келген Нұрай Серікбай биыл 11 қаңтарда кешке үйінен дүкенге шыққан кезде бір жігіт пышақтап, қашып кеткені түсіп қалған видео тараған еді. Ауыр жараланған студент қыз сол жерде көз жұмған.

13 қаңтарда полиция күдікті Шерхан Аймаханды Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстаған. Кейін оның үстінен адам өлтіру бабымен іс қозғалған.

Жас қыздың кісі қолынан қаза табуы Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырып, бұл оқиға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарына іліккен.

Марқұмның жақындары Нұрай былтыр жазда тойда танысқан жігіт көп өтпей қызға сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқанын айтқан еді. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Туыстары Нұрайды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша құқық қорғау органдарына арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген.

Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамағанын айтқан қыздың ата-анасы прокуратура мен полицияға арызданған. Нұрайдың туысы "прокуратура мен полиция бұл арыз бойынша жұмыс жүргізбеген" деп мәлімдеген еді.

22 қаңтарда Қазақстанның ішкі істер министрлігі Нұрай Серікбайдың ісінде "салғырттық" танытқан полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Соның алдында Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың 5-отырысында сөйлеген сөзінде президент Тоқаев елдің ішкі істер министріне Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырып, Бас прокуратура бұл істі бақылауға алады деп мәлімдеген еді.

"Сол күні (президент тапсырма берген күні - ред.) министрлік тәртіп комиссиясы аясында Шымкент қаласының полиция бастығы, оның орынбасары, полиция департаментінің бастығы қызметтерінен босату, сонымен бірге жәбірленушінің шағымы бойынша номенклатуралық істі қозғау және есептен шығару шараларын қолданбаған лауазымды тұлғаларды теріс негіздер бойынша жұмыстан босату туралы шешім қабылдады" деді ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов.

Биыл Қылмыстық кодекске енгізілген өзгеріс бойынша "қыз алып қашу" ("некеге мәжбүрлеу") “Адам ұрлау” бабына енгізіліп, ол бойынша жаза қатаңдатылған еді.

1 сәуірде Нұрай Серікбайдың өлімін күдікті адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілгені белгілі болған. 30 сәуір күні ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов дәрігерлер күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп қорытынды жасағанын айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG