Accessibility links

Гюмридегі қазаға жыл толды

Армениядағы Гюмри қаласында 12 қаңтарда бұдан тура бір жыл бұрын Аватесяндар отбасында кісі қолынан мерт болған жеті адамды (арасында екі бала бар) еске алу шарасы өтті. Бұл оқиға бойынша Армения мен Ресей тараптары қылмыстық істер қозғаған. Қылмысқа байланысты Гюмридегі ресейлік 102-ші әскери базаның бұрынғы қызметкері Валерий Пермяковқа айып тағылған. Ол өз айыбын мойындаған. Жаппай адам өлтіру оқиғасы жұрттың наразылығына ұласқан. Қайғылы оқиғадан соң бір жыл өткенде адамдарынан айрылған отбасының туыстары қылмыстың шынайы себебі мен мән-жайы анықталған жоқ деп санайды.

Марқұм Асмик Аветисянның әпкесі Рита Петросян қылмысты Пермяков жалғыз жасаған дегенге сенбейтінін айтады. Марқұмдардың туыстары бұл іс бойынша соттың ресейлік әскери база территориясында өткізіліп жатқанына да наразы, егер сот осылай жалғаса берсе, онда өздері сот отырысына бойкот жариялайтындарын мәлімдеген.

Былтыр тамыз айында 102-ші әскери база территориясында өткен ресейлік гарнизондық әскери сот Пермяковты әскери бөлімнен қашқаны және қару ұрлағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуге үкім шығарған. «Адам өлтіру» бабы бойынша іс жеке қылмыстық өндіріске алынып, Армения жағына берілген. Бұл іс бойынша сот тыңдауы былтыр 18 желтоқсанда басталған. Кезекті сот отырысы 18 қаңтарға белгіленген.

XS
SM
MD
LG