Армения билігі 23 қарашада елдің жаңа Конституциясының жобасын жариялады деп хабарлады Азаттықтың Армян қызметі – Азатютун радиосы.
Негізгі заңды өзгерту – Әзербайжанның Армениямен бейбіт келісім жасасу және екі ел арасындағы қарым-қатынасты түпкілікті қалыпқа келтіру үшін қойған басты талаптарының бірі. Армения премьер-министрі Никол Пашинян Конституцияны өзгертуге бастамашы болғанымен, жобаны референдумға шығару мүмкін бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз – бұл мәселе парламенттегі дауыс беруге байланысты.
Пашинян жаңа Конституция жобасы жарияланған арнайы сайттың сілтемесін бөлісті. Азаматтарға жоба туралы пікір білдіріп, өз ұсыныстарын енгізу ұсынылып отыр. Азатютун радиосы жаңа Конституцияның кіріспе бөлімінде Арменияның Тәуелсіздік декларациясы туралы ештеңе айтылмағанын атап өткен. Қазір қолданыстағы Конституцияда сілтеме жасалған, 1990 жылы қабылданған декларацияда Таулы Қарабақ аталған. Ол – ұзақ уақыт бойы Армения мен Әзербайжан арасындағы жерге байланысты дауға себеп болған, халықаралық деңгейде Әзербайжанға тиесілі деп танылған аумақ.
2023 жылы Әзербайжан Қарабақтың бүкіл аумағына күшпен бақылау орнатты. Пашинян Қарабақты Арменияға қосу жөніндегі қозғалысты қателік деп санайтынын және Әзербайжанмен қарым-қатынаста екі елдің халықаралық деңгейде мойындалған шекараларын негізге алуға ниетті екенін бірнеше рет айтқан. "Халықаралық деңгейде мойындалған аумақ" деген тіркес жаңа Конституция жобасында да кездеседі.
Жаңа Конституцияны референдумда қабылдау көзделіп отыр. Алайда жаңа жобаны дауысқа шығару үшін ел парламенті – Ұлттық жиналыстың кемінде 70 депутаты оны қолдап дауыс беруі керек. Пашинянның партиясында бар болғаны 64 мандат бар. Пашинян халық референдумда жобаны қабылдамаса, отставкаға кетуге, ал жоба қабылданса, келесі сайлауда премьер-министр лауазымына таласпауға уәде берген. Бірақ соған қарамастан, оппозиция референдумды қолдамайтынын мәлімдеп үлгерді.
Егер оппозицияны көндіре алмаса, премьер-министрдің кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге мүмкіндігі бар, ондай жағдайда Пашинянның жақтастары конституциялық көпшілік дауыс алуға тырысуы мүмкін.
Ал Баку жаңа Конституция жобасына қолдау білдірген. "Біз үшін жалғыз маңызды мәселе – жаңа Конституцияда Әзербайжанға қатысты аумақ жөнінде талаптардың болмауы. Жарияланған мәтінге қарағанда, қазіргі уақытта ондай талап жоқ. Біз мұны жоғары бағалаймыз", – деді Әзербайжан сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов. Ол екі ел арасындағы бейбіт келісім былтыр Вашингтонда өткен саммит барысында алдын ала келісілгенін атап айтты.
Ол саммит кезінде TRIPP ("Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты") жобасын жүзеге асыру туралы да шешім қабылданған еді.
23 қарашада Пашинян TRIPP жобасы жүзеге асыру кезеңіне өткенін жариялады. Америкалық-армяндық бірлескен компания іске асыратын жоба бойынша Арменияның оңтүстік бөлігі арқылы өтетін, Әзербайжанның негізгі аумағын оның эксклавы – Нахчыванмен, одан ары қарай Түркиямен байланыстыратын транзиттік дәліз салынбақ. Жобаның басталуына орай АҚШ президенті Дональд Трамп Әзербайжан мен Армения басшыларына құттықтау жолдады. "Мен досым, премьер-министр Пашинянды көрсеткен батыл көшбасшылығымен құттықтағым келеді. Ол бейбітшілік жолын таңдап, Армения мен Әзербайжан арасындағы көпжылғы қақтығысқа нүкте қою үшін бізбен бірге жұмыс істеді", – деп мәлімдеді Трамп.