"Артемида-2" миссиясымен Айға ұшып барған ғарыш экипажы Жерге аман-есен оралды, деп хабарлады АҚШ-тың аэроғарыш агенттігі (NASA).
Төрт астронавт мінген ғарыш кемесінің капсуласы Гринвич орташа уақытымен сағат 00:08 (Астана уақытымен 11 сәуірде таңертеңгі сағат 5:08) кезінде АҚШ-тың Калифорния жағалауына жақын Тынық мұхитына жоспарға сай қонған.
Осылайша адамзаттың жарты ғасырдан астам уақыттан кейінгі Айға сапары сәтті аяқталды, экипаждың төрт мүшесінің де "жағдайы өте жақсы", дейді NASA.
АҚШ аэроғарыш агенттігі басшысы Джаред Айзекманның сөзінше, "бұл Айға адам ұшыру мен оларды Жерге аман-есен қайтару дәуірі қайта басталғанын" білдіреді.
АҚШ президенті Дональд Трамп астронавтарды Жерге сәтті оралуымен құттықтап, оларды Ақ үйге қонаққа шақырды.
"Артемида-2"-нің ұлы және өте дарынды экипажын құттықтаймын. Ғарышқа сапары керемет әсерлі, қонғаны мінсіз болды, АҚШ президенті ретінде ерекше мақтан тұтамын! Бәріңізбен жақын арада Ақ үйде жүздесуді асыға күтемін. Біз мұны тағы да қайталаймыз, ал сосын, келесі қадам – Марс!", деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіне.
1 сәуірде ғарышқа самғаған "Артемида-2" миссиясы экипажының құрамында NASA астронавтары Рид Уайзман, Виктор Гловер, Кристина Кох және Канаданың ғарыш агенттігі өкілі Джереми Хансен бар. Олар Айдың үстінен шамамен 8 мың шақырым қашықтан айналып шығып, Жерге оралды.
"Артемида-2" экипажына дейін Айды жақыннан 1969-1972 жылдары аралығында АҚШ аэроғарыш агенттігінің "Аполлон" миссиясымен ғарышта болып қайтқан 24 астронавт көрген еді, енді олардың саны 28-ге жетті, деп жазды ВВС.
Сенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Артемида-2" миссиясының сәтті аяқталуына орай АҚШ президенті Дональд Трампқа құттықтау хат жолдады.
"Президент адамзаттың кейінгі жарты ғасырдағы Айға жасаған алғашқы сапары ғарышты игеруде тарихи кезеңге айналғанын атап өтті", деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.