Accessibility links

Арыстық кәсіпкерлер бүлінген мүліктеріне өтемақы берілмегеніне шағынды


Түркістан облысы, Арыс қаласы. 29 маусым, 2020 жыл.
Түркістан облысы, Арыс қаласы. 29 маусым, 2020 жыл.

11 желтоқсан күні Түркістан облысы Арыс қаласында әскери оқ-қару қоймасындағы жарылыстан бүлінген нысандарына өтемақы ала алмаған онға жуық кәсіпкер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалына барып шағым айтты. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.

61 жастағы кәсіпкер Убайдулла Сүйінбаевтың айтуынша, әскери оқ-қару қомасы жарылғанда қала орталығындағы кофеханасы мен бұрын тігін цехы болған үш қабатты ғимараты бүлінген. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жіберген бағалау компаниясы кофехананы жөндеуге 2,5 миллион теңге, қойманы қалпына келтіруге 25 миллион теңге шамасында ақша кетеді деп есептеген. Кофехананы жөндегенімен, қойманың шығыны әлі күнге өтелмеген.

– Салықты 20 тиын кем төлесек, мемлекет сотқа сүйрейді. Ал біздің ғимараттарды қиратып, миллиондап шығын келтірді. Жөндейін десек, өтемақы бермейді, – дейді палатаның қалалық филиалына келген кәсіпкер ашуланып.

Кәсіпкерлер жарылған әскери оқ-қару қоймасы мемлекеттің меншігі болғандықтан, бүлінген ғимараттарды жөндеп беруге мемлекет міндетті деп санайды. Олардың сөзінше, бұған дейін президент әкімшілігіне, үкіметке шағым түсірген. Үкімет мәселені "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы шешетінін хабарлаған.

Палатаның қалалық филиалының басшысы Махамбет Төребековтің айтуынша, "Атамекен" ұлттық палатасы бұл мәселені шешпейді. Тек кәсіпкерлердің тізімін жасап, шығынын анықтап, олардың талап-тілегін "Менің Атамекенім" қорына береді. Қорға ақша салып, көмектесуді үкімет ірі кәсіпкерлерге жүктеген. Кәсіпкерлердің бүлінген меншігіне бюджеттен ақша қарастырылмаған.

– Арыста жарылыс кезінде 465 кәсіпкерлік нысан қирады. Қазір спорт кешені, азық-түлік дүкені, дәмхана, мейрамхана сияқты 48 нысан жөндеусіз қалды. Қорда ақша таусылған соң өтемақы төлеу тоқтап тұр, – деді Төребеков Азаттыққа.

2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, салдарынан төрт адам қазаға ұшырады. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды. Оқиға салдарынан алпыс мыңнан астам адам үй-жайын тастап, көшуге мәжбүр болды. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG