Accessibility links

Астана тұрғыны 15 тәулікке қамалды. Ол Конституция жобасын сынаған

Астананың әкімшілік соты.
Астананың әкімшілік соты.

Астана тұрғыны Қантемір Алмышев 15 тәулікке қамалды. Ол бұған дейін Threads желісінде биліктің әрекеті мен ұсынылған Конституцияға түзетулерді сынаған. Алмышевтің қамалғанын әйелі хабарлады.

Сот шешімінде Алмышев биыл "9 ақпанда Threads желісінде балағат сөз айтып, пост жариялағаны, осылайша айналасындағыларға құрмет көрсетпегені және қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзғаны жазылған". Оған 434-бап 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бабы бойынша айып тағылған.

Сот шешімінде оның "тағылған айыппен келіскені және өкінгені" жазылған. Жауапкер жазбаны "қатты эмоцияға беріліп тұрған кезде жазғанын" айтқан.

"Себебі ол әзілкеш Нұрлан Сабыров өзге мемлекет аумағындағы әскери қимылды демегенін, яғни жалдамалылықпен айналысқанын әлеуметтік желіден білген. Көп ойланбастан балағат сөзі бар жазба жариялап, оған видеосын тіркеген" деп жазылған сот шешімінде.

The village-дың жазуынша, Алмышев қамалмай тұрып, бірнеше күн бойы референдум және "суперпрезиденттік" басқару моделіне оралу ықтималдығы туралы жазып сынаған. Ол болып жатқан оқиғаларды СССР-дың соңғы кезеңіндегі жағдаймен салыстырып, "биліктің таптық жүйесі" туралы жазған, жаңа Конституцияға қарсы дауыс беруге үндеген.

Тағы бір жазбасында Алмышев бұл "ықтимал экономикалық және қаржылық дағдарыс алдындағы сақтану" амалы деп, биліктің шоғырлануына қатысты қауіп айтқан.

Қазақстанда Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызда өтеді.

Ақорда конституциялық түзетулерді «жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес мемлекетті қайта құру және қоғамдық сананы жаңарту» қажеттілігі ретінде түсіндіреді. Ресми Астана бұл түзетуді екі палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшудің бөлігі ретінде мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға бағытталған қадам ретінде ұсынады.

Жоба мәтінімен танысқан заңгерлер мен құқық қорғаушылардың айтуынша, жоба президенттің билігін күшейте түседі, биліктің заң шығарушы тармағының рөлін төмендетіп, азаматтардың құқығын шектейді.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.

XS
SM
MD
LG