Қазақстан Конституциясы жобасы бойынша 15 наурызға белгіленген референдумнің үгіт-насихаты әлеуметтік желілерде басталып кетті: мемлекеттік я бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлері жапа тармағай өз парағына "Жаңа Конституцияны қолдаймын!" деген шеңбер қойып жатыр. Жергілікті сайттар оларды жұмыс орны "мәжбүрлеген" деп жазды, алайда жетекшілігі оларға "ұсыныс жасалғаны рас, бірақ ешкім мәжбүрлеген жоқ" дейді.
Бұған қоса Негізгі заң жобасына сыни көзқарастағы адамдар да желі парағындағы аватарға салатын шеңбер ойлап тауып жариялап, мұны жаппай флешмобқа айналдырып жіберді.
Бұл шынайы қоғамдық келісім бе, әлде ұйымдастырылған қолдау көрінісі ме? Азаттық екі түрлі жиектемені жасап шығарған адамдармен сөйлесіп, пікірін сұрап көрді.
Билік өкілдерінің мәлімдемелерінде Қазақстан қоғамында конституциялық өзгерістерді қолдау деңгейі жоғары деп айтылғанымен, тәуелсіз сауалнама жүргізуге қойылған шектеулер оның қаншалықты шынайы екенін анықтауды қиындатады дейді әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығы жетекшісі Серік Бейсембаев.
Азаттық: Серік мырза, мемлекеттік қызметте істейтін адамдарды әлеуметтік желідегі парақтарындағы аватарын "Конституция жобасын қолдаймын" деген суретпен ауыстыруға мәжбүрлеп жатыр екен дейтін ақпарат тарады. Қазіргі билік дәріптейтін "Жаңа Қазақстанда" бұлай болуы мүмкін бе?
Серік Бейсембаев: Бұл біздегі жалпы саяси өмірде өте кең тараған көрініс. Әрбір науқан кезінде бюджет қызметкерлерін, мемлекеттік қызметкерлерді жоғары жақ осылайша бопсалайды, осылайша үгіт-насихатқа қатысуға мәжбүрлейді. Сондықтан мен үшін де, жалпы қазақстандықтар үшін де бұл жаңалық емес, оған еті өліп кеткен көп адамның. Бұл жерде ешқандай бір жаңа Қазақстан жоқ, сол баяғы авторитарлы, жоғарыдан басқарылатын және әкімшілік ресурсты кеңінен пайдаланатын Қазақстан.
Азаттық: Неге адамдардың осындай оқиғаларға еті өліп кеткен және неге Қазақстан өзіңіз айтқандай "саяси тәжірибеден" бас тарта алмайды?
Серік Бейсембаев: Кез келген авторитар биліктің легитимдігі сол тікелей билік вертикалымен жүзеге асады. Яғни қоғам немқұрайды, саяси өмірге қызығушылығы барынша төмен деңгейде болғаны авторитар билікке тиімді. Бірақ сайлау кезінде кез келген авторитар басшы, басшылық қоғамда қолдау иллюзиясын жасауға тырысады. Сол үшін қолда бар әкімшілік ресурс – сол мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, яғни бар салмақ соларға түседі, өйткені ол қызметкерлер билік вертикалінің ең төменгі деңгейінде орналасқан.
Олар мұндай қадамға баратыны, бір жағынан, жұмыстан айрылып қалу қаупінен және өзін осы жүйенің бір бөлігі ретінде сезінетіндіктен, осылай авторитар жүйе өзін өзі қайталайды. Бірақ жалпы қоғам бұл нәрсеге қалыптасқан ойын ережесі ретінде немқұрайды қарайды. Екінші жағынан, біз бәрібір ештеңе өзгерте алмаймыз деген апатиялық ұстаным да бар.
Азаттық: Әлеуметтік желіде қазір осындай қолдаушы аватар суреттерге кері реакция да байқалып жатыр. Біраз адам жаңа Конституция жобасына қарсы екенін жазып, негізгі суреттерін солай ауыстырып отыр. Бұл ненің көрінісі? Әлеуметтануда бұны жалпы қалай түсіндіреді?
Серік Бейсембаев: Бұл пропаганданың көп жағдайда кері эффект беретінін көрсетеді. Яғни әбден еті өлген халық бар, екінші жағынан бұған ашынатын және пропаганда екенін бірден түсінетін, көзі ашық, санасы ояу азаматтар бар, бұл солардың реакциясы.
Шынымен жаңа Қазақстанда басқаша бір саяси процестер басталады деген үміт болған, бірақ ол ақталған жоқ және дәл қазір бұрынғы тәсілдер пайдаланылып жатқанын көрген азаматтар әрине, осындай теріс реакция арқылы өз қарсылығын білдіргісі келеді. Яғни қолдағы бар шара сол. Көшеге шығып митинг жасай алмайды, болмаса өзіне ұнайтын саяси партияға, оппозицияға дауыс бере алмайды. Бірақ әлеуметтік желіде әзірше аз да болса бостандық белгісі бар. Комментарий жазып, өз аватарына конституциялық референдумға қарсымын деп белгі қою арқылы осылайша символикалық түрде күрес жүргізеді.
Азаттық: Жаңа Конституция жобасын талқылау кезінде конституциялық комиссия мүшелерінің кейбірі бұл жобаны халықтың 99 пайызы қолдайды деп сенімді сөйлеп жатты. Қоғамға түрлі мәселе бойынша әлеуметтік сауал салатын маман ретінде айтыңызшы, жаңа жобаны халық түсініп, қорытып үлгерді ме және қолдау я қолдамау көрсеткіші шын мәнінде қанша пайыз болуы мүмкін?
Серік Бейсембаев: Екі зерттеу орталығы өз қорытындыларын таныстырып, шамамен азаматтардың 78-80 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдайды деген мәлімет шыққан. Өз басым ол ақпаратқа сенбеймін, бұл екі зерттеу орталығының билікпен тікелей болмаса да жанама түрде байланысы бар. Бұған дейін де осындай пропагандалық науқанға қатысып көрініп-білініп қалған зерттеу орталықтары. Сондықтан бұл қорытындыларын да сол ақпараттық компанияның бір бөлігі деп қарастырамын.
Қолымызда, өкінішке қарай, дерек жоқ. Өйткені бізге сауалнама жүргізуге рұқсат бермей отыр. Бірақ өз тәжірибеме сүйенер болсам, бұл референдумға қоғам қызығушылығы төмен. Өйткені, біріншіден, шын мәнісінде не үшін қажет болғанын әлі күнге дейін түсінген жоқ. Екіншіден, ондағы өзгерістер Қазақстанды жақсы жаққа жетелемейтіні де адамдарға түсінікті. Ондағы тіл туралыдан бөлек, билік бір адамның қолына одан бетер шоғырланады, парламент тек партиялық тізім бойынша сайланады деген сияқты баптар да бар. Яғни бұған дейінгі аздаған жетістік – мажоритарлық жүйе жаңа Конституцияда жоқ болғандықтан көп адамның көңілі қалып отыр. Сондықтан да, меніңше жалпы референдумға да қызығушылық, белсенділік төмен болады.
Азаттық: 17 ақпанда сот Азаттық тілшісіне әлеуметтік желідегі референдумге барасыз ба деген жазбасына бола айыппұл салды. Бұл қоғамдық сауалнама емес, жай ғана жазба болатын. Бірақ заң бойынша оған да енді тыйым бар. Мұндай тыйымның әлеуметтік сауалнамамен айналысатын сіздер сияқты ұйымдарға әсері қалай тиіп жатыр?
Серік Бейсембаев: Мұндай тыйым қазір қолымызды байлап отыр, өйткені әріптестермен бірге референдум алдында жалпы қоғамның оған қызығушылығы қандай, референдумге қатыса ма, жоқ па, соны анықтау мақсатында зерттеу жүргіземіз деп жоспарлаған едік. Бірақ өкінішке қарай, сайлау комиссиясы бізге рұқсат бермейміз деді.
Бұл тікелей сөз еркіндігін шектеу, өйткені мұндай заң, мұндай тыйым әлемде жоқ деуге болады. Яғни біздің билік ойлап тапқан осындай тәуелсіз зерттеулермен күресудің тәсілі және бұл тыйым, шектеу пайда болғалы біраз жыл өтті. Былтыр АЭС салу туралы референдум алдында да бізге [сауалнама жүргізуге] тыйым салып, рұқсат бермеген. Қазір де шектеу қойып отыр. Мұны балама зерттеу қорытындыларына қойылған тосқауыл деп білемін.
Азаттық: Қоғам енді өзіңіз айтқан балама зерттеулерді, балама көзқарасты қайдан біле алады? Нақты қандай ақпарат көздерінен, мысалы, Қазақстандағы референдум жөнінде толымды мәлімет ала алады?
Серік Бейсембаев: Әзірше, менің ойымша, Қазақстанда ешкімде ондай зерттеу жүргізуге мүмкіндік жоқ. Біз DEMOSCOPE қоғамдық пікірді зерттеу жобасы аясында тұрақты гранттық қолдаумен жүргізіп келгенбіз, бізден басқа ондай мүмкіндік әзірше ешкімде жоқ. Елімізде тәуелсіз орталықтар да саусақпен санарлық. Бірақ дегенмен елде тәуелсіз журналистер, қоғам белсенділері бар. Солардың сараптамасы, пікірлері қоғам үшін құнды балама көзқарас болады деп ойлаймын. Және онымен айналысып жатқан журналист көп, сондықтан әрине, мемлекеттік пропаганда ғана емес, жалпы қоғам, медиа кеңістікте шынайы тәуелсіз сараптамалар да алуға әзірше мүмкіндік бар.