Accessibility links

"Бір асығыстық бар". Серік Бейсембаевпен Конституция реформасы жайлы сұхбат

Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы. Астана, 24 қаңтар, 2026 жыл.
Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы. Астана, 24 қаңтар, 2026 жыл.

Конституцияға енгізілмек өзгерістерді талқылайтын комиссия құрыла сала бір жұмаға жетпей үш рет отырыс өткізіп, онда митинг өткізу тәртібі, неке институты, адам құқықтарын қорғау, саяси партиялар мен кәсіподақтар қызметі, вице-президент өкілеті және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды. Адам, қоғам, мемлекет өмірі үшін маңызды тақырыптарды талқылауды биліктің тездетіп жатқаны нені білдіреді? Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтан сұрадық.

Серік Бейсембаев: Бұл да біздегі саяси реформалардың имитациясы. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен бастап оның негізгі риторикасы "реформалар жасау" болды, яғни Қазақстанды өзгерту, "Жаңа Қазақстан" құру… әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін бұл бір қолға алынған шаруа сияқты көрінетін.

Әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу ұйымы жетекшісі Серік Бейсембаев
Әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу ұйымы жетекшісі Серік Бейсембаев

Бірақ көріп отырғанымыздай, үш жылдың ішінде елде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бұл да кезекті саяси реформа, бұған дейін жасалған реформаларды қайта қосу, қайтадан сол нарративті тарату арқылы "біз әлі де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз" деп, Тоқаевтың реформатор имиджін күшейту секілді.

Одан бөлек, Тоқаевтың өкілеті аяқталады, яғни алда [билік] транзиті кезеңі жақындап қалды деген пікір бар. Оған өзінің сенімді адамдарын, өзінен кейінгі қалатын тұлғаны [таңдау] процесін бақылау үшін жасалатын механизмдерді қалыптастыру деген секілді бір қауіпсіз позиция керек болады. Бірақ, менің ойымша, негізгі мақсат – қоғамдағы өзгеріске деген саяси сұранысқа жауап беру сияқты.

Өйткені қазір қоғамда "Үш жыл өтті, неге бізде ешқандай өзгеріс жоқ, керісінше күннен күнге бәрі кері кетіп бара жатыр" деген пікір басым. Салық реформасынан кейін бұл сын одан бетер күшейді. Үкіметтің тиімсіздігі, жемқорлық фактілері, мемлекеттің әлеуметтік шығындарды қысқартуы деген секілді қоғамға ұнамайтын, халықтың мүддесіне қарсы әрекеттер үкімет тарапынан болғандықтан, соған жауап ретінде "біз енді осындай реформаны жүргіземіз, бұдан кейін бізде бәрі жақсы болады" деп халықты соған үгіттеу, сендіру мақсатын көздейтін сияқты.

Азаттық: Комиссияның бірінші жиынында вице-президенттің өкілетіне қатысты ұсыныстар да айтылды. Бұған дейін президент Тоқаев та ол туралы айтып еді. Мұны билік транзитіне дайындық деуге бола ма?

Серік Бейсембаев: Мүмкін белгілі бір деңгейде дайындық та шығар. Бұған дейінгі болған механизм бойынша [президент қызметінен кеткен жағдайда] оның орнына сенат төрағасы келуі керек еді. Неліктен ол механизм бізге жарамайды? Неліктен оның керегі болмай қалды? Сонда вице-президент сенат төрағасына қарағанда басқаша адам бола ма, әлде оның өкілеті өзгеше бола ма? Мен үшін бұл сұрақтардың жауабы жоқ. Бұл шын мәнінде күн тәртібінде тұрмаған мәселе еді. Бұл жерде әлдебір жеке мүдде бар сияқты.

Екінші жағынан "өзгеріс, реформа" дегеннен кейін ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай, қоғамда әңгіме болатындай бір нәрсе болуы керек қой. Президенттік басқару жүйесінде вице-президенттің болуы кең тараған, "неге бізде вице-президент жоқ?" деген сұраққа жауап сияқты. Яғни ел ішінде бар әңгімені, қоғамдағы бір дискуссияны алып, "міне, біз сіздерді естідік" дегендей әсер қалдыру, болмаса тағы да үміт сыйлау, яки қоғамда талқылауға бір тақырып тауып беру, осылайша тағы да сол дискурсты басқару.

Азаттық: Комиссия мүшелерінің бірі Халық кеңесіне заң және референдум бастамаларын көтере алатын өкілет беру керек деді. Ал оның құрамын президент өзі анықтайды. Сіздіңше Халық кеңесі саяси күші бар және президент үшін тиімді институтқа айналу мүмкін бе?

Серік Бейсембаев: Жоқ, бұл – негізгі институттар жұмыс істемеген кезде қолдан жасалатын ойыншық институттардың мысалы. Мысалы Қазақстан халқы ассамблеясы болды. Ол не істеу керек, оны қалай реформалау қажет деген төңіректе бірнеше жыл бойы талқы, сараптама жүргенін білемін. Бірақ Ақордада оның бір шешімі болған жоқ, өйткені оны таратып тастай алмайды. Бірақ сақтап қалайын десе, "Немен айналысады, не үшін керек?" деген сұраққа жауап жоқ. Бір жағынан соның мәселесін шешу немесе жоғарғы билікке қосымша тіреу бола алатын бір алаң не адамдар қауымдастығын құру арқылы қалыптастыратын қосымша қауіпсіздік механизмінің бірі сияқты.

Яғни, президенттің өзі тағайындаған, өзіне бағынышты адамдарға мүмкіндік беру, осылайша олардың статусын жоғарылату арқылы президенттің легитимдігін арттырудың жолы сияқты. Оның үстіне бұл – жасанды дүние. Өйткені оны қанша жерден Конституцияға енгізгенмен, келесі келген президент оны бір күнде таратып тастауы не шынайы жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей қоюы әбден ықтимал.

Азаттық: Қазақстан зайырлы ел екенін Конституцияда айқындау керек деген де ұсыныс айтылды. Сосын "Қазақ газеттерінің" бас директоры Дихан Қамзабекұлы "Кейінгі жылдары елде діни фанатизм мен көрсоқырлық білім жүйесіне ене бастады, сондықтан білім берудегі зайырлықты бекіту керек" деді. Бір жағынан "Қазақстан онсыз да зайырлы ел емес пе?" деген сұрақ туындайды. Мұның астарында не болуы мүмкін, қалай ойлайсыз? Елдегі діни ағымдарды реттеу, бақылау күшеюі мүмкін бе?

Серік Бейсембаев: Меніңше, биліктің өзі үшін қауіпсіз, талқылауға болатын бірнеше тақырып бар. Діни радикализммен күрес те осы тақырыптардың бірі. Оны Қаңтар кезінде де пайдаланды. Яғни бір шеңбер бар, соның ішінде бар тақырыптардың аясында бір нәрсе ұсына аласың. Ұсыныс жасау керек болса қолда бар тақырыпты алады да, соның төңірігінде бір нәрсе ұсынады.

Бірақ бұл – логикаға мүлде қайшы нәрсе. Конституцияда "Қазақстан – зайырлы мемлекет" деп жазылған, дінге қатысты арнайы заңдардың бәрінде ол бар. Оны Конституцияға тағы жазып, қалайша күшейтуге болады? Бұл беймәлім, бәлкім мүлде керек емес те еді.

Азаттық: Ұсыныс білдірушілердің бірі адамды сот санкциясынсыз ұстауды 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды. Бұл адам құқығы тұрғысынан оң шешім деп ойлайсыз ба?

Серік Бейсембаев: Адам құқығына байланысты компонентті күшейту – позитив нәрсе. Бірақ іс жүзінде дәлелденбеген нәрсе заңға енгеннен кейін өзгере қояды деп ойлау өте қиын. Керісінше, бізде адам құқықтары – кейінгі жылдары ушыға түскен мәселе. Сөз еркіндігі, партиялар, митинг өткізуге байланысты мәселелерді алсақ, мысалы. Сондықтан бұл жерде мәселе заңда дәл осы сөйлемнің жоқтығында емес.

2022 жылғы Қаңтар көтерілісі кезінде қаза тапқандардың туыстары марқұмдарды еске алып тұр. Алматы, 5 қаңтар, 2024 жыл
2022 жылғы Қаңтар көтерілісі кезінде қаза тапқандардың туыстары марқұмдарды еске алып тұр. Алматы, 5 қаңтар, 2024 жыл

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының – [Адам құқықтары жөніндегі] декларациясына қол қойған мемлекет, Конституциясында адамның құқықтары толығымен сақталады деп жазылған. Яғни, адам құқықтарын сақтаймын десе, бұған барлық заңнамалық негіз бар.

Менің ойымша, бұл тақырыпты көтеру – "біз осы талапты да ескеріп жатырмыз" деп белгі соғу сияқты. Ал адам құқықтарының сақталуы парламентті күшейту, сот институтының тәуелсіздігін арттыру деген секілді шешімдер арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл – Конституцияға енгізгеннен бізде адам құқығы мәселесі шешіліп кетеді деген сөз емес.

Азаттық: Конституциялық реформа жайлы былтыр күзде айтыла бастады. Сол мақсатта құрылған жұмыс тобы кейінгі үш айда алты рет жиын өткізіп, Ұлттық құрылтайда президент комиссия құрылатынын мәлімдеді. Ал комиссия мүшелері өткен сенбіде ұсыныстарды тыңдап, бүгін не өзгеретінін айта бастады. Қалай ойлайсыз, парламент реформасы тым жылдам өтіп жатқан жоқ па?

Серік Бейсембаев: Иә, расында бір асығыстық бар сияқты. "Осы уақытқа дейін бәрін талқылап, референдум өткізуіміз керек" дегендей белгілеп қойған жоспар болуы мүмкін. Оның ар жағында не тұр, айту қиын. Мүмкін президент сайлауына дейін яки президент өкілеті біткенше парламент сайлауын да өткізіп алу мақсаты бар шығар. Президенттің өкілеті бітетін 2029 жылға дейін, шынымен, аз уақыт қалды. Осы екі-үш жыл ішінде екі сайлау өткізу, одан бөлек жаңарған Конституцияны қабылдау – оның барлығы уақытты қажет ететін нәрсе. Сондықтан елде экономикалық, саяси тұрғыда үлкен қауіп-қатер туындамаған, салыстырмалы түрде тұрақтылық бар кезде осы мақсаттың бәріне қол жеткізіп алу керек болған шығар, бәлкім.

XS
SM
MD
LG