Accessibility links

Тоқаев Пәкістан басылымына сұхбатта не айтты?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф. Исламабад, 5 ақпан, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф. Исламабад, 5 ақпан, 2026 жыл.

Пәкістандық The News International басылымына сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан "суперпрезиденттік басқару үлгісінен тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктері күшейтілген президенттік республикаға көшіп жатыр" деді. Тәуелсіз сарапшылар кейінгі Конституция жобасы керісінше президент билігін күшейте түсетінін айтып, алаңдаушылық білдірген.

ТОҚАЕВТЫ МАҚТАУ

"Ұзын бойлы да жинақы", "өзіне сенімді әрі сабырлы", "сирек кездесетін полиглот". Пәкістандық The News International басылымы Қазақстан президентімен сұхбаттың кіріспесінде оған мақтауды аямаған.

Сұхбатты жариялаған газет – Пәкістандағы ең ірі ағылшынтілді басылымдардың бірі, Jang Group медиахолдингіне тиесілі. Ресми құжат бойынша жекеменшік, тәуелсіз ақпарат құралы, бірақ Пәкістан билігіне өте жақын саналады.

Сұхбатта Пәкістан мен Қазақстанның қарым-қатынасы, Украинадағы соғыс, Трамптың сыртқы саясаты, Таяу Шығыстағы ахуал сияқты түрлі мәселелер қамтылған.

Тоқаевпен әңгіме Исламабадтағы қонақүйде жазылды дейді автор Азаз Сайед. Бірақ материал сұхбат жанрына сай әңгімеден гөрі жалпы ақпарат беру, ұстанымдарын айту сияқты әсер қалдырады. Тоқаев Қазақстан журналистеріне сирек сұхбат береді. Осы сияқты кейінгі мәтін-сұхбаты 5 қаңтарда "Түркістан" газетінде жарық көрген. Баспасөз хатшылары оның сұхбат беруге қолы тимейтінін, сөздің емес, "істің адамы" екенін айтады.

"ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТ"

"Қазіргі Қазақстанды құрушылардың бірі деп аталатын Тоқаев "еститін мемлекет" тұжырымдамасын ілгерілеткенімен әйгілі" деп қосады басылым. Ал "еститін үкіметке": "алдымен халықты тыңдап, оның мұң-мұқтажын мүмкіндіктерге, реформалар мен нақты шешімдерге айналдыратын басқару философиясы" деген анықтама береді.

Президенттікке келгеннен көп өтпей, 2019 жылғы сайлау кезеңіндегі наразылықтан соң Ұлттық сенім кеңесін құрған Қасым-Жомарт Тоқаев халық үніне құлақ асатын "еститін мемлекет" қалыптастыратынын мәлімдеген. Президент ретінде бірінші жолдауында ол "азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне" мән беруге уәде еткен. Содан соң түрлі заңдар қабылданып, азаматтардың петиция жариялау мүмкіндігі артты, партияларды тіркеу құжат жүзінде жеңілдетілді. Одан бері билікті қолдайтын жаңа партиялар пайда болып, кейбірі парламентке өткенімен, оппозициялық көзқарастағы ұйымдар партия ретінде тіркеле алмады.

Ал Азаттыққа сұхбат берген тәуелсіз сарапшылар, халықаралық мамандар елде саяси плюрализм орнап, балама ой-пікірге орын берілді дегенге келіспейді. Human Rights Watch, Amnesty International сияқты құқық қорғау ұйымдары керісінше елде бейбіт жиын өткізу, сөз еркіндігі, саяси құқықтар шектеледі дейді. 2025 жылғы желтоқсанда Азаттыққа сұхбат берген мәжілістің экс-депутаты Гауһар Танашева "мәжілісте еститін үкімет пен ықпалсыз парламентті көрдім" деген. Human Rights Watch биыл жариялаған есебінде елде "еркіндік қатты шектеледі" деген тұжырым жасады.

"СУПЕРПРЕЗИДЕНТТІКТЕН АРЫЛУ"

Сұхбатта журналист Тоқаевтан: "Қазақстан қазір Конституцияға үлкен өзгерістерді талқылап жатыр. Бұл өзгерістердің мәні неде?" – деп сұрайды.

Тоқаев 2022 жылғы Конституцияны реформалау кезінде өзі айтқан "суперпрезиденттіктен арылу" туралы айтады.

"Қазақстан суперпрезиденттік басқару үлгісінен тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктері күшейтілген президенттік республикаға көшіп жатыр. Бұл модель күшті президент институтына, ықпалды парламентке және есеп беретін үкіметке негізделген. Қазіргі кезде біз саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз", - деген Тоқаев.

Тоқаев "суперпрезиденттік басқару" дегенді 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін айта бастады. Ол ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттің шоғырлануы "олигархиялық топтардың ықпалын күшейтті" деп Қаңтар қырғынына өзін билікке әкелген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасы құрған жүйені кінәлаған. Сол жылы президент бастамасымен Конституцияға енген өзгерістер бойынша, президент саяси партияға мүше болмайды, парламент сайлауы аралас жүйемен өткізіледі, президент туыстары саяси мемлекеттік қызмет атқара алмайды деп шешіліп, Конституциялық сот құрылған. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "демократиялық реформалар аяқталғанын" айтқан. Сарапшылар бұл реформалар биліктің көп бөлігін бәрібір президент қолында қалдырды деген.

2025 жылы парламент реформасы болып басталып, биыл қаңтарда жаңа Конституция жобасын жазуға ұласқан реформа президенттің өкілетін одан сайын күшейте түседі дейді Азаттық сөйлескен сарапшылар.

Билік өкілдерінің уәжі бойынша, парламентке де көп өкілдік беріледі. "Құрылтайға үлкен өкілет берілген, мысалы, Құрылтайдың үштен екісі бір министр отставкаға кетуі керек деп шешім қабылдаса, онда президент бұл шешімді қабылдауға міндетті. Сонымен бірге жоғары аудиторлық палата Құрылтайға жылына екі рет есеп беріп отыратын болады. Міне осы екі өзгерістің өзі болашақтағы Құрылтайдың институттар арасындағы рөлін арттыратыны сөзсіз", – дейді мәжіліс депутаты, конституциялық комиссия мүшесі Ерлан Сайыров.

Дегенмен, Конституцияның жаңа жобасымен танысқан адам президент өкілеті бұрынғыдан күшті екенін байқайды. Құжатқа сәйкес, қазір cенаттың келісімін сұрап барып қызметке қоятын Конституциялық cот, Жоғарғы cот кеңесі, Ұлттық банк төрағаларын президент өзі бекітеді.

Бұған қоса, ол бұрынғыдай барлық үкімет мүшелерін, Бас прокуророды, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын, жоғары аудиторлық палата төрағасын, барлық судьяларды ешкімнің келісімін сұрамастан өзі тағайындайды.

Қазіргі Негізгі заң бойынша Жоғарғы сот төрағасын президент ұсынуымен сенат сайлайтын болса, енді оны да президент тікелей тағайындайды. Оның судьяларын президент ұсынуымен парламент сайлайды. Ал Конституциялық сотқа сенат пен мәжіліс 3 судьядан, президент - 4 судьядан жіберіп келсе, енді барлығын президент парламент (Құрылтай) келісімімен өзі тағайындайды.

Вице-президент, премьер-министр сияқты бірқатар адамдарды қызметіне қоюға Құрылтай келісімін сұрайды. Бірақ депутаттар мақұлдаудан екі рет бас тартса, парламентті таратып жібереді. Президенттің парламентті тарата алатын құзыреті жобаның алты жерінде нақты жазылған.

Президент тіпті заң шығарушы орган - Құрылтайдың да төрағалығына кандидатты өзі ұсынады, депутаттар президент ұсынған кандидаттардың бірін сайлайды. Бұрын президент тек сенат төрағалығына кандидатты ұсынатын, ал мәжіліс төрағасын депутаттар өздері ұсынып, өздері сайлайтын.

Бұған қоса президент сайлау мен референдум өткізетін Орталық сайлау комиссиясының төрағасын да өзі тағайындайды, ал оның мүшелерін Құрылтай келісімімен бекітеді.

Конституцияның осы нұсқасы қабылданса биліктің көп бөлігі президент қолына шоғырланатынын қоғам өкілдері де, экс-депутаттар мен сарапшылар да айтты.

XS
SM
MD
LG