Қазақстан билігі ақыры жаңа Конституция қабылдайтынға ұқсайды. Әуелде қазіргі Конституцияға түзету енгіземіз деген арнайы комиссия бір аптада бес рет жиналып, су жаңа Конституцияға қажет деген тұжырым жасады. Ал бүгін, 30 қаңтардағы алтыншы отырыста жаңа Конституцияның жобасын таныстырып үлгерді. Сарапшылар бұл асығыс шешім десе, Конституциялық комиссиядағы депутат "жаңа Конституция заман талабы" деп санайды.
Конституциялық комиссияның 30 қаңтардағы отырысында жаңа Конституция преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұратыны, преамбуласы толығымен жаңарғаны айтылды.
"Мемлекет қызметтің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Конституциялық құрылыстың негіздері деген бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастыруын, егемендігі мен дербестігін айқындайтын іргелі ережелер қарастырылды. Оларға сәйкес, Қазақстан унитарлы мемлекет, басқару нысаны президенттік республика деп тұжырымдалды" деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмаханов отырыста.
Бұған қоса, жаңа Конституцияда "егемендік халыққа тиесілі" деп бекітіледі. Референдум өткізу бастамасы парламенттен алынып, Халық кеңесіне берілетін болды. Жаңа құжат бойынша, президент қайтыс болса не өз еркімен биліктен кетсе, Құрылтай, яғни парламент жеті күн ішінде президент сайлауын жариялап, ол екі айдың ішінде өткізіледі. Конституцияға кез келген түзету президенттің шешімі бойынша тек жалпыхалықтық референдум арқылы іске асады. Парламент бас заңға өзгеріс енгізе алмайды.
Нұрмаханов баяндамасын бұл жоба "күшті президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет логикасына сай келеді" деді. Ал Конституциялық кеңестің төрағасы Эльвира Әзімова "бұл негізгі заң жобасын енді түзетулер пакеті ретінде емес, Қазақстанның жаңа Конституциясы ретінде қарастыру қажет" деп мәлімдеді.
Конституция жобасы алдағы күндері "Егемен Қазақстан" газеті жарияланбақ.
"КОНСТИТУЦИЯНЫҢ АВТОРЫ - ӨМІР"
2025 жылы қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент реформасы ұсынысын жасап, екі палаталы парламентті бір палаталы парламент етуді ұсынды. Биыл 26 қаңтардағы Ұлттық құрылтайда Конституцияға өзгеріс енгізілетінін жарияланды. Ал Тоқаев құрған Конституциялық комиссия бір апта жиын өткізіп, жаңа Конституция қабылдауды ұсынды. Комиссия 70-тен аса бап өзгеріске ұшырайтынын, бұл Конституцияның 80 пайыз екенін айтады.
Адам құқығын қорғау жөніндегі бюроның сарапшысы, құқық қорғаушы Евгений Жовтис бір апта ішінде Конституцияға сапалы өзгерістер дайындау мүмкін екеніне күмән келтіреді.
- Парламент реформасына тікелей қатысы жоқ көп бапқа түзетулер енгізу туралы ұсыныстар айтыла бастады. Бұл құжаттар президент әкімшілігінде алдын ала дайындалған болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, биліктің негізгі заңды осындай асығыстықпен өзгертіп жатқаны, халықтың бұл процеске қатысу деңгейі сұрақ тудырады. Осынша ауқымды түзетулерге референдумда қалай дауыс береміз? Бір пакетпен шығарылса, жұрт олардың бір бөлігіне келісіп, бір бөлігіне келіспеуі мүмкін. Мұндай жағдайда қалай дауыс беру керек? Әр бапқа дауыс беру де қиындық тудырады. Себебі, кей нормалар қабылданбай қалса, Конституцияның ішкі логикасы бұзылуы мүмкін, - дейді Жовтис.
Жаңа Конституция қабылдау ұсынысын айтқандардың бірі – Конституциялық комиссия мүшесі, депутат Айдос Сарым. Ол реформа жобасы президент әкімшілігінде алдын ала дайындалған болуы мүмкін деген сөзді жоққа шығарады.
- Билікті үнемі алдын ала дайындап алып, содан кейін білгенін істейді деген сияқты жалпылама сөз айтылады ғой. Бірақ, шындап келсек, бұл Конституцияның авторы өмір деп айтуға болады. Мына күрделеніп бара жатқан өмір, яғни, оған биліктің де, қоғамның да ықпалы бар, бірақ негізінен өмір деп айтуға болады, - деді депутат Азаттыққа сұхбатында.
"КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ӨКІЛЕТІ ЖОҚ"
Бұрынғы сенатор, парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова Конституцияға өзгерісті тек парламент енгізуі керек дейді. Оның сөзінше, қазір жұмыс істеп жатқан комиссияның мұндай бастамаларды көтеруге өкілеті жоқ.
- Былтыр қыркүйекте президент Тоқаев парламент реформасы туралы жариялап, бір жыл талқыланады деді. Осы реформа бойынша құрылған жұмыс тобы бірнеше отырыстан кейін жұмысын аяқтады. Бірден Конституциялық комиссия құрылды. Сонда президенттің бір жыл талқыланады деген уәдесі орындалмады. Асығу нені көрсетеді? Меніңше, Конституцияны жай бір заң ретінде статусын төмендетіп жіберді. Конституциялық комиссия мүшелері мінберге шығып, осылай өзгереді деп нақты айтып отыр. Ал парламент әлі тараған жоқ. Негізгі заңнамалар парламентте қаралуы керек. Конституциялық комиссия мүшелерінің өкілеті жоқ, - дейді Батталова.
Парламент реформасы бойынша жұмыс тобында да болған депутат Айдос Сарым парламент реформасын талқылау жарты жыл жүргенін, ал жұмыс тобына келген ұсыныстардың 60-70 пайызы парламентке қатысы болмағанын айтады.
- Конституцияға өзгеріс енгізіп жатырсыздар, олай болса мына баптарға да назар аударсаңыздар деген ұсыныстар көп болды. Біз, парламент реформасы жөніндегі топ, бұл ұсыныстарды бөлек жинай бастадық. Саяси жүйенің өзгерісі Конституцияның басты өзгерісі ғой. Өмір де күрделене түсті. Бәлкім сол себепті президент осы мәселені кеңінен қарағанымыз дұрыс шығар деген ойларын айта бастады. Бұл бізге де ықпал етті. Парламент реформасы жөніндегі жұмыс тобы барлық ұсынысын президентке берді. Осы ұсыныстарды алған соң президент ойланған болуы керек, - дейді депутат.
Бүгін, 30 қаңтарда Тоқаев Астанадағы Волонтерлер форумында "Кеше комиссия мүшелері Негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің масштабы жаңа Конституция қабылдау керегін көрсетеді деген шешімге келді" деп мәлімдеді.
Қазақстан тәуелсіздік алған соң алғашқы Конституция 1993 жылы қабылданған, Сарапшылар 93 жылғы Конституцияда президент пен Жоғарғы кеңестің (парламент) тепе-теңділігі көрсетілді дейді. Бірақ 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, мұнда президенттің өкілеті күшейді. 1995 жылғы Конституция қазіргі қолданыста, бірақ бұл құжат ішінара бірнеше рет өзгерген.
Құқық қорғаушы Жовтис 1995 жылғы Конституция биліктегі элитаның сол кездегі саяси мүддесін заң жүзінде бекітіп отырғанын, қазіргі ұсынылып отырған өзгерістер де сол кезеңдегі модельге ұқсайтынын айтады.
- Біз авторитарлық саяси жүйеде өмір сүреміз, бұл жүйеде саясат құқықтан үстем тұрады. Өзгерістер алдымен саяси мақсатпен қабылданып, кейін құқықтық формаға келтіріледі, - дейді ол.