Қазақстандағы конституциялық реформаның елеулі жаңалықтарының бірі – вице-президент лауазымы. Бұл адамның түпкі қызметі әлемдік үлгідегі функцияға ұқсайды – президент қандай да бір себеппен қызметінен кетсе, соның орнын баса тұрады. Бірақ қазақстандық қызметтің әлемдік тәжірибеден ерекшеленетін тұстары бар.
Вице-президент лауазымы әлемнің 70-тен астам елінде бар. Бұл қызмет Латын Америкасы, Африка және Азия елдерінде кең тараған. Ал Еуропада небәрі үш елде жұмыс істейді. Енді Қазақстан да конституцияны өзгертіп, вице-президент лауазымын жаңғыртпақ.
Жаңғыртпақ деудің себебі бар. Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін алғашқы жылдары Қазақстанда мұндай лауазым болған. Бірақ ол кезде халық оны президентпен бірге сайлаған. Ел тарихында бұл қызметті атқарған жалғыз адам – Ерік Асанбаев.
1991 жылы енген вице-президент лауазымы 1996 жылы жойылды. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемуарларында вице-президент президент пен премьер-министрдің арасындағы артық адам болды деген.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ
Қытай
Вице-президент көрші Қытайда да бар. Гонконгтағы South China Morning Post басылымының жазуынша, оның билігі шектеулі, көбіне шетелдегі ресми шараларға қатысып, шетел қонақтарын күтіп алумен, шығарып салумен айналысады. Тағы бір ерекшелігі – Қытай басшысы орнынан ерте кетсе, оның орнын вице-президент баспайды. Билікке әдетте тұрақты политбюро комитетінің жеті мүшесінің бірі келеді. Қытайдың қазіргі вице-президенті Хан Чжэн политбюро мүшесі емес.
АҚШ
Ал АҚШ-та вице-президент 1789 жылдан бері сайланады. О баста бұл лауазымның екі-ақ міндеті болған. Бірі – cенатта әлдебір мәселе бойынша Конгресс мүшелерінің даусы тең түскенде, шешім қабылдайды; екіншісі – президент қызметінен ерте кеткенде орнына келеді.
Сондай-ақ бастапқы кезде вице-президент лауазымы президент сайлауында екінші орын алған адамға бұйыратын. Мысалы, 1797 жылғы сайлауда Джон Адамс жеңіп, президент атанды да, одан жеңіліп қалған Томас Джефферсон вице-президент болды.
20-ғасырда вице-президент атқарушы билік құрамына кіріп, министрлер жиынына қатыса бастады. Десе де, вице-президент аса құпия мәліметтерден кенде қалатын болған. Мысалы, 1945 жылы президент Франклин Рузвельт қайтыс болғанда, билікке келген оның вице-президенті Гарри Трумэн ядролық қару дайындаған Манхэттен жобасы туралы білмейтін болып шыққан. Содан кейін келген вице-президенттер негізгі міндеттерінен бөлек елдің ішкі және сыртқы саясатына тікелей араласа бастады. 1977 жылы Джимми Картер әкімшілігі кезінде вице-президентке Ақ үйден кеңсе берілді.
АҚШ-та президент сайлауындағы дауыс беру нәтижесі Конгрессте расталады. Ол жиынға осы вице-президент төрағалық етеді. 2020 жылғы сайлауда жеңілген Трамп нәтижені мойындамауға шақырғанда, Трамптың вице-президенті Майк Пенс нәтижені ресми түрде растаған еді.
Бразилия, Индонезия және Филиппин елдерінде вице-президент АҚШ-тағыдай өкілетке ие. Президент орнынан ерте кеткенде, оның қалған мерзімін вице-президент атқарады. Бірақ Филиппин халқы президентті бөлек, вице-президентті бөлек сайлайды, яғни сайлаушылар президентті бір партиядан, вице-президентті басқа партиядан сайлай алады.
БІРНЕШЕ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ БАР ЕЛДЕР
Вице-президенттері көп елдер де бар. Мысалы, Иранда кейде 10, ал кейде 12 вице-президент тағайындалады. Олар кейде үкіметтегі министрліктерді басқарады, ал кейде халықаралық ұйымдарда Иран мүддесін қорғауға тағайындалады. Әдетте президент қызметінен ерте кеткенде, оның орнын бірінші вице-президент иемденеді. Біріккен Араб Әмірліктерінде билік балансын сақтау үшін бір президент және екі вице-президент сайланады. Оларды елдегі жеті әмірлік басшылары сайлайды.
Сол сияқты, Коста-Рика екі вице-президентті, ал Гондурас үш вице-президентті сайлайды. Олардың да басты қызметі – президент қызметінен ерте кеткенде сол міндетті атқару. Коста-Рикада саяси дағдарысты болдырмау үшін екі вице-президентті сайласа, Гондураста түрлі саяси партиялар күшін біріктіру үшін вице-президенттікке таласады.
Швейцарияда сайланбалы парламент өкілдері әр төрт жыл сайын Федералды кеңестің жеті мүшесін жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Федералды кеңес атқарушы билік қызметін атқарады. Әрбір мүше қаржы, экономика не сыртқы істер секілді департаменттерді басқарады әрі ішінара президент және вице-президент қызметіне кезектен кіріседі. Жеті мүшенің қайсысы президент, ал қайсысы президент болатынын да парламент бекітеді. Тағайындалған президент қызметін бір жыл атқарады. Келесі жылы оның орнына вице-президент лауазымында болған шенеунік келеді.
ҚАЗАҚСТАН ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
АҚШ-та және бірқатар өзге елде вице-президент сайланса, Қазақстанда оны президент тағайындайды. Азаттық мәжіліс депутаттарының осы жөніндегі пікірін сұрады.
"Әзірге ол бойынша заң қабылданбай тұрып, бір нәрсені айту қиын. Әлі механизмдері анық емес. Бірақ қалай болған жағдайда да, бұл елдің тұрақтылығына әсер ететін фактор болуы мүмкін", – деді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Депутат Қазыбек Иса президентті халық сайлайтынын, сондықтан вице-президентті өзі тағайындауға құқылы екеніні айтты. Оның әріптесі Амантай Жарқынбек те вице-президентті сайлаудың қажеті жоқ дейді.
"Біз президентті бір сайлап, сосын вице-президентті бір сайлап жату... Сосын парламентті сайлаймыз, референдумдар өткіземіз. Бұл басы артық дүние болады деген ойдамын. Тағайындалғаны дұрыс. Өйткені саяси науқандарды көбейтіп жібереміз", – дейді ол.
Қазақстанда вице-президент лауазымын құру қажеті туралы былтыр жиірек айтыла бастады. Жекелеген заңгерлер парламенттегі қос палатаны біріктіріп, осындай қызметті енгізу қажет деген. Қыркүйектегі жолдауында Тоқаев бір палаталы парламент құру туралы бастама көтеріп, вице-президенттік туралы ештеңе айтпады. Оны ол биыл қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай жиынында ұсынды. Сол жиында Қазақстан басшысы вице-президентті өзі тағайындайтынын айтып, оның міндеттерін атап өтті.
Ұлттық құрылтай жиынынан бір күн өткенде конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, Тоқаевтың бұл ұсынысы қолдау тапты.
"Вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін қорғауға атсалысады. Президент атынан Құрылтаймен (Тоқаев бір палаталы парламентті "Құрылтай" деп атауды ұсынды – ред.), үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізеді. Сонымен қатар, вице-президент президенттің атынан Қазақстанның және шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағарту ұйымдарымен байланыс орнатып, өзара әрекет етеді. Вице-президенттің өзге де өкілеттерін президент айқындайды", – деді президенттің құқықтық мәселелер бойынша көмекшісі Ержан Жиенбаев Конституция реформасы жөніндегі комиссияның 24 қаңтарда өткен отырысында.
Жаңа заң жобасына сәйкес, вице-президентке заң шығарушы орган депутаты не өзге де ақылы лауазымды қызмет атқарып, кәсіппен айналысуға болмайды. Сондай-ақ, саяси партияға мүше болмауы керек. Қазіргі конституцияға сәйкес, президент өз міндетін атқара алмаған жағдайда оның өкілеті Сенат басшысына, ал ол басқара алмағанда, мәжіліс спикеріне өтуі керек. Жаңа заң жобасында билік вертикалінде президенттен кейін вице-президент тұратыны бекітілмек. Ал вице-президент президент міндетін атқара алмайтын болса, билік Құрылтай басшысына өтуі негізделген.
Қазақстан билігі вице-президент институты "билік тұрақтылығын қамтамасыз ету" үшін қажет екенін айтады. Яғни президент өмірден өтсе не денсаулығына байланысты қызметінен ерте кетуді ұйғарса, вице-президент оның орнын басады және одан кейінгі екі ай ішінде президент сайлауы ұйымдастырылады.
"Түсінгенім, қазір Тоқаевты бәсеке қатты алаңдатпайды, оны биліктің транзитіне қатысты мәселе көбірек алаңдатады. Дәлірек айтқанда, элита ішіндегі белгілі бір тепе-теңдік жүйесін құратын қандай да бір жүйе қалыптасатын сияқты. Яғни, бір жағында – вице-президент, екінші жағында – бір палаталы парламенттің спикері. Өйткені, авторитарлық жүйелерде бірнеше ойыншының болуы және олардың бір-бірін теңгеріп тұруы өте маңызды. Мұндай тәсіл жүйені басқаруды жеңілдетеді", – деді саясаттанушы Досым Сәтбаев журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында.
Былтыр президент Тоқаев конституциялық реформа бір жыл бойы талқыланып, соңғы шешім референдумға шығарылатынын айтқан. 21 қаңтарда құрылған конституциялық комиссия қатарынан 12 жиын өткізіп, 11 ақпан күні заң жобасы референдумға дайын деп мәлімдеді. Жобада парламент президент ұсынған кандидатты екі рет бекітпей қойса, президент парламентті тарата алатыны жазылған.