Жаңа Конституция жобасында тіл туралы 9-баптың мемлекеттік тіл туралы бірінші тармағы өзгеріссіз қалады. Ал көпшілік арасында даулы пікір тудырған орыс тілі туралы тармағында "тең" деген сөз "қатар" сөзімен алмастырылады.
Дау болған бап редакцияланатынын Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов конституциялық комиссияның 9 ақпандағы отырысында айтқан. Яғни жаңа нұсқада екінші тармақ былай болады:
"Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады". Қазіргі нұсқада "орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылған.
"АЗ ЖЕҢІС ЕМЕС"
Кейбір депутат мұны жеңіске балап, шешімді мақтап пікір білдірді.
"Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады. Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір! Ең бастысы, осы жетістікті жеңіске айналдыру үшін бізге салқынқандылық өте қажет. Жетістік желігуді жек көреді. Ал біз әлі көп жетістікке жетуге міндеттіміз!" — деп жазды мәжіліс депутаты Ринат Зайыт.
Ал тағы бір депутат Аманжол Әлтаев та бұл екі сөздің мағыналары екі түрлі дейді: "Қатар" мен "тең" — мағынасы ұқсас көрінгенімен, мазмұны мүлде бөлек ұғымдар. Қажеттілігіне қарай "қатар" қолдану — "тең" қолдану емес. Қатар тұрғанның мәртебесі әрдайым бірдей бола бермейді. Ханның қасында би де тұрады, сарбаз да тұрады. Бірақ олардың орны мен құзыреті тең емес қой. Дәл сол сияқты, Ата заңдағы алмастырылған екі сөздің де өзіне тиесілі еншісі бар екенін естен шығармайық", — деп жазды депутат.
"ЕЛ БІРЛІГІН ОЙЛАУ КЕРЕК"
Билік өкілдері мен оларға жақын тұлғалар тіл заңына өзгерісті талқылағанда "ел бірлігі", "геосаяси ахуал" деген себептерді көп алға тартқан. 4 ақпан күнгі мәжіліс отырысында кей депутат аймақта геосаяси жағдай ушығып тұрған шақта тіл мәселесін қозғай берген қауіпті деп ескерткен. Олар орыс тілін негізгі құжаттан алып тастасақ, Ресейден қауіп төнеді деген мазмұндағы пікірді айтып жүр.
"Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда ол ешқашан ол тұғырдан түспейді. Демек сол үшін ең бастысы – мемлекетті сақтау керек, мемлекетті қорғау керек, ең бірінші ел бірлігін ойлау керек", – деді бұл бап жөнінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Дептутаттар "қатар" сөзінің "тең" сөзімен алмастырылуын осы жағдайды ескере отырып қабылданған шешім деп санайды.
Желіде белсенділік артып, дау күшейгенде гегізгі заңнан орыс тілін алып тастау керек деп жазған бірнеше белсендінің үйіне полиция барып, профилактикалық әңгіме жүргізген. Белсенділер мұны қысым деп бағалап еді. Тіл туралы талап қойған көп азамат желідегі жазбасын көп өтпей өшіріп тастаған.
"ОРЫС ТІЛІН БІЛДІРТПЕЙ ТӨМЕНДЕТУ"
Конституция жобасындағы бұл өзгеріске Ресей ақпарат құралдары да назар аударған. "Московский комсомолец" газеті "тең" сөзінің "қатар" сөзімен ауысқанын "орыс тілінің мәртебесін білдіртпей төмендету" деп сипаттаған.
Басылымда: "Жаңа Конституция жобасына орыс тілінің мәртебесіне көзге көрінбейтін, бірақ фундаментал өзгеріс енгізілді. Бұл ресми саладағы орыс тілінің статусын түбегейлі өзгертеді. Республика билігі орыс тілін мемлекеттік тілмен тең қолдану туралы сөйлемнен бас тартып, оны әлсіздеу сөзбен — "қатар" деп алмастырды. "Тең" ("равный") сөзін "қатар" ("наряду") сөзіне өзгерту — орыс тілін мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті басқару органдарында паритеттен айырады", — делінген.
"ИТКЕ СҮЙЕК ТАСТАҒАНДАЙ"
Тіл мамандары, сарапшылар, желі қолданушылары "тең" мен "қатар" сөздерінің синоним екенін, бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтермейтінін жазып жатыр. Бұл өзгеріс - жұрттың әуелгі талабына жауап емес дегендер көп болды. Тіл белсендісі, блогер Жалғас Ертай мұны "итке сүйек тастағанмен бірдей әрекет" деп санайды.
"Проблема "мемлекеттік органдарда ресми түрде орыс тілі қолданылады" деген сөйлемде ғой. Осы сөйлемді өзгертуді талап етеміз. Мемлекеттік органдарда бір ғана тіл қолданылуы керек — қазақ тілі. Орыс тілін азаматтармен қарым-қатынас кезінде пайдалануға болады деп қоссын. Яғни мемлекеттік тіл де, ресми тіл де қазақ тілі болуы керек", — деп жазды ол Facebook-та.
Жазушы әрі тіл маманы, "Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсіндірме сөздігі" еңбегінің авторы Бодаухан Тоқанұлы жобадағы өзгерістің мәні — қазақ тілін орыс тілімен қатар қою дейді. Маман Конститутцияны жазып отырғандар бұл екі сөздің мәні бір екенін білмейді дегенге сенбейді.
"Қарапайым халық мемлекеттің саясатын білмесе де қазақ тілін біледі ғой. "Тең" сөзі мен "қатар" сөзінің ешқандай айырмашылығы жоқ. Қазақтың көне тілін еске алсақ, алдымен халық әндеріне жүгінеміз ғой. Сол халық әндерінде бірге өскен құрбы-құрдасты "тең құрбы" деп айтады. Немесе орнына "ауылда қатар өскен" деп айтады. Сонда сол екеуінде қандай айырмашылық бар? Ешқандай айырмашылық жоқ. Бір сөздің синонимі ғой. Менің ойымша, мұны өкімет білмей отырған жоқ. Қарны ашып жылаған балаға емшек берудің орнына оған сүт беретін емізік емес, соска беріп алдарқатқан ғана сөз деп ұғамын", — деді Бодаухан Тоқанұлы Азаттыққа.
Ал тағы бір тіл маманы Серік Ерғали Facebook-тегі парақшасында бұл өзгеріс "бұрынғы парадокстан тәуір" деген пікір айтты. "Бірақ қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тіл болуы заңға ғана қарамайды, ең алдымен қазақтың өзіне деген талапқа тәуелді, содан кейін барып басқалар соған бағынуға мәжбүр болады" деп жазды ол.
"ЖАПАЛАҚПЕН ТАСТЫ ҰРУ"
Кей журналистер Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Конституциядағы тіл туралы бап дау болғанда "тең" мен "қатар" сөздері қалай талқыланғанына да еске түсірді.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін қорғау мәселесі Қазақстанда бірінші рет дау болып тұрған жоқ. 1991 жылы тәуелсіздік жарияланғаннан кейін жарты жыл өткенде Конституция жобасы әзірленеді. Сол кезде де мемлекеттік тіл мәртебесі айрықша назарға ілікті. Қоғам екіге бөлініп, бірі қазақ тілі дербес мемлекеттік тіл ретінде жариялану керек десе, екінші тарап қазақ тілімен қатар ресми тіл ретінде орыс тілінің де арнайы мәртебемен бекітілуін талап етті. 1992 жылы Конституцияға "орыс тілі қазақшамен қатар қолданылады" дегенге қарсы шыққан депутаттың бірі — жазушы, қоғам қайраткері, марқұм Шерхан Мұртаза. Сол кезде билік тармақтарының бәрі бас қосқан жиында ол қазақ тілі тек қағазда емес, шынайы өмірде үстемдікке ие болуы керек деп дабыл қаққан. Ол тілін еркін қолданыстағы тіл деп жазуды ұсынған.
"Осында орыс тілі мемлекетттік тілмен қатар тұрсын деген пікірлер айтылып жатыр. Онда оның мемлекеттік тілден қандай айырмашылығы бар?! "Наравне", "наряду" деген сөздеріңіз ол — мемлекеттік тіл дегеннің синонимі. Тек алдамшы формасы ғана. Басқа ешқандай айырмашылық жоқ. Бұл формула "таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі" дегеннің кері. Соры қайнайтын қазақ тілінің өзі болып шығады", — деген еді Жоғарғы кеңестің сол кездегі депутаты Шерхан Мұртаза.