Азаттық: Асылхан мырза, қазіргі Конституцияға қарап отырып айтыңызшы, вице-президент қандай лауазым, оның құзыреті қандай? Ол жалпы Қазақстан билігінде нешінші адам?
Асылхан Мамашұлы: Бұл – өте қызық жағдай. Оны Қазақстан президентінен кейінгі адам деп отырмыз ғой, өзі де солай айтып жатыр. Мен де Конституцияны бірнеше рет қарап көрдім. Конституция бойынша бірінші, екінші, үшінші, бесінші тұрған адамдардың барлығының өкілеті тайға таңба басқандай жазылған.
Мысалы, Құрылтай төрағасының, премьер-министрдің өкілеті анық жазылған. Бірақ вице-президенттің өкілеті мүлде көрсетілмеген. Оны тек қана президенттің өзі анықтайды деп жазған, яғни президент "вице-президент мынандай мәселемен айналысады" деп айтады, сонымен ғана айналысады. Ал негізінде бұл конституциялық жоғары лауазым болғандықтан, оның өкілеті анық көрінуі керек еді. Бірақ Конституцияда олай жазылмаған.
Азаттық: Қазақстан тарихында бұл екінші вице-президент қой. 1990-жылдардағы вице-президент пен қазіргі вице-президенттің ең негізгі айырмашылығы неде?
Асылхан Мамашұлы: Вице-президент лауазымы билік транзиті тұсында пайда болып, кейін жойылып кететін лауазым сияқты болып көрінеді маған. Ұқсастық жағынан осы шығар, өйткені қазір де сол билік транзитінің алдында тұрмыз ғой, сондай кезең деп айтуға болады.
1991 жылы қазан айының ортасында Жоғарғы кеңестің төрағасы Ерік Асанбаевты қызметінен босатып, сол күні оны вице-президент етіп депутаттар сайлаған. Одан кейін, арада екі ай өткенде, 1991 жылғы 1 желтоқсанда Ерік Асанбаев президент сайлауындағы бюллетеньге енгізілді. Яғни "вице-президент Ерік Асанбаев болады" деп көрсетілді. Назарбаев сайланған кезде вице-президент те қоса сайланды.
Яғни қалай дегенмен де, ол кезде вице-президент сайлау арқылы билікке келді.
Әрине, ол вице-президент сайлауы емес, президент сайлауы, бірақ бюллетеньде анық көрсетіліп тұрған. Ерік Асанбаев сол кездегі ең беделді адам еді. Беделді болатын себебі – Ерік Асанбаев экономика ғылымдарының докторы, әрі Жоғарғы кеңес төрағасы ретінде де абыройлы адам болатын. Сондықтан ол кісі керек болды: президент сайлауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси салмағын арттырады деп сенді.
1995 жылдың тамыз айының аяғында Конституция қабылданды ғой. Вице-президентті соған дейін ұстады. Конституция қабылданғаннан кейін бірден вице-президент лауазымын жойып тастады.
Назарбаевтың кейінгі шыққан "Менің өмірім" деген естелігі бар. Сонда "вице-президент лауазымы президент пен премьер-министрдің ортасындағы артық лауазым болып шықты" деп жазады. Негізінде Назарбаевтың бұл ойы дұрыс. Бірақ басында не үшін кіргізді? Себебі – керек болды.
Азаттық: Ал вице-президент болған кезде Ерік Асанбаев немен айналысты?
Асылхан Мамашұлы: Ол кезде атқарушы билік әлі әлсіз, жергілікті билік күшті болатын. Сондықтан вице-президент Асанбаев президент әкімшілігінің де, үкіметтің де қызметін атқарды, өйткені 1990-жылдардағы алғашқы нарық экономикасы идеясының басы-қасында осы Ерік Асанбаев тұрды, өйткені ол экономист-ғалым болатын. Міне, осы алғашқы кездегі реформаларға Ерік Асанбаев керек болды, оны пайдаланды.
1995 жылы экономикалық реформалардың бағыт-бағдары айқындала бастаған кезде Ерік Асанбаев керек болмай қалды. Өйткені жаңа Конституция қабылданды, биліктің бәрі президенттің қолына толық жинақталды. Ең бастысы – атқарушы билік өзгерді, үкімет пайда болды, премьер-министр дербес жұмыс істей бастады. Содан кейін бүкіл билікті Назарбаев өз қолына алды. Ең бастысы – билікке деген сенім орнады. Сол кезде вице-президент қажет болмай қалды.
Азаттық: Ал қазір неге қажет болып қалды? Мысалы, бұл лауазым неге керек болып отыр?
Асылхан Мамашұлы: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында бүкіл билік бар, бірақ бәріміз де білеміз: өзі де өткенде, алдыңғы сайлаулар кезінде "бұдан кейін президент сайлауына түспеймін" деп айтқан. Сондықтан алда билік транзиті тұр, оны бәрі біледі, сезіп отыр.
Билік транзитінің қалай болатынын әлі ешкім толық дөп басып айта алмайды. Меніңше, президенттің өзі де нақты қандай болатынын білмейді. Сондықтан бұл – сақтық шараларының бірі деп ойлаймын.
Азаттық: Қазір ел арасында бүгінгі вице-президент – болашақ президент деген қауесет те, түрлі сарапшы пікірлері де айтылып жатады. Солай деп түйін жасауға бола ма? Яғни, қазіргі вице-президенттің саяси салмағына қарап, болашақ үшінші президент осы кісі деген болжам жасауға бола ма?
Асылхан Мамашұлы: Жоқ, әрине. Ерлан Қариннің вице-президент ретінде мүмкіндігі әлдеқайда зор. Ол осы қызметін пайдаланып, беделін де, жалпы саяси салмағын да, кадр мәселесін де өзіне ыңғайлап арттырып алуы мүмкін. Қазір сол мүмкіндігі арта түсті.
Бірақ бұл әлі "президент болады" деген сөз емес. Сайлауға дейін кем дегенде бір жарым-екі жылдай уақыт бар. Оның ішінде әртүрлі жағдай болуы мүмкін, көп нәрсе өзгеріп кетуі ықтимал. Бәлкім, Тоқаев өзі қайтадан сайлауға түсемін деп бекінуі де ғажап емес, ол жағын анық білмейміз. Жалпы Қазақстан саясатында "арғы күні мынандай болады" деп нақты ешкім айта алмайды, өйткені президент қай күні қалай көреді, солай өзгертеді. Сондықтан вице-президент лауазымы президент болуға ешқандай кепілдік бере алмайды.
Азаттық: Конституцияға қарасақ, үкімет, Құрылтай, Халық кеңесі, президент деген арнайы бөлімдер бар. Жоғарыда айтқаныңыздай, вице-президентке арналған жеке бөлім жоқ. Осыған қарап, вице-президент сайланбалы орган – Құрылтайдан да, тағайындалатын атқарушы орган – үкіметтен де жоғары тұрған адам деп сенімді түрде айтуға бола ма, лауазым тұрғысынан?
Асылхан Мамашұлы: Бір ғана жол бар: вице-президенттің ары қарай немен айналысатынын президент шешеді. Яғни президент вице-президенттің рөлі қандай болатынын өзі жазып көрсетеді. Ол көмекші деңгейіндегі адам бола ма, әлде шынымен өзінше дербес қимылдайтын үлкен саяси лауазымға айнала ма – оны уақыт көрсетеді.
Егер қаламаса, "барып кел, шауып кел" деп тапсырма орындайтын, жай президенттің кеңесшісі ретінде ғана қалуы мүмкін.
Азаттық: Алдағы күндері Құрылтай арқылы вице-президент туралы жеке конституциялық заң қабылдануы мүмкін бе? Болмаса президент туралы заңның ішіне жеке бөлім ретінде оның құзыретін айқындап беруі мүмкін бе?
Асылхан Мамашұлы: Дәл қазіргі жағдайда арнайы заң қабылданбайды, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қалай айтса, бәрі дәл солай болады. Сондықтан қаулы бола ма, заң бола ма – оны реттей салады. Барлығы президенттің қолында.