Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылының тұрғындары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтың сүйектері 9 наурызда Атырау қаласы маңындағы Геолог ықшамауданындағы бір үйдің ауласынан табылған. Бұл туралы жергілікті "Ақ Жайық" басылымы жазды.
Ағайынды екеуі былтырғы желтоқсан айынан бері хабарсыз кеткендер тізімінде болатын. Олардың ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның биыл 6 қаңтарда өз үйінің сарайынан өлі табылған. Полиция ерлі-зайыпты зейнеткер қатыгездікпен өлтірілгенін хабарлап, қылмысқа күдікті ретінде осы отбасының күйеу баласына халықаралық іздеу жариялаған.
Күдікті ер адам мен оның әйелі (кісі қолынан мерт болған ерлі-зайыптның қызы) биыл 24 ақпанда Индонезияда ұсталып, 8 наурызда Алматыға жеткізілген. Сол күні күдікті ер адам "Мирамгүл мен Наурызды өзі өлтіріп, оларды Геолог ықшамауданындағы өзі жалға алып тұрған үйдің ауласына жасырғанын мойындаған" деп жазды "Ақ Жайық".
Күдікті айтқан үйді былтыр желтоқсанда атыраулық полиция мен Ұлттық ұлан қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен тексеріп, ештеңе таба алмаған еді. Ал бұл жолы күдіктінің айтуымен үйдің ауласын қайта тексерген тергеушілер кісі қолынан мерт болған ағайынды екеудің сүйегін тапқан.
Қаза тапқан адамдардың төртеуінің де 3-топтағы мүгедектігі болған.
Аса ауыр қылмысқа күдікті ер адам мен оның әйелі Атырауға жеткізілген.