Биыл Қазақстанда қандас мәртебесі мен тұрақты тұруға рұқсат беру тәртібіне қатысты пилоттық жоба іске қосылды. Өтініш беруші алдымен қазақ тілінен тест тапсырып, кейін білімі, жасы, жұмыс тәжірибесі мен тіл білуі туралы сауалнамадан өтеді.
Осы мәліметтер бойынша жүйе автоматты түрде балл есептейді: кемінде 600 балл жинағандар қауіпсіздік тексеруінен өтіп, әңгімелесуге шақырылады. Бұл кезеңдерден өткендер ғана қандас мәртебесін немесе тұрақты тұруға рұқсат алу үшін негізгі құжаттарын тапсыра алады.
Қандас мәртебесін жалпы тәртіппен алушылар банк шотында кемінде 1320 айлық есептік көрсеткішке тең қаражаты барын да растауға тиіс. Бұл өзгерісі әсіресе Қытайдан келген қандастарға қиындық туғызған. Мәселені көші-қон мәселесімен шұғылданатын белсенділер де көтеріп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ішкі істер министрлігі бұл өзгерістерді халықаралық стандарттарға сай деп санайды. Үкіметтің түсіндіруінше, оның мақсаты — көшіп келушілердің елде жұмыс істеп, жаңа ортаға бейімделу мүмкіндігін алдын ала бағалау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Ал қандастар арасында Қазақстанға қоныс аударамыз деп келіп, құжаттарын рәсімдей алмай келген елдеріне қайта кетіп жатқандар туралы жазба көбейді. Дегенмен бұл жөнінде нақты статистика жоқ.
Бұл мәселелер жөнінде қоғам белсендісі Ауыт Мұқибектің пікірін білдік.
Азаттық: Қандастардың мәселесінен бейхабар көрерменімізге түсінікті болсын. Қазақстанға шетелден келетін қандастар азаматтық алғанға дейін қандай құжатпен жүреді? "Ықтиярхат", "қандас мәртебесі", "тұрақты тұру" дегендердің ара-жігін сатылап, қысқаша түсіндіріп берсеңіз.
Ауыт Мұқибек: Қандас мәртебесі — бұл көшіп келушілерге, тек ұлты қазақ адамдарға ғана берілетін арнайы статус. Осы қандас мәртебесін алғаннан кейін адам ары қарай азаматтыққа құжат тапсыра алады. Ал ықтиярхат — қазақ болсын, болмасын, бәріне берілетін құжат. Бірақ ықтиярхат алу үшін адам тұрақты тіркеуге тұруы керек, оған қандас мәртебесінің қажеті жоқ.
Азаттық: Яғни шетелден келген қазақтар азаматтық алу үшін алдымен ықтиярхат, сосын қандас мәртебесін, одан кейін азаматтық ала ма, әлде керісінше ме?
Ауыт Мұқибек: Жоқ. Қандас мәртебесін алса, заң бойынша оның бірден азаматтыққа құжат тапсыруға мүмкіндігі бар.
Азаттық: Қазір "азаматтық ала алмай қайтып барамыз", "ықтиярхат бермеді" деген сияқты желідегі жазбалардың арасындағы ең өзекті болып отырғаны — нақты қандай құжат?
Ауыт Мұқибек: Ол — үкіметтің 2026 жылы 10 сәуірде шығарған арнайы қаулысы. Осы қаулының негізінде шетелден келіп, қандас мәртебесін алып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығы уақытша шектеліп тасталды. Міне, содан бері жарты жылдан асып барады. Осы мәселеге байланысты көшіп келген қандастарымыз құжаттарын ала алмай, кері көшуге мәжбүр болып отыр.
Азаттық: Ресми мәлімет бойынша, былтыр, 2025 жылы 16 мыңға жуық адам қандас мәртебесін алған екен. Оның жартысына жуығы — Қытайдан келген қазақтар. Биыл алғашқы үш айда 3 мыңнан аса адамға қандас мәртебесі беріліпті, олардың да жартысына жуығы Қытайдан келген қандастар. Демек, Қазақстан үкіметі шеттен келген қазақтардың кеудесінен итеріп жатыр деуге келмейді ғой, солай ма?
Ауыт Мұқибек: Қандас мәртебесін беру жалғасып жатыр. Бірақ мәселе — азаматтық беру үкіметтің арнайы қаулысымен уақытша шектелгенінде. Бұл туралы менде Ішкі істер министрлігінің ресми жауабы да бар. "Не үшін шектедіңіздер?" дегенге, себеп былай деп көрсетілген: ұлттық заңнаманы Қазақстан Республикасының жаңа конституциясына, ата заңға сәйкестендіру мақсатында.
Ал жаңа Конституцияға сәйкестендіру мақсатында адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу деген норма Конституцияның бірде-бір бабынан таппадым. Сондықтан жақында Әділет министрлігіне хат жазып, "осындай норма бар ма, тауып беріңіз" деп сұрау салып отырмын, бірақ әлі жауабын алған жоқпын. Бұл — Қазақстанның 35 жылдық тарихында болмаған жағдай.
Шетелден келген қазақтардың азаматтық алу құқығы қай заңмен бекітілген? Бұл — 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" заң. Нақты болу үшін оның 7-бабының мәтінін оқып берейін. Онда былай деп жазылған: "Қазақстан Республикасы аумағынан өз еркінен тыс кетуге мәжбүр болып, басқа мемлекетте тұратын барлық қазақтардың, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмесе, сол мемлекеттердің азаматтығымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығы танылады".
Бұл — шетелде 6 миллион қазақ болса, сол 6 миллион қазаққа, 5 миллион қазақ болса, сол 5 миллион қазаққа берілген құқық. Қай уақытта келсе де, Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады деп тұр. Біз 35 жыл бойы осы құқықтың негізінде көшіп келіп, қандастарымыз азаматтық алып жатыр еді. Ал енді осы құқықты бір арнайы қаулымен шектеу дегенді мен түсінбеймін. Мұндай — 5-6 миллион қазақтың құқығын шектеу тек Сталин заманында болған. Таңғалудан басқа амалым жоқ.
Азаттық: Сіз әлеуметтік желіде президенттің, вице-президент пен Құрылтай төрағасының, одан қалды түрлі министрліктер мен құзырлы орган басшыларының атын атап, түсін түстеп, түрлі үндеу-хат жазып жатасыз. Бұл жағынан өте белсендісіз. Мысалы, биыл жыл басынан бері бір ғана пилоттық жоба туралы қаншама хат жаздыңыз. Тіпті "Тоқаевтан Сталин жасағысы келгендерге жол бермейік" деп ұрандаттыңыз. Нәтиже болды ма?
Ауыт Мұқибек: Ешбір нәтиже болмай жатыр. Мысалы, үкіметке "сол қаулыны көрсетіңізші, мен танысайын" деп жаздым. Олар министрліктерге лақтырып жатыр, ал министрліктер "бұл — құпия қаулы" дейді. Шектеу орнатып отырған үкімет қаулысының өзі құпия болғанына таңғалып отырмын.
Конституцияның 68-бабында мынадай норма бар: үкімет қаулылары мен премьер-министрдің өкімдері Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы президентінің актілеріне қайшы келмеуге тиіс. Міне, осы нормалар істемей қалды. Қазір көші-қонды реттейтін заңдардың бәрі жұмыс істемей тұр. Атқарушы биліктің институттары — көші-қон полициясы, бәрі жұмыс істемей қалды. Заңдар орнында, қолданыста тұр, бірақ біз тек пилоттық жобамен немесе үш министрліктің бұйрығымен басқарылып отырмыз. Міне, соған миым жетпей жатыр.
Азаттық: Пилоттық жобаны неге енгізді деп ойлайсыз? Үкімет енді не істемек?
Ауыт Мұқибек: Мынадай қауіп тұр. Президент Құрылтай сессиясында "Көші-қон заңын тезірек қабылдаңдар, өзгертулер мен толықтырулар енгізіңдер" деп тапсырма берді ғой. Соған байланысты қазір қолданыстағы көші-қон заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа жоба жасалып жатыр. Естуімізше, сол жаңа заңның жобасы осы пилоттық жобаның негізінде қабылданып кету қаупі төніп тұр.
Ол қандай қауіп? Мысалы, арнайы тест арқылы сауалнама, түрлі тіл емтиханын алу, алған білім деңгейін, кәсіпкерлік дайындығын және еңбек нарығындағы әлеуетін тексеру туралы критерийлер бар. Осының бәрі жаңа заңға кіріп кетейін деп тұрған сияқты. Біз осыған алаңдап отырмыз — жалғыз Ауыт емес, бүкіл Алаш жұрты алаңдап отыр.
Енді мынаған қараңыз. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" сол 1991 жылғы заңның 7-бабында тағы мынадай норма бар: Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру кезеңдерінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде республика аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар аумағында тұратын қазақтардың өз жеріне қайтып оралуына жағдай жасайды.
Байқасаңыз, менің айтып отырған пилоттық жобадағы критерийлердің бірде-бірі мұнда жоқ. Керісінше, "жағдай жасайды" деп тұр.
Азаттық: Негізгі мәселе сонда — 1991 жылы қабылданған, сіз атап өткен конституциялық заңға пилоттық жобаның ережелері мен критерийлері қайшы болып тұр ма?
Ауыт Мұқибек: Басы бүтін қайшы. Сондықтан мен президентке де, бәріне де хат жазып жатырмын. Депутаттардан жұмыс тобы құрылған екен, соның өзіне де хат жаздым.
Көші-қон үрдісін реттейтін заң жобасы қаралғанда Құрылтай мүлде аттап өтуге болмайтын бір қасиетті заң бар — ол осы "Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң". Шынын айтсақ, шекара сыртында қалған қазақтардың бәрін саяси қуғын-сүргіннің құрбандары деп қарауымыз керек еді. 1991 жылы тұңғыш президенттің бастамасымен осы тәуелсіздік туралы заңның жобасы жасалды. Сол кезде тарихи әділетті қалпына келтіру үшін осы заң жасалған. Қуғын-сүргін құрбандарының балалары қайтып оралса, оларға Қазақстан жәрдемдеседі, оралуына жағдай жасайды, азаматтық алу құқығы танылады, керек болса мүддесі қорғалады деген нормалар бар сол заңда. Ал біз мұның бәрін қайырып қойдық — қазақты емес, басқа бір ұлтты қабылдап жатқан сияқты болып отырмыз. Бұл — жақсылық емес.
Азаттық: Пилоттық жобадағы сіз айтып отырған ережелер көбірек Қытайдан келіп жатқан қазақтарға ауыр тиіп жатыр ма, әлде әлемнің әр жерінен, соның ішінде постсоветтік елдерден келетін қазақтарға да бірдей ауыр тие ме?
Ауыт Мұқибек: Біріншіден, 10 сәуірдегі үкімет қаулысы азаматтық алу құқығын уақытша шектеді. Бұл — барлық қазаққа қойылған ортақ шектеу: әлемнің 40-тан астам елінде қазақтар тұрса, солардың бәріне. Бұл — бір. Екіншіден, пилоттық жобадағы мен айтып отырған критерийлерім де бәріне қойылған шектеу, сүзгі. Шынын айтқанда, осы сүзгінің өзі Конституцияға қайшы.
Пилоттық жобаның мақсаты, жағдайға қарап айтқанда, мынау: Қасым-Жомарт Кемелұлынан Сталин жасау, оны қазірдің өзінде жасап қойды. 6 миллион қазақтың құқығы шектеліп отыр, мұны басқа қалай түсіндіруге болады? Сондықтан амалсыздан осылай ашық хат жазуға тура келді.
Азаттық: Сіз бұған дейін дәл осы тақырыпта берген сұхбатыңызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғалардан бейхабар болуы мүмкін деген едіңіз. Әлі солай ойлайсыз ба?
Ауыт Мұқибек: Әлі солай ойлаймын. Бірақ ерте ме, кеш пе, бұл ақпарат президентке жетеді. "Дат" газетінде ашық хатым шықты, Құдай бұйыртса, оның президенттің алдына баратынына ешқандай күмәнім жоқ.