ПИЛОТТЫҚ ЖАҢА ЖОБА
Қазақстанға уақытша тұруға келгісі келетін ресейліктер ықтиярхат алу үшін қазақ тілінен В2 сертификаты керек екенін айтып жатыр. Олар ҚазТЕСТ сайтында шыққан "Сауалнамадан өту үшін В2 деңгейі керек. Өкінішке қарай, қазіргі деңгей белгіленген шектен төмен" деген скриншоттарды жариялады.
Қазақстандық "Лада" сайтының жазуынша, тестілеу ережесінде қайшылық бар, арнайы порталда қазақ тілін білу деңгейі В2-ден кем болмауы керек деп жазылған, ал ресми ережеде бастапқы А1 яғни қарапайым деңгей жеткілікті. Қазақстан шетелдіктерден келген елінен "кету парағын" әкелуді талап етеді, ал Ресей мұндай анықтаманы ешкімге бермейді. Бұдан бөлек үміткердің жасы, қаншалық сұранысқа ие маман екені және денсаулығы да бағаланады. Вадим Ермолаев деген адам Threads әлеуметтік желісінде ықтиярхат беруден бас тарту себебі түсініксіз дейді.
Азаттық "ықтиярхат үшін қазақ тілін білу В2 деңгейіне көтерілгені рас па?" деп ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство жауапты заңға сай бес күнде жолдауға уәде етті.
Биыл ақпанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ішкі істер министрлігі, ақпарат және мәдениет министрлігі ықтиярхат беру бойынша жаңа пилоттық жоба енгізген. Жобаға сай, уақытша тұру үшін қазақ тілінде тест тапсырып, қосымша құжаттар өткізу керек. Дегенмен тіл білуге қарапайым А1 деңгейі жеткілікті екені көрсетілген.
Бұл пилоттық жоба жарияланғанда Қытайдан келген қандастар да проблема туындағанына шағынған. Олар Қытайдан "сотталмаған" деген құжат алу қиын екенін, ал Қазақстан сол құжатты сұратып жатқанын айтқан. Пилоттық жобаға дейін Қазақстан бұған түсіністікпен қарап, Қытайдан келетін қандастардан бұл құжатты сұратпаған еді.
"Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы, саясаттанушы Дос Көшім мұндай талап Ресейде де барын айтады. Ол шетелдіктерге қойылатын талапты Қазақстанға келетін қазақ қандастарға қою дұрыс емес деп санайды.
– Қандастар қазақ тілін білмесе, тілді елге келген соң үйренуді бастауы керек. Мысалы, Қазақстанның немістері Германияға кеткенде неміс тілін көшіп барған соң оқыды. Мемлекет тіл үйренуге көмектесті. Сол сияқты біз де қандастар елге келген соң тіл үйрету – міндетіміз. Оларға мұндай талап қою ақылға сыймайды. Себебі олар қандас, осы елдің адамдары. Бұл жерде басқа талап болу керек. Қазақстанға келген қандастарға тілді біз оқытуымыз тиіс. Ал шетелдіктер өздері оқыса болады. Бұл – екі түрлі мәселе, екі түрлі бағыт, – дейді ол.
БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАНДАЙ?
Ресейде уақытша тұруға рұқсат алу үшін орыс тілін білу шарт. Орталық Азиядан баратын еңбек мигранттары да, олардың балалары да орыс тілін білуі шарт. Балалары орыс тілін білмесе мектепке қабылдануы қиын. Мәскеу кейінгі уақытта миграциялық саясатын барынша қатаңдатты. Денсаулыққа қатысты бірнеше анықтама сұралады. Олар – ВИЧ-инфекциясы, нашақорлық және қауіпті жұқпалы дертпен ауырмайтынын дәлелдейтін құжат.
Чехияда уақытша тұру құжатын алу үшін чех тілін білу міндетті емес. Мемлекет деңгейінде талап етілмейді. Жұмыс орнынан я оқу орнынан шақырту болса жеткілікті. Кейін Чехияға жұмысқа келген шетелдік мемлекет бөлген қаржыға чех тілін оқыса болады. Шетелдік тіл үйренуге өтініш берсе, үкімет А1, А2 және В1 деңгейінің курстарының ақысын төлеп береді.
Германияда ықтияр хат аларда елде не мақсатпен тұрып жатқаныңыз сұралады. Оқу, жұмыс не отбасы мәселесі деп көрсетуіңіз керек. Ресми нұсқаулықтарға сәйкес, өтініш берушінің жарамды паспорты, күнкөріске жететін табысы мен медициналық сақтандыруы болуы шарт. Кейбір жұмыс визасы мен оқуға арналған рұқсатта неміс тілінің А1 немесе одан жоғары деңгейі талап етілуі мүмкін. Алайда бұл мақсатқа байланысты әр қилы.
Жапонияда уақытша тұру Status of Residence жүйесі арқылы реттеледі. Негізгі шарт – қабылдаушы тараптың, яғни жұмыс беруші немесе оқу орнының болуы және Certificate of Eligibility (CoE) құжатын алу. Қолданыстағы заңнамада ыхтиярхат рәсімдеген кезде тіл емтиханы міндетті емес делінген. Бірақ іс жүзінде жұмыс беруші немесе оқу орны белгілі бір деңгейді талап етуі ықтимал. Сонымен қоса табыс көзі, қаржылық тұрақтылық пен мінез-құлқы тексеріледі.
Өзбекстанда кейінгі жылдары уақытша тұру ережелері мейлінше жеңілдеген. Бұл, әсіресе, инвесторларға жеңіл. 2025 жылдан бастап енгізілген жаңа ережеге сәйкес, 250 мың доллар көлемде инвестиция құйғандарға ықтиярхат 5 жылдық мерзімге жеңілдетілген тәртіппен беріледі. Мұнда да табыс көзі, қаржылық тұрақтылық пен соттылықтың жоғын дәлелдеу керек. Кейде денсаулығына байланысты деректер сұратылады. Уақытша тұруға рұқсат аларда өзбек тілін білу міндетті шарт ретінде көрсетілмеген. Бірақ азаматтық алу кезінде мұндай талап бар.
Түркия – әлемдегі экономикалық мүддені тілдік интеграциядан жоғары қоятын санаулы елдің бірі. Мұнда ықтиярхат алу үшін шетелдіктер тіл немесе тарих емтиханын тапсыруға міндетті емес. Негізгі талап – елде тұрудың заңды негіздемесі – жұмыс, оқу, отбасы немесе бизнестің болуы. Бұл мемлекетте ықтиярхатты жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы жылдам рәсімдеуге болады. Оның құны 200 мың доллар деп көрсетілген. Бірақ бұл бәріне ортақ шек емес, кейбір аймақ пен бағдарламада ғана қолданылады.