Accessibility links

Әшкерелеуші мақалалары үшін Әзербайжан билігі журналист Хадиджа Исмаилованы жақтырмайды. Оның Брюссельдегі мәжіліске видеоконференция арқылы қатысуына тосқауыл қоймақ болғандар әрекеті тілшінің өзін таңғалдырды.

Әзербайжандағы танымал журналистің бірі – Хадиджа Исмаилова талай мәрте қудалауға түсті, қоқан-лоқы көрді, оның елден шығуына тыйым салынды, интернетте оны қаралаған видеолар да таратылды. Ол саяси астары бар деген іс бойынша 17 ай түрмеге де отырып шықты.

Алайда ақпанның 6-сы күні Еуропарламент мәжілісіне видеоконференция арқылы қатысуына бөгет жасауға тырысушылар әрекеті оның өзі үшін де ерекше жаңалық болды.

Азаттық журналисі ретінде Исмаилова Брюссельде өткен Әзербайжандағы адам құқықтарына байланысты басқосуға шақырылды. Өткен жылы түрмеден шартты түрде босап шыққан оған елден шығуға тыйым салынған. Исмаилова бұл жиынға видеоконференция арқылы қатысқан.

Мәжілістің басталуына 20 минуттай қалғанда оның интернет байланысы кенеттен үзіледі. Арада бес минут өткенде тек оның үйінде ғана емес, қаланың ол тұратын бүкіл ауданында электр жарығы сөнеді.

Хадиджа Исмаилованың айтуынша, екі бірдей ұялы байланыс операторы жұмыс істемей қалған. Одан соң журналист үйінің қасына төбелерінде спутник тарелкалар орнатылған екі көлік келгенін байқайды. Мұнан соң ол Бакуден интернеті бар жер іздеп, таксимен жолға шығады.

Ол Брюссельдегі жұртқа "Қазір мен көлікпен қаланы аралап, ұялы телефон арқылы интернет антенналарын іздеп жүрмін. Сөзімнің орта тұсына келгенде байланыс үзіліп қалмас деп үміттенемін" деген хабар берген.

Өзінің айтуынша, Хадиджа шамамен 10 минуттай ғана сөйлей алған. Ол отырған такси тоннельге беттегенде сигнал үзіліп кетпес үшін үшін ол такси жүргізушісінен жақын жердегі жанармай бекетіне тоқтауды өтінеді. Такси тоқтаған бетте жандарына келіп жол полициясының үш көлігі мен жай киім киген офицерлер мінген екі көлік тоқтай қалған.

- Әлі сөйлеп бітпеген едім. Сөзімді аяқтау үшін жүргізушіге сыртқа шығып әңгімелес деп ымдадым. Ол сыртта сөйлесіп тұрғанда мен сөзімді бітіріп, сұрақтарға жауап бермекші болдым. Таксиде отырғанымда полицейлердің бірі рульге отырып, көлікті айыппұл салынған машиналар тұрағына алып кететінін айтты, - дейді Исмаилова.

Сәтін салғанда, Хадиджаның бір әріптесі жақын маңнан өтіп бара жатыр екен. Полицейлер оның шығуына рұқсат береді, әріптесінің көлігіне мінген Хадиджа Брюссельдегі мәжіліске қатысушылардың бір сұрағына жауап беріп үлгереді. Одан соң сигнал өшіп қалады да, қайта қосылуға мүмкіндік болмайды.

Өзінің айтуынша, оның телефон қызметі тек бір сағаттан соң қосылған. Брюссельдегі талқыға қатысқан Дария Мұстафаева Азаттыққа берген сұхбатында байланыстың «Исмаилова алғашқы сауалға жауап беріп біткен соң үзілгенін» айтты. «Шығыс әріптестік азаматтық қоғам форумының» атынан мәжіліске қатысқан Мұстафаева:

- Ешқандай полицейді, полиция машинасын не соған ұқсас көліктерді көрмедік. Біз үнемі жүріп бара жатқан көліктегі оның жүзін ғана көріп отырдық, содан соң байланыс үзілді, - деді.

«Шығыс әріптестік азаматтық қоғам форумы» – бұрынғы Совет Одағының алты мемлекетіндегі азаматтық ұйымдардың атынан Еуропа Одағында (ЕО) өкілдік ететін топ.

Бір қызығы, Исмаилова сөз сөйлеп жатқан тұста Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ЕО-мен жаңа әріптестік туралы келісімді талқылау үшін Брюссельде жүрген. Еуропа кеңесінің президенті Дональд Тускпен бірге баспасөз мәслихатын өткізген Ильхам Әлиев адам құқықтары мәселесін мүлде қозғаған жоқ. Ал Туск кездесу кезінде адам құқықтары мәселесін көтергенін айтып қалды.

- Мен адам құқықтары мен бостандықтарының, соның ішінде пікір білдіру бостандығының қаншалық маңызды екеніне тоқталдым, - деді Туск.

Мұнан соң Ильхам Әлиев Еуропарламент президенті Антонио Таджанимен келісілген кездесуді кейінге қалдырды. Мұның Хадиджа Исмаилова сөйлеген мәжіліске қатысы бар ма, жоқ па - ол жағы белгісіз.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (сол жақта) пен Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 6 ақпан 2017 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (сол жақта) пен Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер. Брюссель, 6 ақпан 2017 жыл.

Әзербайжанның коммуникация министрлігінен бұл туралы түсініктеме алу мүмкін болмады. Ресми органдар Азаттық сұрақтарына жауап берген жоқ.

Исмаилова 2014 жылдың желтоқсанында тұтқынға алынып, кейіннен «саяси астары бар» деп бағаланған іс бойынша жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылған еді. Көпшіліктің айтуынша, ол Әлиев пен оның отбасы туралы әшкерелеуші материал жазғаны үшін жазалы болған.

Оның әшкерелеуші материалдарының бірі - 134 миллион доллар қаржыға салынған 2012 жылғы Eurovision байқауы өткен концерт залы құрылысынан президент пен оның отбасы мүшелерінің қалай пайда тапқаны жайындағы мақала.

2016 жылы мамырда шартты түрде босап шыққалы ол Әзербайжандағы жемқорлықты сынайтын материалдарын тағы жаза бастаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG