Accessibility links

Балалар әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. Не істеу керек?

Жасөспірім түгіл балалардың TikTok-тан сағаттап видео көріп отыратыны үйреншікті көрініске айналды. Мамандар желілердің жас бойынша шектеу құралдары тиімсіз деп дабыл қаққалы көп болды. Кей елдер заңмен шектеу енгізіп жатыр. Негізгі сұрақтарға жауап іздедік.

Әлеуметтік желіге тәуелділік неден пайда болады?

Психолог Әсем Тәкішеваның айтуынша, әлеуметтік желі адамға қысқа бақыт гормонын береді, бала өмірден сол эмоцияны ала алмаған кезде оны желіден іздейді. "Оны көрген кезде солармен бірге қайғырамыз немесе қуанамыз, яғни эмоцияға берілеміз. Баланың өмірінде ондай эмоция болмаса, ол әлеуметтік желіге, телефонға, ойынға құмар болады", – дейді ол.

Баланың телефонға тәуелділігіне кім жауапты? Оны қалай бақылау керек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:35 0:00

Әсіресе өзіне "мен кіммін?", "қандаймын?", "құндылықтарым қандай?" деген сұрақтар қойып, тұлға болып қалыптасып келе жатқан жасөспірімге ата-анасынан эмоциялық жылу берілмесе, бала оның орнын желіге кіру арқылы толтырады.

– Отбасы мүшелері кешкі ас ішіп отырып, "Бүгін күнің қалай өтті?", "Қандай қызықтар болды, не көңіліңді түсірді?" деген сияқты сұрақтар қойып, балалармен ашық әңгімелеспесе, бала эмоциялық тұрғыда аш болады. Сол үшін телефонға кіреді, үнемі сол жерде отырады, – дейді Әсем Тәкішева.

Желіге тәуелділіктің алғашқы белгілері қандай?

Психолог сөзінше, әлеуметтік желі миды ынталандырып отырады. Бірақ ол процесс бақылаудан шықса, арты тәуелділікке әкеледі. Соңғы үш жылдан бері жасөспірімдермен жұмыс істеп келе жатқан маман желіге тәуелді баланың алғашқы белгісі қарапайым мазасыздықтан басталады дейді.

– Бала мазасызданып, тәбеті қашады. Содан кейін ұйқы бұзылады. Кейбір балалар невроз болып, киімін, тырнағын тістейді, кейбірі шашын жұлады. Кейбір балаларда депрессияға кіріп кеткендей болады. Олард алдымен түнгі 12-ге дейін, кейін бірге дейін, сосын үшке дейін ұйықтай алмайтын болады, кейде тіпті мүлде ұйқысы қашады. Ұйқысыздық терең депрессияға, апатияға алып келеді. Яғни, үйден шығып, жан-жағымен араласқысы келмейді, кейде социумнан қорқа бастайды. "Анау маған былай қарады", Анау дұрыс емес сұрақ қоюы мүмкін", "Мен олардан қорқамын" дей бастайды. Сосын сабаққа барғысы келмейді. Себебі сабақ оған қызық болмай қалады, оқып жатқан сабағы миына кірмейді. Адамның ұйқысы бұзылса, мидың құрылымы бұзылады. Одан соң кез келген видео, ол, жаңағы суицид ойларға жетелеуі мүмкін. Адам социумнан оқшауланса, оны шығарып алу өте қиын болады, , – дейді Әсем Тәкішева.

Қай жастан бастап баланың әлеуметтік желіні қолдануына рұқсат беру керек?

Оның "идеал" жасы мен уақыты жоқ, бәрі баланың даму ерекшелігіне байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бес жасқа дейін бала мүлдем телефоннан аулақ болуы керек дейді.

Мамандар денсаулық пен психикаға зиян келтірмеуге көмектесетін жалпыға бірдей нұсқаулық әзірлеген. Оған сәйкес, 2 жасқа дейінгі сәби жалпы экрандарды; телефон, планшет, теледидарды мүлде көрмегені дұрыс. Ары кетсе бейнеқоңырау арқылы алыстағы ата-әжесімен сөйлесуіне болады.

2–5 жас аралығында күніне жарты сағаттан бір сағатқа дейін пайдалануға болады, оның өзінде дамытатын және мейлінше тыныш контентті көргені абзал. Осы бір сағатта жанында ата-ананың бірі болғаны жөн.

6–12 жас аралығында оқудан бөлек, күніне 1–2 сағат қарауға болады, онда да арасында сыртқа шығып, тамақтанып не үй жұмысына араласып, үзіліс жасап отыру маңызды. Ұйқыға дейін бір сағат бұрын телефонды қолданбау маңызды.

Ал 13-18 жас аралығындағы жасөспірімдер оқудан тыс күніне 2–3 сағат пайдаланса, сол жеткілікті. Ұйқы мен тәуелділікті бақылау қажет.

Мамандар телефонды ұзақ уақыт қолда ұстау ұйқының бұзылуына, көздің нашарлауына, мазасыздық пен зейіннің төмендеуіне әкелетінін ескертеді. Ең маңызды ереже – тамақ ішкенде және ұйқы алдында телефонды қолданбау керек.

Қай елдерде балалардың әлеуметтік желіні қолдануына тыйым бар?

Дүниежүзілік балаларды қорғау ұйымы – ЮНИСЕФ-тің тұжырымы бойынша, осы күнге дейін әлеуметтік желі иелері өз платформаларын қолдануды шектеудің ережелерін өздері қабылдап келген, бірақ олар "жұмысты дұрыс реттей алмаған және өз ережелерін орындату тәртібі әлсіз болған". Ал АҚШ-тағы "Балалардың онлайн жеке өмірін қорғау" актісіндегі 13 жасқа дейінгі балалардың жеке мәліметтерін пайдалануға ата-анасынан рұқсат сұрау ережесі балаларды толық қорғай алмайды. Сондықтан әлемде желіні қолдану ережелерін шектеу ұсыныстары жиі айтыла бастады.

2026 жылғы наурыздағы мәліметі бойынша, әлемнің 36 елінде балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу туралы заңдар талқыланып, ұсынылып не қабылданып жатыр.

Мәселен, Аустралия әлемде алғаш болып былтыр 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды. Шектеу TikTok, YouTube, Instagram және Facebook сияқты платформаларды қамтиды. Малайзия да 2026 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік желілерге лицензия алуды қиындатты. Оған сәйкес, желі иелері пайдаланушылар жасын қатаң тексеріп, кәмелетке толмағандардың аккаунттарын жоюға міндеттелді. Францияда биыл қыркүйектен, яғни, жаңа оқу жылынан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуеметтік желіге тыйым салуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Еуропа одағы да осы жазда балалар мен жасөспірімдердің желілерді пайдалануына шектеу енгізуі мүмкін. Норвегия да 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасын 2026 жылдың соңына дейін парламентке енгізбек. Қазір осыған ұқсас заң жобалары Германия, Грекия, Дания, Норвегия және Словения парламенттерінде талқыланып жатыр.

Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіні қолдануына тыйым салына ма?

Қазақстан да 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салуды көздеп отыр. Тиісті заң жобасы талқыланып, қазір шектеу қою жолдары, жасөспірімдердің жасын тексеру механизмі жасалып, заң бұзған жағдайда қандай жаза қолданылатыны талқыланып жатыр.

Ірі технологиялық компаниялар платформаларының кәмелетке толмағандардың тәуелділігін тудырып, психологиялық проблемалараға әкелуі мүмкін дизайны үшін кейінгі жылдары көп сыналып келеді. Кей мемлекеттер сыннан әрекетке көшкен.

"Заң жобалары сараптамалық бағалаудан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылды. Оларды тиімді іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігімен және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын енгізу жоспарланып отыр", – дейді Қазақстан премьер-министрінің орынасары – мәдениет және ақпарат министрі. Аида Балаева.

Ата-ана не істеуі керек?

ЮНИСЕФ ата-анаға цифрлық сауатын арттырып, барлық жастағы баланың Интернетті қайда, қалай пайдаланатынын үнемі бақылап отыру туралы кеңес береді. Балалар Интернетті қауіпсіз мақсатқа ғана білімге, дүниені тануға және ойынға шектеп пайдалануы керек.

Зерттеушілер қадағалаудың екі жолын ұсынады.

Біріншісі — шектеу. Яғни баланың интернетті пайдалануының нақты шекарасы жасалады. Қатаң мерзімі болады, бала қауіпсіз контентті ғана шектеп пайдалана алуы үшін гаджеттерге арнайы шектеу қойылады.

Екіншісі — баламен ақылдаса отырып, Интернетті дұрыс мақсатқа пайдаланудың ережелерін бекіту, баланың Интернеттің қаупі туралы білімін жетілдіріп, одан соң не дұрыс, не дұрыс емес екенін өзі пайымдап, шешім қабылдауына белгілі бір еркіндік беру.

Басты бұлжымас шарттар: бала ұйқыға жатардан бір сағат бұрын гаджет пайдалануды тоқтату, үстел басында, әңгіме үстінде телефонды пайдаланбауды әдетке айналдыру, балаға үлгі болу, әлеуметтік желінінің зиянды, адамды тәуелді ететін жақтарын бірге талқылап, отбасында нақты ережелер орнату.



Айдар
XS
SM
MD
LG