Баян күн сайын үйде бәрінен ерте тұрады. Шай қояды. Шәйнек қайнағанша дастарқан жайып, үстелді тәттіге толтырады. Сосын балаларын бір-бірлеп бетінен сүйіп оятады.
– Жандарым менің, қайырлы таң, – дейді ол.
Баян үшін бес жыл бойы осы қарапайым күнделікті әрекеттің өзі арман болды. Ол 2021 жылдың жазынан бері Алматы облысындағы Жауғашты әйелдер колониясында жазасын өтеді. Сот оны азаматтық некедегі күйеуі Асқар Нұржақиевтің өліміне кінәлі деп танып, сегіз жылға соттаған. Биыл 25 қыркүйекте сот жазаның қалған бөлігін шартты жазаға ауыстырды.
Түрмеге алып кеткенде кенже ұлы әлі екі жасқа толмаған, емшектегі бала еді.
– Балаларымсыз бес жыл алты ай өмір сүрдім. Бұл мен үшін тозақпен бірдей болды. Балаларыңа қанша қол созсаң да, бәрібір жетпейді. Айналаң – тар қапас, тікенек сым, қабырға. Бала-шағаңды жылына бір рет көресің, – дейді Баян.
Түрмеге түскенде ол 34 жаста еді, қазір 40-қа таяп қалды.
"Адам үш күннен соң көрге де үйренеді"
Баян Асқармен некесін тіркетпестен он жылдай тұрды. Екеуінің төрт баласы дүниеге келді. Алматының Алатау ауданында пәтер жалдап тұрды. Өзі мешітте тазалықшы болып істеді.
Баянның айтуынша, күйеуі ішімдікке салынып, екі-үш айлап жоғалып кететін. Ата-енесі ұлын сұраса, "гастрольде жүр" деп жасыратын. Қайтып келгенде арақты біржола тастадым деп, намазға жығылатын.
– Мен оған қатты сенетінмін... Артынан тағы да араққа салынып кететін. Қанымды ішіп бітті, – дейді ол.
Өзінің айтуынша, күйеуі мас болып келген сайын ол полиция шақыруға мәжбүр болған: кейде аптасына төрт-бес рет, түн ортасында, таңға жуық шақырған кездері болыпты. Кейде пәтер иелері де шаршап: "Баян, бізге 102-ні шақыра беретін адамдар керек емес, басқа пәтер тауып көшші" деген кезі болған.
"Ондай күйеуден неге кетпедің?" деген сұраққа жауабы қарапайым:
– Адам үш күннен соң көрге де үйренеді дейді ғой. Мен де үйреніп кеттім. Бір жыл емес, он жыл бірге тұрдық. Арада балалар бар. Бала-шағамды тастағым келмеді.
Өлім болған кеш
2021 жылғы 25 шілде. Баян үшін бұл өмірінің ең ауыр сәті болды. Өзінің айтуынша, бәрі төрт жастағы қызы жылағаннан басталған. Бала ас үйдегі ағаш үстелге шыға алмай, жылап тұрған.
– Су ішкісі келді ме, тоңазытқыштағы қарбыздан жегісі келді ме, білмеймін. Әкесі баланы желкесінен күшік сияқты көтеріп апарып, диванға лақтырып жіберді. Бала диванның артына екі бүктеліп түсті. Бітті, балам кетті деп ойладым, – дейді ол.
Баянның айтуынша, содан кейін күйеуі телефонға таласқан екі қызын шапалақпен төсектен ұшырып түсірген. Қарындасын қорғамақ болған 12 жастағы ұлын есіктің маңдайшасына соғып, аузын басып тұншықтыра бастаған.
– Тұрайын десем, аяғымнан біреу тартып тұрған сияқты. Айқайлайын десем, даусым шықпайды. Бір кезде қайдан күш келгенін білмеймін, оқтаумен басынан соғып жібердім, – дейді Баян.
Күйеуі үйден шығып кетіп, екі сағаттан кейін мас болып келген. Асүйде қайта төбелес басталып, Асқар қолына пышақ алған. Баян пышақтың өткір жүзінен қысып ұстап алыпты. Алақанындағы тыртық әлі бар.
– "Бірінші сен өлесің, сосын мен өлемін" дейді. "Менің бес балам бар" деймін. "Балаларды үкімет өлтірмейді" дейді, – деп еске алады Баян.
Баянның айтуынша, ол пышақты терезеден лақтырып жіберген, сол кезде күйеуі сыртқа атып шыққан. Қан аққан қолын матамен таңып жатқанда қызы жүгіріп кіріп:
– Мама, әкемнің ішінен қан ағып, көшеге қашып кетті! – депті.
Баян жалаңаяқ көшеге жүгірді. Шамамен екі жүз метрдей жерде күйеуі екі бүктетіліп жатқанын көрді. Алдымен ол алдап жатыр деп ойлаған.
– Тартсам, ішін басып жатыр, қан ағып тұр. "Не істедің? Басымды бәлеге тықтың ғой" дедім. Сондағы айтқан жалғыз сөзі: "Сен мені кешір" деді.
Баян жедел жәрдем шақырады, күйеуін машинаға өз қолымен салып жібереді. Асқар Нұржақиев ауруханаға тірі жетіп, сол кеште көз жұмды. Ол 42 жаста еді.
"Тек қатаң жазаға лайық"
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2022 жылғы 2 ақпанда шығарған үкімде қасіретті кеш басқаша суреттелген. Соттың тұжырымы бойынша, жанжал ұялы телефонға таластан басталған, Баян күйеуін басқа әйелден қызғанып, арты төбелеске ұласқан. Сот келіншек күйеуінің кеудесінен асхана пышағымен екі рет ұрды деген қорытынды жасаған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сенсек, пышақ Асқар Нұржақиевтің сол жақ кеудесін тесіп өтіп, бауырды және жүрек жейдесін зақымдаған. Ол көп қан жоғалтқаннан көз жұмған. Үкімде марқұм "есіне келместен", кешкі сағат сегізден аса қалалық № 4 ауруханада жан тапсырғаны жазылған.
Үкімде Баянның өз сөзі де келтірілген. Сотта ол айыпты ішінара мойындаған: күйеуі тамағынан қылқындырғанда өзін қорғау үшін пышақ салғанын айтқан. Соттың жазуынша, ол "жасаған ісіне қатты өкінетінін айтып, балалары барын ескеріп, жеңіл жаза қолдануды сұраған".
Екі нұсқада да ортақ бір деталь бар. Үкімде де, Баянның Азаттыққа әңгімесінде де жараланған Асқар көшеде қансырап жатып әйелінен кешірім сұрайды. Сот үкімінде "сол жерде жәбірленуші өзінің дұрыс жасамағанын айтып, одан кешірім сұраған" делінген.
Сот Баянның өзін қорғауға мәжбүр болғаны туралы уәжіне сенбеді. Үкімде оның денесінен соққы ізі табылмағаны, ал күйеуінің бетінде сызаттар болғаны айтылады. Сондай-ақ сот тергеу кезінде Баянның басқаша айғақ бергенін атаған. Ол кезде ол күйеуі кешірім сұрап, құшақтамақ болып ұмтылғанда алдындағы пышақ денесіне "абайсызда" кіріп кетті деген.
Үкімнің ең ауыр жолдарының бірі мынау: "Сотталушы Б.Т.Кенганова жеке адамның өмір сүру құқығына қол сұғып, адамды ең қымбатынан айырып, жәбірленуші А.А.Нуржақиевтың өмірін қиғандықтан, ол тек қатаң жазаға лайықты".
Сот кішкентай бес баласы барын және істеген ісіне өкінетінін жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, Баян Кенгановаға Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша ең төменгі жаза – сегіз жыл бас бостандығынан айыруға кесті. Баянның айтуынша, апелляцияда үкім өзгеріссіз қалған.
Асқардың ағасы сотта інісі мен Баянның жиі жанжалдасып, "бір айрылысып, бір қосылып" жүргенін айтқан. Ол бес баланы ойлап, сотталушыға қоятын талабы жоқ екенін жеткізіп, жазаны соттың қарауына қалдырған.
Үкімнің соңғы бетінде айғақ заттарды не істейтіні жазылған. Ағаш сапты пышақ пен қанды киімдер "құндылығы жоқ болғандықтан" жойылуға тиіс. Баяннан алынған он мың теңге, бір жұп сырға және неке жүзігі туыстарына қайтарылған.
"Балаларың түнгі екі жарымға дейін есік алдында аңырап отырды"
Сол түннен Баянның есінде қалғаны – сұрақтар емес, балалары.
Полиция үсті-басы қан, кесілген қолы матамен таңылған Баянды кешкі алты жарымда алып кеткен. Өзінің айтуынша, сол сәтте басындағы орамалы түсіп қалған, маңдайы ісіп, беті домбығып кеткен.
– Ол кезде басқа бір әлемде жүрген сияқтымын. Біресе "күйеуің тірі" дейді, біресе "жерлеп қойдық" дейді. Миым айналып отырды, – дейді ол.
Кабинетте отырып ол "Менің бес балам қайда?" деп сұраумен болыпты.
Үйде қалғандардың үлкені – сол кеште қарындасын қорғаймын деп әкесі тұншықтыра жаздаған 12 жастағы ұлы. Кенжесі әлі екі жасқа толмаған.
– Кішкентай балам бір жас жеті айлық болып қалды. Емшекте еді, – дейді де, Баян ауыр күрсінеді.
Оны түнгі екі жарымға дейін ұстайды. Балаларының сол түнді қалай өткезгенін Баян кейін көршілерінен естіді.
– Көршілер "балаларың түнгі екі жарымға дейін есік алдында аңырап отырды ғой" деді, – дейді ол.
Сол түннен кейін Баян балаларын ұзақ уақыт көрмеді. Әрі қарай тергеу, сот, түрме. Сот материалдарына қарағанда, балалар алдымен марқұмның інісінің қолында болған, кейін балалар үйіне жіберілген. Баян оларды жылына бір рет қана көретін. .
"Ананы сұрасаң да, мынаны сұрасаң да – күйеуінен таяқ жеген"
Жауғаштыда Баян өзі сияқты әйелдерді көп көреді. Оның айтуынша, колониядағылардың біразы тұрмыстағы жанжалдан кейін сотталған.
– Ананы сұрасаң да "күйеуім" дейді, мынаны сұрасаң да "күйеуім" дейді. Бәрі бір сөзді қайталайды, – дейді ол.
Бір күні моншада кір жуып жүргенде қасындағы әйел одан басын қарап беруді өтініпті. Шашы ерте ағарған әйел еді.
– Қарасам, басы тұнған тыртық. Айырылып кеткен. "Басыңа не болды?" десем, "кезінде көкең шифермен жарған" дейді. Бірнеше күн комада жатыпты, – дейді Баян.
Баянның айтуынша, тағы бір әйел өз өміріндегі ең ауыр күнді айтып берген. Ол жалғыз өзі жұмыс істеп, асханада ыдыс жуып, отбасын асыраған. Арада үш жыл өткенде 10 жастағы қызы өгей әкесінің өзіне қиянат жасағанын айтып жылаған. Анасы алдымен сенбеген. Ауруханадан оралған күні күйеуін пышақтап өлтіріпті.
– "102-ні шақырдым, уақытында келмеді. Қолымда қызыма не істегенін дәлелдейтін қағаз тұр" дейді. Соған қарамастан оға да 99-бап берді, – дейді Баян.
Сотталушылар арасында жүкті кезінде соққы алып, түсік тастаған әйел де болған.
Тағдырлары ұқсас әйелдер түрмеде бір-біріне сырын айтып, мұңдас болған.
Баян өзі сияқты әйелдерге бір ғана кеңес береді.
– Әйел адам ондайға шыдамауы керек. Біз "бала-шаға үшін", "ұят болады, біз қазақпыз", "ертең ел-жұртқа өсек болады" деп шыдай береміз. Ең бірінші – өзіңнің және балаларыңның қауіпсіздігі. Шешесін көзінің алдында күнде ұрғанын көріп өскен бала қатыгез болмай ма? Ол ертең қоғамға қалай сіңеді? – дейді ол.
"Анамнан қайта туғандай болдым"
Баян Кенганованы шартты жазамен босату туралы сот отырысы 2026 жылғы 22 қыркүйекке белгіленген. Өзінің айтуынша, сол күні колонияда интернет болмай, отырыс 25-іне шегерілген. Сол үш күн оған үш жылдай болып көрінген.
Баянның айтуынша, сот оның кәмелетке толмаған бес баласы барын ескеріп, Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің заңгерін процеске арнайы шақырған. Сот одан: "Бұл кісіні босатсақ, балаларын алуға мүмкіндігі бар ма?" деп сұрайды. Заңгер алдымен Баянның басында баспана болуы керек, сонда ғана балалары қайтарылады деп нақты жауап қатады. Сот Баянды босатқанымен, баспанасы болмағандықтан ол балаларын қасына ала алмады.
Бұдан кейінгі оқиға адам сенгісіз деуге болады.
Оның балаларына жол ашқандар – адвокат Айман Омарова және әйелдер мен балалар құқығын қорғаушы Ләззат Рақышева. Баянның айтуынша, соттан шыққан күні Ләззат Рақышеваға қуаныштан дауысы дірілдеп хабарласқан. Дәл сол күні құқық қорғаушыға Қайрат есімді кісі хабарласып, мұқтаж отбасына үй бергісі келетінін айтқан. Ләззат Рақышева Баянды балалар үйіне өзі алып барады. Сөйтіп бес жылдан астам балалар үйінде тәрбиеленген балалар анасының қамқорлығына өтеді.
– Ең алдымен Аллаға шүкір. Сол кісілер себепкер болды. Алла разы болсын, – дейді Баян.
– Сол 25 қыркүйек мен үшін анамнан қайта туған күн болды. Ол күнгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді Баян.
"Балалар менің жолыммен жүрмесе екен"
Анасы түрмеде болған бес жылда балалары есейіп қалған. Үлкен ұлы 17-ге толды, қыздары бой түзеді. Үйге келген алғашқы күндері олар анасына жақындамай, жатбауыр болып жүрген.
– "Шай ішесің бе?" десем, "жоқ" дейді. "Қарның ашты ма?" десем, "жоқ" дейді. Үндемей тұра береді. Қазір біртіндеп ашылып келеді, – дейді ол.
Бірақ арада үзіліп қалған бес жылдың орны үңірейіп тұрады. Баянды бір сұрақ мазалайды: балалары оған бұрынғыдай жақын бола ала ма, ішкі сырын айта ма?
– Олар да мені сағынды ғой. Қатты қиналғанда кіммен бөлісті екен, соны білмеймін, – дейді ол.
Түрмеде отырғанда ол бір көріністі жиі есіне алатын. Қалтасында ақша болмаса, балаларын ертіп, Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына кептерге бидай беруге баратын.
– "Шіркін, енді барсам, елу келі бидайды қапқа салып апарамын. Бүкіл Қазақстанның кептерін тойдырамын" деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ең бақытты күндерім сол екен, – дейді ол.
Баян алда не күтіп тұрғанын білмейді. Қазір бір ғана тілегі бар.
– Мен қазір өте бақытты анамын. Бес баламды аяққа тұрғызсам деймін. Тек бұлар менің өткен өмірімді қайталамаса екен. Менің жүрген жолыммен жүрмесе екен.