Қазақстанда Қылмыстық кодекстің көрінеу жалған ақпарат тарату туралы 274-бабын декриминализациялау немесе жұмсарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Искаков айтты деп жазды ҚазТАГ.
"Министрлік (Қылмыстық кодекстің көрінеу жалған ақпарат тарату туралы 274-бабын) декриминализациялау мәселесін қарастырып жатыр және бұл мүмкін нәрсе деп санайды", деген Искаков 8 сәуір күні Мәжіліс үйінде ҚазТАГ тілшісіне.
Вице-министрдің сөзінше, түпкілікті шешім тек министрлікке емес, бүкіл үкімет мүшелерінің ортақ ұстанымына байланысты болмақ.
"Сондықтан Қылмыстық кодекстің 274-бабын ішінара либерализациялау туралы бұл мәселе бойынша қазір әріптестермен бірге жұмыс тәртібінде кеңесулер жүргізіп жатырмыз", деген ол.
Қылмыстық кодекстегі 274-бап Қазақстанда әлеуметтік желідегі жазбалар мен жарияланымдарға қатысты жиі қолданылатын нормалардың бірі саналады. Кейінгі кезде қоғамда бұл бапты сөз еркіндігінің жай-күйіне ықпал ететін тетік ретінде қайта қарау қажет деген пікірлер күшейген еді.
Жақында оннан астам қазақстандық журналист ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Қылмыстық кодекстен 274-бапты ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") алып тастауды сұрады. Олар бұл бап "журналистерге қысым жасау құралы ретінде жиі қолданылатынын" айтқан.
Қазір елде осы бап бойынша істі болып жатқан бірнеше адам бар – журналистер Ботагөз Омарова ("Айтпа, Ботагөз" телеграм арнасы), Гүлнар Бажкенова (Orda.kz сайтының бас редакторы), Әмір Қасенов (ҚазТАГ агенттігінің редакторы), қоғам белсендісі Санжар Боқаев (оған "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды" деген де айып тағылған), блогер Дәулетхан Молдахан.
7 сәуірде Бас прокуратура жариялаған ресми хабарламасында "цифрлық қауесет" таратуды қоғам үшін елеулі қауіптің бірі ретінде атап, әлеуметтік желілердегі "құқыққа қайшы жарияланымдар" авторлары анонимді болып қала алмайтынын, интернеттегі заңға қайшы жазбалар мен пікірлер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылатынын ескерткен.
Былтыр желтоқсанда қазақстандық заңгерлер мен журналистер тобы Қылмыстық кодекстегі "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын әкімшілік кодекске көшіріп, ізгілендіруді талап етіп петиция жариялаған.
"Қылмыстық кодекстің 274-бабы қазіргі уақытта сөз еркіндігін тікелей шектейтін, қоғамдық сынды тұншықтыратын және журналистер мен белсенділерді қылмыстық қудалау қаупін туғызатын құрал болып отыр. Жалған ақпаратпен күресу мақсатына қарамастан, іс жүзінде бұл бап шамадан тыс саясиландырылған және әлеуметтік желідегі мәлімдемелері, ақпарат құралдарындағы сыни материалдары үшін қолданылады" делінген петицияда.
Батыстың құқық қорғау ұйымдары, халықаралық медиақауымдастық Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі 274-бапты сөз еркіндігін шектеу құралына жатқызады. Олар бұл баптың анықтамалары жалпылама және "көрінеу жалған ақпарат" деген түсінік нақты емес, бұл — сот пен құқық органдарына айыптауда тым кең еркіндік береді деп санайды. Мысалы, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы жалған ақпаратты жариялау, тарату деген бап сөз еркіндігіне қауіп төндіретін бап деп атаған. Ұйым сарапшылары Қазақстанда билікті сынаушыларға қарсы осындай заң талабы мен бұлыңғыр қылмыстық айыптауды қолдану қалыпты жағдайға айналып кетті деп санайды.
Қазақстан билігі елде сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына кепілдік берілгенін, елде цензураға тыйым салынғанын, сонымен бірге заң талабына сай, ешкімнің ар-абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға, жала жабуға жол берілмейтінін айтады.