Қазақстандық Жазылбек Әжіғалиев бауырымен бірге нәпақа табу үшін былтыр желтоқсан айының басында Мәскеуге барған. Қаңтар айында оны ресейлік полиция ұстап, ұрып-соғып, соғысқа баруға көндіруге тырысқан деп жазды оралдық азаматтық белсенді Маруа Ескендірованың сөзіне сүйенген "Уральская неделя" басылымы.
Бұған дейін белсенді бауырының Мәскеуде жоғалып кеткенін айтқан. Ізінше құқық қорғаушылардың көмегімен табылғанын хабарлады.
Маруа Ескендірованың сөзінше, желтоқсан басында үш баланың әкесі Жазылбек Әжіғалиев ақша табу үшін бауырымен бірге Мәскеуге барған. Сол жақта клиникаға медицина қызметкері ретінде орналасып, тіркеуге өтініш берген. Биыл 18 қаңтарда оған көші-қон қызметінен хабарласып, құжаттарын алып кетуді сұраған. Ертесінде Әжіғалиев көші-қон қызметіне барған кезде ресейлік полицейлер келіп, басына қара қап кигізіп, электрошокер қолданып, ұстап алып кеткен.
"Оны учаскеге әкеліп, қатты ұрып-соға бастаған. Үш күн ұрып-соғып, электрошокермен азаптаған" деді Маруа Ескендірова.
Бауырының сөзіне сүйенген Ескендірованың сөзінше, осы уақыт аралығында Әжіғалиевке әскери комиссариат қызметкерлері үш рет келіп, соғысқа баруға көндіруге тырысқан, келісімшартқа қол қойдыруға мәжбүрлеген.
"Өлтірсеңдер де, мейлі, қол қоймаймын" деп Әжіғалиев Қазақстанға өзін депортациялауды талап еткен. 21 қаңтарға қараған түні оны депортациялаған – Алматыға баратын ұшаққа отырғызып жіберген. Бұған қоса, бес жылға Ресейге баруға тыйым салған. Басылымның жазуынша, қазір туыстары Қазақстанның мемлекеттік органдарынан ресейлік полицияның әрекетіне реакция білдіруді сұрап отыр.
Қазақстанның құқық қорғау органдары әзірге оқиғаға реакция білдірмеді.
"Бауырым қатты қорқып қалған. Ешқандай арыз жазғысы келмейді. Мен өзім не үшін шу көтеріп отырмын. Себебі Қазақстаннан Ресейге барамын дейтіндер бар. Солар ойлансын деген ниетпен айтып отырмын. Жазықтан-жазықсыз бір адамды осылай ұрып-соғып азаптаса, ертеңгі күні басқаларды да үйтпейтініне кепілдік жоқ" дейді Маруа Ескендірова 23 қаңтарда Азаттық тілшісіне.
Ресейге барған Орталық Азия елдерінің азаматтары өздерін соғысқа баруға мәжбүрлегені жөнінде жиі шағымданады. Журналистер Ресей әскері, әсіресе тілдік кедергінің төмендігі мен көрші елдердегі орыстардың көптігін, сондай-ақ Ресейдегі мигранттардың көптігін ескере отырып, соғысқа көбіне постсоветтік республика аумағынан адамдарды көбірек тартатынын жазған. Орталық Азия елдерінің билігі мұндай шағымдарға жылдам реакция білдірмейді.
Былтыр "Медиазона" Қазақстанда бір жылда Украинада Ресей әскері қатарында соғысқандарға қарсы 700 қылмыстық іс қозғалғанын, бұл рекордтық көрсеткіш деп жазған.
Қазақстан ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы соғысында бейтарап ұстанымда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тараптарды келіссөзге шақырып, соғыста араағайын болуға дайын екендігін айтып келеді.