Ресейдің Амур облысында апатқа ұшыраған Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшағында сегіз адам болған, бәрі қаза тапқан. Олардың тізімін "Медиазона" және The Insider басылымдары жариялады. Бұған дейін Ресейдің қорғаныс министрлігі ұшақ апатынан алты адам опат болғанын хабарлаған еді.
Қаза тапқандардың аты-жөні Амур облысы Мазанов ауданының басшысы Михаил Пивен мен Украинка стратегиялық авиация базасы орналасқан Серышево ауылындағы "Сельские новости" паблигі ресейлік әскери қызметшілердің фотосуретін жариялағаннан кейін белгілі болды. "Медиазона" сегіз офицердің бәрі стратегиялық авиацияда қызмет еткенін растады.
Осылардың ішіндегі үш офицердің аты-жөні Ресей әскери күштері жасаған соғыс қылмыстары туралы ақпарат жинайтын Украинаның "Жендеттер кітабы" дерекқорында аталған. Онда майорлар Андрей Лобанов пен Андрей Герасимов әскери шабуылдарға қатысқаны айтылған, ал подполковник Федор Павлюков әскери тапсырмалар орындайтын ұшқыштарды дайындауға жауапты болған және бөлімшені тікелей басқарған делінеді.
29 қыркүйекте Ресейдің Ту-95МС әскери бомбалаушы ұшағы Красноярово ауылы маңында апатқа ұшыраған. Қорғаныс министрлігі апат жаттығу кезінде болған деген ақпарат таратқан. Оқ-дәрісіз ұшқан әскери ұшақ елсіз аймақта құлаған деп хабарлаған.
Ту-95 – ресейлік стратегиялық турбовинтті бомбалаушы ұшақ. Мұндай ұшақтар ондаған жылдардан бері қызмет етіп келеді. Ресей аэроғарыш күштерінде әлі күнге дейін осы тәрізді бірнеше ондаған ұшақ бар, олардың бірнешеуін соғыс барысында Украина күштері жойған.