Accessibility links

Барак Обама Ауғанстанға қатысты жаңа стратегия қолдануға бетбұрыс жасады


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.

Президент Барак Обама АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістанға қатысты жаңа стратегиясын таяу арада жарияламақшы. Обаманың мәлімдеуінше, Ауғанстандағы АҚШ бастаған миссияны аяқтау үшін АҚШ-тың “әскерді шығару стратегиясы” болуы тиіс.

Президент Барак Обама жаңа стратегияның әскери, экономикалық және дипломатиялық тараулары бар деп атап көрсетті. Ол сондай-ақ Ауғанстанға қосымша күштер жіберу туралы мәселені қамтуы тиіс деді Обама.

Оның айтуынша, Ауғанстандағы АҚШ бастаған миссияны аяқтау үшін Вашингтонның “әскерді шығару стратегиясы” болатын жаңа жоспар бойынша Пәкістанға да назар аударылуы керек.

Бұл туралы Обама жексенбі күні АҚШ телеарнасының “60 минут” бағдарламасына берген сұхбатында хабарлады.

“Ауғанстандағы соғысты жалғыз әскери күш жеңіспен аяқтай алады деп ойламауымыз керек, яғни тек әскери мәселемен ғана проблемаларымызды шеше алмаймыз. Сондықтан біз барлық жақты қамтитын стратегияны әзірлеп жатырмыз. Оның ішінде әскерді шығару стратегиясы да болуға тиіс”, - деді Обама.

АҚШ президенті осы аптада Ауғанстандағы бүлікшілермен күреске қатысты өз әкімшілігінің стратегиясын жариялайды деп күтілуде.

Президенттің азаматтық және әскери кеңесшілері аймақтағы АҚШ әрекеттері басты мақсатты көздеуі тиіс деген ұсыныс айтты. Обаманың мәлімдеуінше, сол мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар өзгерістерді жүзеге асыру қажет.

“АҚШ пен оның мүддесіне және одақтастарына Әл-қаиданың шабуыл жасауына жол берілмеуі тиіс. Бұл біздің ең басты мақсатымыз. Оған қол жеткізу үшін бірқатар шараларды қолға алуымыз керек. Ауғанстанда экономикалық мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек, сондай-ақ, Пәкістанмен арадағы дипломатиялық іс-қимылдарымызды жақсартуымыз керек болады. Аймақтағы дипломатиялық әрекеттерді көбейту қажет. Одақтастарымызбен ынтымақтастығымыз тиімді болуы тиіс. Бірақ 11-ші қыркүйек оқиғасынан кейінгі біздің негізгі миссиямыздан айырылмауымыз керек”, - деді Барак Обама.

Ауғанстан мен Пәкістандағы Обаманың арнайы өкілі Ричард Холбрук бірнеше айдан бері жаңа стратегияны әзірлеуге көмектесіп жатыр.

Сенбі күні Холбрук жоспар жобасы Ауғанстанның ұлттық полиция қызметкерлерінің санын айтарлықтай өсіруге шақырады деп мәлімдеді. Холбруктың түсіндіруінше, Буш әкімшілігі алдағы 3-4 жыл ішінде ауған ұлттық полициясының санын көбейтіп, шамамен 82 мыңға жеткізу туралы болжам жасаған.

“Бізбен сөйлескен барлық адамдар, яғни ауғандықтар мен бүлікшілер бойынша сарапшылар, үкімет пен ауған әскерилері бұл сан жеткілікті емес деп келісті. Сондықтан біз ауған үкіметіндегі одақтастарымызбен және достарымызбен бірге полиция санын айтарлықтай көбейту жолдарын қарастырудамыз. Бірақ қазір полиция мықты емес. Ол қауіпсіздік күшінің ең әлсіз бөлігі боп табылады. Сондықтан біз олардың санын көбейтіп, жергілікті полицияны күшейтуіміз керек”, - дейді Холбрук.

Стратегия жобасында Пәкістан мен Ауғанстан шекарасындағы экстремисттермен күресуге қатысты ынтымақтасты нығайту үшін Пәкістанға әскери көмек көрсету жөніндегі шақырулар айтылған. Сонымен қатар, жобада Пәкістан мен АҚШ және Ауғанстан арасында барлау қызметтерінің мәліметтерімен көбірек бөлісу мәселесі қарастырылған.

НАТО-ға мүше 26 елдің елшілерін АҚШ-тың жаңа стратегиясымен таныстырып болған соң Холбрук дүйсенбі күні Брюсселде НАТО бас хатшысы Яап де Хооп Схеффермен кездесті.
XS
SM
MD
LG