Accessibility links

Ауғанстан АҚШ-тың осы аймақтағы саясатын қайта қарауына қатыстырылатын болды


Ауған президенті Хамид Қарзай (оң жақта) мен АҚШ-тың арнайы елшісі Ричард Холбрук бірлесе өткізген баспасөз мәслихатында,15 ақпан 2009
Ауған президенті Хамид Қарзай (оң жақта) мен АҚШ-тың арнайы елшісі Ричард Холбрук бірлесе өткізген баспасөз мәслихатында,15 ақпан 2009

Жексенбі күні АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан бойынша жаңа елшісі Ричард Холбрук Ауғанстанға сапарын аяқтады. Холбруктың Ауғанстанға сапары Кабул мен Вашингтон арасында талибан бүлікшілеріне қарсы күреске қатысты күрделі қарым-қатынас орнаған шақта болды.

Жексенбі күні Ауғанстан астанасында бірлесе өткізген баспасөз мәслихатында президент Хамид Қарзай мен АҚШ елшісі Ричард Холбрук АҚШ билігінің террормен соғысын қайта қарап, бағалайтын шараға Ауғанстан қатысатындығын мәлімдеді.

Президент Барак Обама АҚШ-тың террормен соғыс деп, талибан режимін құлатқаннан бергі жеті жылда Ауғанстанда исламшыл экстремизм басылмай отырғанына байланысты Американың бұл аймақтағы стратегиялық саясатын қайта қарауды тапсырған болатын.

Ауған президенті Хамид Қарзай АҚШ-тың стратегиялық қайта қарауына Ауғанстан қатысса деген өз ұсынысын президент Барак Обама қабылдағанына алғысын жеткізді.

“Мен елші Холбрук арқылы президент Обаманың жолдауын алдым. Президент Барак Обаманың менің АҚШ-тың стратегиялық қайта қарау шарасына қатыссақ деген ұсынысымды қабылдағанына үлкен алғысымды білдірем”.

Ричард Холбруктың Ауғанстанға 4 күндік сапары АҚШ-тың жаңа әкімшілігі мен Қарзай үкіметі арасындағы алғашқы байланыс болды.

Осыған дейін Обама Қарзай үкіметін сынап, олар өздерін ауған халқынан тым алшақ ұстап отыр деген. Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон Ауғанстан елін "есірткі мемлекеті" деп атап, Хамид Қарзай оны жоққа шығарған.

Бейсенбі күні кешкісін Кабулға жеткен Холбрук болса, өзінің Ауғанстанға сапары бұл елдегі террормен күресте Американың міндеттемесін қайта нақтылау екенін айтқан.

“Біздің бұл сапарымыз президент Барак Обаманың, мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон мен жаңа әкімшіліктің атынан Ауғанстанда талибан мен әл-Қаидаға қарсы күресте Американың міндеттемесін тағы бір қайталауға арналып отыр. Біз мұнда сіздердің көзқарастарыңызды естіп-білуге келдік”-деді Холбрук

АҚШ елшісі өзінің сапары барысында үкімет мүшелерімен, оппозициялық саясаткерлер, ауған парламентінің және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді.

Ричард Холбрук өзі мен оның тобы енді Ауғанстанға жиірек келіп, АҚШ өкілі ретінде жаңа президент пен Вашингтон саясатының жалғасуына қолдау танытып, екі елдің бірлескен күш-жігерін қалай жақсартуға болатынын қарастырамыз деді.

Кабулға сапары алдында Холбрук өзінің Ауғанстан ұзақ та қиын күрес жүргізіп жатыр деп білетінін айтып, бұл елдегі жағдай Ирақтан да қиын деген еді.

Осы айдың басында Германияның Мюнхен қаласында өткен халықаралық қауіпсіздік конференциясында Холбрук Ауғанстандағы жағдайды жақсарту үшін басқа жағынан келу керек деп, Ауғанстанның көршісі Пәкістанның бұл елге бейбітшілік пен тұрақтылық әкелуде атқаратын рөлі маңызды екенін алға тартқан.

Вашингтондағы жаңа әкімшілік Ауғанстандағы мақсат-мүдделерін қайта бағалап, стратегиялық саясаттарына шолу жасайтындықтарын айтып отыр.

Жақын күндері Обама әкімшілігі Ауғанстанға қосымша 25 мың әскер жібере ме жоқ па, соны шешетін болады.
XS
SM
MD
LG