Accessibility links

Бас прокуратура Нығматулиндерге қатысты тергеу бойынша түсініктеме берді


Бас прокуратура ғимараты.
Бас прокуратура ғимараты.

Қазақстан бас прокуратурасы мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің жақын туыстарына қатысты қылмыстық істердің барысы туралы хабарлады.

“Нұрлан [Нығматулиннің] ұлы мен Ерлан Зайруллаұлына қатысты арыз түскен, қазіргі кезде қаралып жатыр. Қандай да бір нәрсе айту әзірге ерте. Арғын Нығматулинге қатысты – иә, істі бас прокуратура бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қарап жатыр. Осыған дейін Қарағанды облысының хоккей клубына бөлінген қаражат деп айттым. Оған халықаралық іздеу жарияланған. Оның жүрген жерін анықтағаннан кейін оны экстрадициялау мәселесі қаралады” деді бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев 10 сәуірде журналистерге.

Жуырда ақпарат құралдары мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қарсы қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін жазған еді. Оның алдында кәсіпкер Қанат Амиркин Нұржан Нұрлановты өзінен "Алатаудорстрой" компаниясын тартып алып, ақша бопсалады деп айыптаған. Кәсіпкердің өзі 1 сәуірде ҚазТАГ агентігіне тергеу жүріп жатқанын растаған.

Мәжілістің экс-спикерінің ұлы Нұржан Нұрланов Қаңтар оқиғасына дейін 2019 жылдың ақпан айынан бері "ҚазМұнайГаз-Аэро" компаниясының бас директоры болған. Ол бұл қызметтен 2022 жылы мамырда кетті. 2014 жылдың ортасында нарықта пайда болған "Қазмұнайгаз-Аэро" үкімет қаулысымен қарулы күштер мен ҰҚК шекара қызметіне, ұлттық гвардияға, төтенше жағдай министрлігіне бензин, дизель, мазут, авиация отынын тасымалдайтын бірыңғай оператор ретінде бекітілген еді.

"ҚазМұнайГаз-Аэроға" дейін Нұрланов 2018 жылдың қаңтарынан бері "Бәйтерек" ұлттық холдингі басқармасының мүшесі болды. Ол бұдан да басқа лауазымды орындарда отырған.

Нұржан Нұрлановтың өзі бұған дейін өзіне қатысты шыққан ақпараттарға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Оның қазір қайда екені белгісіз. Жуырда оппозициялық "Бәсе" арнасы оның Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Дубайда тұрып жатқанын жазған.

Наурыздың басында мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланғанын Қазақстан бас прокуратурасы растаған.

69 жастағы Арғын Нығматулин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығын", ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған. Былтыр клуб мемлекет балансына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.

Арғын – ағайынды Нығматулиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.

XS
SM
MD
LG