Accessibility links

Бас прокуратура Құрылтай сайлауы қарсаңында халыққа үндеу жасады

21 тамызда Қазақстанның Бас прокуратурасы Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында халыққа сайлау заңдылығын сақтауға байланысты үндеу жасады .

Бас прокуратура қазірге дейін сайлау заңын бұзудың 8 фактісін тіркегенін хабарлады, оның үшеуі сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуға және бесеуі – тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу бойынша. Жеті жеке азамат және бір заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған.

"Олардың барлығы кінәсін мойындады, әрекеттеріне өкінді және онлайн-платформалардағы заңсыз жарияланымдарын жойды" деп хабарлады прокуратура.

Қазақстанның сайлау туралы заңына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2026 жылғы 22 тамызда, сағат 00:00-де аяқталған соң, сайлауға дауыс беру күні және оның алдындағы күнi, яғни тамыздың 22-і мен 23-і күндері кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады.

"Бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын және интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Алайда бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді" деп хабарлады прокуратура.

Сондай-ақ заңдылықты қадағалаушы орган дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фото/видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салынатынын ескертті.

Қазақстанда биыл шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сай, бұрынғы екі палаталы парламенттің орнына келетін жаңа бір палаталы заң шығарушы жоғарғы мемлекеттік орган Құрылтайға депутаттар сайлау 23 тамызға белгіленген. Құрылтайдағы 145 орын үшін елдегі ресми тіркелген жеті саяси партиядан жиынтығы 545 кандидат бәсеке жарыстырып жатыр. Құрылтай депутаты партиялық тізімдер бойынша ғана сайланады; бұрынғыдай депутаттыққа өзін-өзі ұсыну болмайды.

ОСК мәліметінше, Құрылтай сайлауын бақылауға 42 мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан барлығы 777 байқаушы тіркелген. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ТМД парламентаралық ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ 41 елден келетін 138 парламент депутаты бар.

Осы аптаның басында қазақстандық және халықаралық 10 құқық қорғау ұйымы Құрылтай сайлау қарсаңда елде тәуелсіз журналистерге қылмыстық іс ашу, сотқа тартып, жүріп-тұруын шектеу көбейгенін мәлімдеп, билікті сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігі жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтауға шақырған. Қазақстанның вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау алдында журналистерге қысым жасалып жатқан жоқ деп мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG